- Блогтар
- Төреғалиев Н.
Төреғалиев Н.
Батыс Қазақстан облысының әкімі
Инвесторлардың назарына. «Оралдағы ұзақ мерзімді құрылыс мәселелері және Ет комбинаты ауданының болашағы туралы.
Кез келген қалада құрылысы ұзаққа созылған нысандар шаһар көркін бұзып, жаяу жүргіншілер мен оның маңында ойнайтын балаларға қауіп төндіреді. Мұндай ғимараттар біреудің іске аспаған бизнес жобалары екені белгілі. Негізінде олар өз иесіне табыс әкеліп, тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуі тиіс.
Кеше Орал қаласындағы құрылысы аяқталмаған ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарының барысымен таныстым. Естеріңізде болса, 2020 жылдың басында ведомствоаралық комиссия құрылып, қаладағы тозығы жеткен және құрылысы аяқталмаған 28 ғимарат тексерілді.
Осы кезге дейін Шолохов, Жәңгірхан, Урдинская, Актюбинская, Тәуелсіздік (Московская) көшелерінің, Әбілқайыр хан даңғылының бойында және Д.Қонаев атындағы шағын ауданда көптеген нысандар ретке келтірілді. Қалалық әкімдік маңындағы және Полиция Департаменті жанындағы екі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау мәселесі ерекше бақылауда болды. Бүгінгі таңда нысандарға инвесторлар табылып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Нәтижесінде 10 жыл бойы тоқтап тұрған қос ғимараттың құрылысы 12 айдың ішінде толықтай аяқталатын болады. Сондай-ақ жаздын басында механикалық зауыт аумағындағы жаңа қоғамдық монша пайдалануға беріледі. Нысан иелері 70 жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Монша аумағы 3600 шаршы метрді құрайды.
Өкінішке орай, күрделі әрі түсініксіз келісімшарт кесірінен бұрынғы «Омега» зауыты маңындағы қараусыз қалған өндірістік ғимараттардың тағдыры әлі шешілген жоқ. Біз бұл сұрақты шешу жолын қарастырудамыз.
30 мыңға жуық адам тұратын бұрынғы Ет комбинаты ауданына тұрғындардан арыз-шағым көптеп түсуде. Менің ойымша, бұл ауданның болашағы зор. Өткен жылдың соңында мұнда №33 орта мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілгенімен, бұл ауданда әлі де мектеп тапшылығы бар. Бұған дейін жеке инвестиция есебінен «Атлант» спорт кешені пайдалануға берілген болатын. Дегенмен, бұл тұрғындарға жеткіліксіз деп есептеймін.
Менің тапсырмам бойынша қала әкімдігі Ет комбинаты ауданының кешенді даму жоспарын құру үшін және қажетті әлеуметтік, өндірістік, коммерциялық нысандарды анықтау мақсатында аталған аудан тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізілетін болады. Пандемия әсер етті ме, әлде басқа да себептері болды ма бұрын осы жерге инвестиция салуға ниет білдірген кәсіпкер алғашқы жоспарынан бас тартқан.
Әрине, инвестор бірден табыла қоймайды. Бірақ МЖӘ (мемлекеттік-жекешелік әріптестік) шарттары дұрыс жасалған жағдайда инвесторларды табу қиынға соқпайды.
Егер жергілікті және басқа да кәсіпкерлер тарапынан ұсыныстар болса +77017776037 WhatsApp нөміріме ("Инвестор" деген белгімен бастау керек) немесе қала әкімдігіне хабарласа алады».
- 07.02.2022
- 202