- Блогтар
- Балаева А.Ғ.
Балаева А.Ғ.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі
«Ұлттық Рухани жаңғыру» Ұлттық жобасы таныстырылды
Нұр-Сұлтанда, ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-де ҚР Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктерінің «Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасы: негізгі бағыттар» тақырыбында брифингі өтті.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі брифинг барысында Ұлттық жоба Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленіп, қазақстандық қоғамның мәдениет, ағарту және ұлттық рух деңгейін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Аида Балаева Ұлттық жоба Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласында айтылған «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілетудің келесі кезеңі болып табылатынын атап өтті.
«Мазмұны жағынан бұл мәні терең, ауқымы өте кең Жоба. Бұл – қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың мәдени болмысы, тарихы мен тамыры. Сондықтан, әсіресе қазіргі жаһандану кезеңінде оны сақтап қалу, ұрпақ бойына сіңірудің маңызы зор. Бүгінгі ұрпақ бойына «ұлттық код» ұғымын қаншалықты терең сіңірсек – ол біздің ертеңгі ұлт болып қалуымыздың кепілі», - деп атап өтті министр.
Ұлттық жоба үш бағыт бойынша іске асырылады, оларды орындауға бірден үш министрлік қатысады. Құжатқа жеті міндет, 20-дан астам көрсеткіш және 60-тан астам ірі іс-шаралар кіреді.
Бірінші бағыт – елдің зияткерлік әлеуетін және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру. Ол сапалы контентті ұлғайту арқылы іске асырылатын болады.
Еліміздің зияткерлік әлеуетін дамыту бойынша 38 жоба жоспарланған. 2025 жылға дейін барлық оқушыларды еліміздің мәдени мұрасымен тереңірек таныстыратын жобамен қамту жоспарлануда, ал «Оқитын ұлт» жобасы қазақстандықтардың оқырмандық белсенділігін арттыруы тиіс.
Мемлекеттік тіл мәртебесін дамыту үшін оқу бағдарламалары мен әдістемелер жаңартылатын болады. Қазақ тілінің ұлттық корпусын құру, латын әліпбиін енгізуді жалғастыру және қазақ тілін дамытуға мүдделі барлық адамдарды оқу әдебиетімен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Екінші бағыт – «Ел рухы» қазақстандық кино өнімдері мен мультфильмдер өндірісін жеңілдетуге, отандық суретшілер мен фотографтардың көрмелерін, қазақстандық эстрада мэтрлерінің концерттерін қолжетімді етуге мүмкіндік беретін шаралар кешенін біріктіреді.
Аида Балаева екінші бағытты іске асыру 2025 жылға қарай бес нақты нәтижеге қол жеткізе отырып, шамамен 13 ірі мәдени іс-шараны қамтитынын атап өтті. Концерттер, спектакльдер мен түрлі көрмелер Қазақстанның ірі қалаларында ғана емес, сондай-ақ еліміздің шалғай аудандарында да өтеді деп болжануда. 2025 жылға қарай 40 анимациялық фильм жасалады, ал кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесі кемінде 25%-ды құрайтын болады.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі өз сөзінде «Е-culture.kz» бірыңғай электрондық платформа жобасын атап өтті:
«Жоба отандық мәдениеттің барлық жетістіктеріне еркін режимде онлайн түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жер шарының кез келген нүктесінен, үйден шықпай-ақ, біздің мұражайлар мен театрларға, кітапханаларға және басқа да мәдени көрікті жерлерге баруға болады», - деп атап өтті Аида Балаева.
Үшінші бағыт – «Тәуелсіздік ұрпақтары» жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Министр Аида Балаева бұл бағыт жастардың негізгі проблемаларын – қолжетімді білім, жұмыспен қамту және тұрғын үйді шешуге көмектесуі тиіс екенін түсіндірді. Осы бағыт шеңберінде кемінде 800 мың жас тұрғын үй жинақтары жүйесін пайдалана алады; 1 млн-ға жуық жастар қазақстандық әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіледі; барлық бағдарламалар бойынша жас отбасылар үшін қарыз үлесі 25%-ға дейін артады; 1,5 млн-ға жуық жастар спорттық және экологиялық жобаларға тартылатын болады.
«NEET категориясы деп аталатын жастарды қолдау шараларына ерекше назар аударғым келеді, онда біз жұмыспен қамтылмаған жастардың санын 5%-ға дейін төмендетудің нақты міндетін қоямыз», - деді Аида Балаева.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері «Ұлттық Рухани жаңғыру» Ұлттық жобасы бойынша сұрақтар қойып, оларға ҚР АҚДМ басшысы Аида Балаева, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі Әділбек Қабаев жауап берді.
- 16.11.2021
- 154