- Блогтар
- Мырзабосынов Е.Қ.
Мырзабосынов Е.Қ.
ҚР Туризм және спорт министрі
Қазақстан мен Түркия Түркі мәдени мұрасын бірлесіп ілгерілету туралы келісімге келді
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркия Республикасының Стамбұл қаласындағы Ататүрік мәдениет орталығында өткен Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінің жабылу салтанатына қатысты.
Кинофестиваль аясында Түркі мемлекеттері Мәдениет, спорт, туризм министрлерінің Кинематография саласындағы бірлескен декларацияға қол қою рәсімі өтті.
Тарихи құжатқа ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Әзірбайжан Республикасының Мәдениет министрі Анар Кәрімов, Қырғызстан Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Азамат Жаманқұлов, Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Ерсой, Өзбеккино Ұлттық агенттігінің бас директоры Фирдавс Абдухаликов қол қойды.
Кинофесивальға қатысушы елдер арасында Түркі мәдениетін, тарихын және салт-дәстүрін бейнелейтін құндылықтарды әлемде ілгерілетуде маңызды рөл атқаратын жобаларды іске асыру үшін «Түркі әлемінің фильмдер қорын» құруға уағдаласты.
Осы декларацияға сәйкес тараптар мақсаты түркі әлемінің өнері мен мәдениеті саласындағы ынтымақтастық үшін мүмкіндіктерді арттыру мақсатында Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалін іске асыруға ықпал ететін болады.
Іс-шара барысында сөз алған Ақтоты Райымқұлова Түркі елдерінің басын қосып, Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалін ұйымдастырған Түркия Республикасының басшылығына және Мәдениет және туризм министріне, ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға қазақ елінің және кино майталмандарының атынан алғысын жеткізді.
Осыдан кейін Ақтоты Райымқұлова Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсоймен кездесіп, бауырлас елдер арасындағы берік көпір саналатын мәдениет саласында іске асырылатын бірқатар жобаларды талқылады.
Ақтоты Райымқұлова екі ел арасындағы тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан іс-шаралар жөнінде айтып, алдағы уақытқа жоспарланған жобалар бойынша бірқатар ұсыныс жасады.
«Екі ел арасындағы қарым- қатынастың айрықша ерекшеліктерінің бірі мәдени-гуманитарлық байланыстардың берік болуы екенін атап өткім келеді. Осы бағыттағы қарым-қатынасымыз жоғары деңгейге жетті. Осылайша жыл сайын Конья қаласында өтетін түркітілдес театр ұжымдарының «Мың тыныс, бір дауыс» атты халықаралық фестиваліне театрларымыз жүйелі түрде қатысып келеді.
Сонымен қатар мемлекеттер арасында тарихи-мәдени мұраны сақтау саласындағы ынтымақтастықта да берік байланыстар қалыптасты. Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығына қолдау көрсетіп, бірлесіп жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, тарихи кешендерді қайта құруда халықаралық тәжірибені зерттеу саласы тың серпінге ие.
Сондай-ақ мұражай ісі саласындағы әріптестік байланыс та белсенді. Мәдени бағдарламалар аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2021 жылдың қаңтарында Түркиядан келген халықаралық байқаушыларға экскурсиялар өткізілді.
Мәдениет саласындағы бүгінгі заңнама кинематографияда шетелдік мамандарды тартуға мүмкіндік беретінін атап өткім келеді. Кинематография саласындағы субсидия Қазақстан Республикасында фильм (фильмнің бір бөлігі, эпизоды) шығаруға байланысты тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер құнының отыз пайызына дейін өтеу арқылы беріледі. Бұдан басқа, бірлескен өнім-өндірісі шетелдік жеке және заңды тұлғалар мен Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының қатысуымен жүзеге асырылатын бірлескен фильм жасау көзделген.
Осыған орай, біз түрік кинематографистерін бірлесіп жұмыс атқаруға шақырамыз.
Сол сияқты Түркияның мәдениет қайраткерлерін, шығармашылық ұжымдарын елімізде өткізілетін халықаралық конкурстар мен фестивальдарға, соның ішінде «Еуразия» халықаралық кинофестиваліне, пианистердің, скрипкашылардың, вокалистердің халықаралық конкурстарына қатысуға шақыруға рұқсат етіңіз»,- деді Ақтоты Райымқұлова.
Кездесу барысында туризм саласы және туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша мазмұнды әңгіме өрбіді.
«Пандемияға дейінгі кезеңде Қазақстанның орта есеппен 300 мыңға жуық азаматы Түркияға, ал Түркияның 100 мыңға жуық азаматы Қазақстанға келді. Осы ретте пандемияға байланысты шектеулерге қарамастан, екі ел келіп-кету визаларын босату туралы қол қойылған үкіметаралық келісім шеңберінде визасыз режимді сақтап қалды (1992 жылдың 2 наурызында жасалды). Мәселен, 2020 жылы Қазақстанның 130 мыңға жуық азаматы Түркияға келді. Бүгінгі таңда Түркиямен Эйр Астана, Fly Arystan, SCAT, Turkish Airlines, Pegasus, Corendon (Корендон) әуекомпаниялары, Стамбұл, Анталия қалаларына аптасына 40 рейспен қатынайды.
Біздің елдеріміздің достық байланысында инвестициялар ерекше рөл атқарады. Атап айтқанда, Sembol Construction түрік компаниясының қатысуымен биыл 88 млрд. теңге сомасына «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешені пайдалануға берілді және өткен жылы Каспий теңізінің жағалауында 66,8 млрд. теңге сомасына Aktau Resort Hotel қонақ үй-туристік кешені ашылды», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі.
Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой барлық деңгейде Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізіп, айтылған ұсыныстар қолдау табатынына сенім білдірді.
Жиын соңында екі мемлекет министрлері арадағы бейбітшілікті, достық пен гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға күш салатынын атап өтті.
- 15.11.2021
- 311