- Блогтар
- Төреғалиев Н.
Төреғалиев Н.
Батыс Қазақстан облысының әкімі
АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН НЕГІЗСІЗ ӨСІРГЕНДЕР ЖАЗАЛАНАДЫ
Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және негізсіз өсірмеу мәселесі талқыланған жиын өтті. Басқосуға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, сауда үйінің иелері, наубайхана, базарлардың басшылары қатысты.
- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 19 түрі бар. Алда жаңа жыл мейрамы келе жатқандықтан, тұрғындар осы өнімдерді, тұрмыстық тауардарды көптеп алатыны белгілі. Халық көп алғандықтан, сатушылар тауардың бағасын қымбаттатып жатады. Бағаның күрт өсуі халықтың әлеуметтік осал топтарына және аз қамтылған отбасыларға айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне не сұраныстың артуына байланысты тауар құнының өсуіне жол бермеуіміз керек,- деді жиынның ашылуында сөз алған облыс әкімі.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Уахитовтың айтуынша, аталмыш департамент тауар нарықтарында бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы басшылықты жүзеге асырады және өз қызметінде ҚР Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын басшылыққа алады. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу мақсатында монополияға қарсы құрылым тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіп, тауар нарығындағы бағалардың мониторингін жүргізеді. (195-бап ҚР КК) Биыл Департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты 9 талдау жүргізген. Оның қорытындысы бойынша бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін бірқатар кәсіп иелеріне ескертпе берілген. Олардың ішінде "Едаменко", "Марченко" "Абатов" жеке кәсіпкерлігі мен "Dina Market", "Идеал Маркет", "Перун Трейд", "Астанапрод", "Орал Логистик" секілді ЖШС-лар бар. Сондай-ақ биыл нан, жұмыртқа, ұн және тауық етін өндірушілердің бағасын көтеру мүмкіндігі туралы жария өтініш фактісі бойынша департамент 6 ЖШС-ға ескерту берген. Айта кетсек, "Жайық Ет", "Желаев нан өнімдері комбинаты", "Белес-Маркет", "Орал құс фабрикасы", "Агрофирма "Акас" , "Уральская птицефабрика" ЖШС бар.
- Биыл Орал қалалық әкімдігі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 204-4 бабына (Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін арттыру) сәйкес, 4 әкімшілік іс қозғап, 4 супермаркет желісіне қатысты (Суровский, Лидер, Алтындар және Вега) ескерту ретінде жаза қолданды. Жоғарыда көрсетілген супермаркет желілері аталған 204-4 бап бойынша әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылық жасайтын болса, кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық (875 100 тенге) есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін айыппұл салу қарастырылған. әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасына қатысты қала тұрғындарының шағымдары болған жағдайда, әкімдіктің жоспардан тыс тексеріс жүргізе алатындығына құқығы бар екенін қаперіңізге саламыз. Бүгінгі күнге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және бақылау жүргізу мақсатында тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жұмыстар жүргізілуде. Сол себепті кәсіпкерлерден ӘМАТ бағасын негізсіз өсірмеуін, заңда көрсетілген талаптарды қатаң ұстануын және барынша төмендету бағытында тиісті жұмыстар атқаруын сұраймыз. Сондай-ақ, қала тұрғындары ӘМАТ бағаларына қатысты арыз, шағымдарымен ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агентігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне, БҚО Кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасы мен Орал қаласының әкімдігіне жүгіне алатынын хабарлаймыз,- деді Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.
Кеңес барысында негізсіз баға өсіру және бағалық сөз байласу фактілері анықталған кезде жедел шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді. Осы бұзушылықтардың барлығы Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде барынша анықталатын және қатаң жазаланатын болады.
Өткізілген кеңес қорытындысы бойынша көтерме, бөлшек сауда және сауда желілері кәсіпорындарының басшыларына мынадай ұсынымдар берілді:
- азық-түлік бағасының негізсіз және күрт көтерілуіне жол бермеу;
- азық-түлік тауарларын өндірушілерден делдалсыз сатып алуды қарастыру;
- барынша төмен сауда үстемесімен сыйақы мөлшерін қоспай тамақ өнімдерін өткізуді қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, облыс тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жоғары баға фактілері анықталған жағдайда бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Департаментіне, кәсіпкерлік басқармасына немесе аудандар мен қаланың кәсіпкерлік бөлімдеріне жүгіну ұсынылды.
- 28.12.2021
- 346