- Блогтар
- Сұлтанғазиев М.Е.
Сұлтанғазиев М.Е.
Алматы облысының әкімі
«Алматы - Бішкек» автожолының «Алтын Орда» базары маңындағы учаскесі іске қосылды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көлік легін өткізу қабілетін ұлғайту, инфрақұрылымды жақсартып, халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында бүгін Алматы – Бішкек автожолының «Алтын орда» базары маңындағы 16-19 шақырымындағы жол учаскесі пайдалануға берілді. Жолдың ашылу салтанатына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев қатысты.
Шарада құттықтау сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірде «Нұрлы жол» бағдарламасы және Алматы агломерациясы аясында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында атқарылған істерге тоқталып өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы агломерациясын дамытудағы тапсырмаларының бірі - транспорттық модель құру және көлік инфрақұрылымын жақсарту. Осы міндеттерге сәйкес бүгін эстакада арқылы көлік қозғалысы ашылып отыр. Бұл өз кезегінде мегаполистен шығатын көлік жолын барынша босатуға мүмкіндік береді. Жоба шеңберінде жолдың жүру бөлігіне 8-10 қозғалыс жолағына дейін кеңейту жүргізілді. Бұрылу эстакадалары және ұзындығы 600 метр болатын негізгі магистралдық эстакада салынды. Сондай-ақ, үш жерүсті жаяу жүргінші өткелі бой көтерді. Сонымен қатар тұрғындардың «Алтын орда» сауда орталығына қатынау жолын жеңілдетіп, шағын кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізеді, - деді Қанат Бозымбаев.
Жол әзірге асфальттың соңғы төсемінсіз іске қосылды. Ол технологиялық талаптарға сәйкес ауа райы жылыған көктем кезінде төселеді. Жалпы учаскенің ұзындығы – 3,86 шақырым. Жол құрылысы барысында мердігер мекеме «Сине Мидас Строй» компаниясының 224 маманы мен 55 бірлік техника жұмыс істеді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- 27.12.2021
- 177