- Блогтар
- Төреғалиев Н.
Төреғалиев Н.
Батыс Қазақстан облысының әкімі
ҰЖЫМДЫҚ ИМУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРМАҒАН МЕКЕМЕ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ
Енді мониторингтік топтар облыстағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарын, серіктестіктерді тексеріп, ұжымның 60 пайызының екпе алғанын қадағалайды. Егер сол нысанда ұжымдық иммунитет қалыптаспаса, онда мекемеге ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 425-бабына сәйкес айыппұл салынады. Әкімшілік айыппұл көлеміне тоқталсақ, шағын кәсіпкерлік нысаны 670 910 теңге, орта кәсіпкерлік нысаны 904 270 теңге, ал ірі кәсіпкерлік нысаны 4 667 200 теңге төлейтін болады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында айтылды.
- Көршілес Ресейде эпидемиологиялық ахуал өте күрделі. Айта кетсек, Батыс Қазақстан облысымен шектесетін Самара облысында соңғы тәулікте 915, Волгоградта - 382, Орынборда - 399, Саратовта 408 адамнан коронавирус анықталған. Соған орай мемлекеттік шекарадағы санитарлық-карантиндік бекеттің жұмысы күшейтілді. 12 эпидемиолог тәулік бойы жұмыс істеуде. 1 қазаннан бері облыс аумағындағы мемлекеттік шекарадан 673 жолаушы ПТР анықтамасыз өтпек болды. Олардан сынама алынып, біреуінен індет анықталды. Ал халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 1946 жүргізушінің үшеуі коронавирус жұқтырған болып шықты. 1 қазаннан бері облыста 917 адам КВИ жұқтырған. Білім беру нысандарына тоқталсақ, осы айда 41 мұғалім мен 173 оқушы індетке шалдыққан. Тоғыз мектептегі 11 сынып карантинге жабылды. Қазір облыста жедел респираторлы вирустық инфекция, тұмау өршіп тұр. Тұмауға қарсы 37 366 тұрғын «Гриппол+» екпесімен егілді. Айта кететін мәселе, коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары облыста баяу жүріп жатыр. Вакцинаның бірінші құрамымен өңірдің 414 390 тұрғыны егілуі тиіс еді. Бірақ 229 мың тұрғын ғана егілді. Соған орай індеттің алдын алу мақсатында ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 425-бабына өзгеріс енгізілді. Мониторингтік топ мүшелері облыстағы кәсіпкерлік нысандары мен мемлекеттік мекеме, серіктестік қызметкерлерінің екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптастырғанын тексереді. Содан соң олар іс материалдарын бізге, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолдайды.
Вакцина алмаған қызметкерлер жұмыста жүрсе, екпе алуға уақыт береміз. Егер сол қызметкер себепсіз екпе алмаса, апта сайын ПТР тапсырмаса, мекемеге айыппұл салынады. Облыста 167 мониторингтік топ бар, - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің айтуынша, облыста 16 инфекциялық стационар бар. Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында 247, реанимацияда 24 науқас ем қабылдауда. Жансақтау бөліміндегі 23 науқастың жағдайы ауыр болса, біреуі өте ауыр хәлде. Биыл жыл басынан бері КВИ-дан 628 науқас қайтыс болған.
- Жұқпалы аурулар ауруханасына түскен науқастар былтыр орташа есеппен 10 күн ем қабылдаса, қазір кемі 14-21 күн емделеді. Науқасты емдеу мерзімі ұзарды. Соңғы екі аптада індет жұқтыру дерегі 18,4% - ға төмендеді. Десе де қауіп әлі сейілмей тұр. Коронавирус өкпені тез зақымдайды. Салдарына тоқталсақ, науқастардың басы ауырып, иіс, дәм сезбейді. Күйзеліске ұшырап, неврологиялық сырқаттар мазалауы мүмкін. Сондай-ақ өкпесінде фиброз пайда болып, тірек-қимыл аппараты бұзылады. Бүйрек пен жүректің де қызметі бұзылады, - деді Арман Талғатұлы.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев санитарлық-эпидемиологиялық іс-шараларды сала мамандарына күшейтуді тапсырды.
- Кеше облыс делегациясы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Башқұртстанға барып қайтты. Сол елдің азаматтары сатылымда, яғни облыстағы дәріханаларда қанша ИВЛ, оттегі баллондары болса, барлығын сатып алғысы келетін айтуда. Егер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамасақ, коронавирустың жаңа толқыны өңірімізде де таралуы мүмкін. Өйткені облыс аумағындағы мемлекеттік шекарадан 1500-дей жолаушы өтеді. Сондықтан тұрғындар карантиндік талапты сақтап, екпе алулары қажет. Бүгіннен бастап облыстағы мониторингтік топтар мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарын тексереді. Ұжымның кем дегенде 60 пайызы вакцина қабылдауы керек. Егер ол көрсеткіштен төмен болса, аталмыш нысанға айыппұл салынады. Ұжымдық иммунитет қалыптастырып, індетке тосқауыл қоюымыз керек, - деді Ғали Нәжімеденұлы.
- 21.10.2021
- 210