- Блогтар
- Сәрпеков Р.Қ.
Сәрпеков Р.Қ.
«Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК директоры
Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институтында Қазақстан Республикасының кредиттік серіктестіктер туралы заңнамасының тиімділігін талдау нәтижелерін талқылау бойынша сараптамалық кездесу
Ағымдағы жылғы 5 қазанда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК-да (бұдан әрі-Институт) Қазақстан Республикасының кредиттік серіктестіктер туралы заңнамасының тиімділігін талдау нәтижелерін талқылау бойынша кезекті сараптамалық кездесу өтті.
Кездесу жұмысына Әділет министрлігінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, Агроөнеркәсіптік кешеннің кредиттік серіктестіктері қауымдастығының, Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығының және басқа да мүдделі мекемелердің өкілдері қатысты.
Сараптамалық кездесудің модераторы Институт директорының орынбасары Р.М. Джангарашев болды. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнама департаменті директорының орынбасары А.Е. Балықбаев кіріспе сөз сөйледі. Сарапшылар қауымдастығынан спикерлер: Институттың заңнама тиімділігін талдау бөлімінің бас ғылыми қызметкері: з.ғ.к., профессор Климкин С.И., және Агроөнеркәсіптік кешеннің кредиттік серіктестіктері қауымдастығының төрайымы Сағатова А.С. сөз сөйледі.
Іс-шараның мақсаты оның қатысушыларынан-жетекші ғалымдар мен практиктерден сындарлы ескертулер мен ұсыныстар алу, сондай-ақ қоғамдық, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарын тарту арқылы заңнамалық актілердің тиімділігіне жүргізілген талдаудың сапасын арттыру болып табылады. Бұл іс-шаралар азаматтар мен ұйымдардан келіп түсетін заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстарды дайындау және қорыту арқылы заңнаманың қазіргі өзекті мәселелерін талқылауға бағытталған.
Климкин С.И. Қазақстан Республикасының кредиттік серіктестіктер туралы заңнамасының тиімділігіне жүргізілген талдау олқылықтарды, коллизияларды анықтағанын және кредиттік серіктестіктер саласындағы заңнаманы түзету бойынша кейбір ұсыныстарды атап өтті. Атап айтқанда, «Кредиттік серіктестіктер туралы» 2003 жылғы 28 наурыздағы № 400-II Қазақстан Республикасы Заңының тиімділігін талдау нәтижесі, оның нормалары микроқаржы қызметі және шаруашылық серіктестіктер туралы заңдар шеңберінде көзделуі мүмкін осы Заңның қолданылуының орындылығы туралы күмән туғызады. Бұдан басқа, өндірістік кооператив нысанында кредиттік серіктестік құру жөніндегі мәселені зерделеуді ұсынды.
Сағатова А.С. кредиттік серіктестіктер саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша құқық қолдану тәжірибесімен және ұсыныстармен сөз сөйледі. Сондай-ақ, шешуді талап ететін бірқатар мәселелерге тоқталды:
1. Қырғыз Республикасының тәжірибесі бойынша жекелеген ережелерді кредиттік серіктестіктер туралы ұлттық заңнамаға қатысты имплементациялау.
2. Кредиттік серіктестіктерді қаржыландырудың қосымша ресурстарын кеңейту және тарту жөніндегі шараларды көздеу.
3. Кооперативті банктерді енгізу.
Өткізілген талқылау жүргізілген талдаудың өзектілігін, жаңалығын және қолданбалы қажеттілігін растауға, сондай-ақ қаралып отырған заңнамалық актілердің құқықтық реттеу мен құқық қолдану практикасының талдаумен қамтылмаған өзге де проблемалық аспектілерін айқындауға мүмкіндік берді.
Заңнамалық актілер заңнамасының тиімділігін сараптамалық талқылау және талдау нәтижелері құқықтық мониторинг жүргізу кезінде мемлекеттік органдарға жәрдем көрсету мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдарға талдамалық анықтамалар түрінде жіберілетін болады. Жүргізілетін талдау нәтижелері кейіннен «ZAN.KZ» деректер базасында орналастыра отырып, талдамалық анықтамалар жинағы түрінде жарияланатын болады.
Институт сараптамалық талқылауға қатысушыларға белсенді, жемісті қатысқаны үшін алғысын білдіреді және барлық мүдделі мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардың назарына ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша ынтымақтастыққа дайындығы туралы жеткізеді.
- 06.11.2021
- 302