- Блогтар
- Мырзабосынов Е.Қ.
Мырзабосынов Е.Қ.
ҚР Туризм және спорт министрі
Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет, архив және баспа ісі салаларында 2021 жылы атқарған қызметі мен 2022 жылға қойылған негізгі міндеттер» тақырыбындағы кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.
Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Парламентінің, ҚР Үкіметінің өкілдері, Министрліктің Қоғамдық кеңесінің мүшелері, мәдениет және архивтер саласындағы облыстық басқармалардың басшылары, мәдениет және архив саласындағы министрлікке бағынысты ұйымдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Министр Д. Абаев мәжіліс барысында министрліктің 2021 жылы атқарған жұмысын қорытындылап, 2022 жылғы қызметінің негізгі бағыттары туралы айтты.
«2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы 25%-ға өсті. Алғаш рет шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік жан басына қаржыландыру институты енгізілді. Былтыр 133 мыңнан астам бала сурет, би, музыка және т.б. сыныптан тыс сабақтарға тегін қатысуға мүмкіндік алды. Еліміздің барлық өңірлерінде 89 мәдениет нысанының құрылысы және 263 мәдениет ошағының жөндеу жұмыстары аяқталды», - деді министр.
2022 жылға арналған міндеттерге қатысты министр бүгінгі таңда мәдениет ұйымдарындағы барлық түйінді мәселелерді жинақтап, оларды кезең-кезеңімен шешудің егжей-тегжейлі жоспарын жасау маңызды екеніне тоқталды.
Министрдің атап өткендей, жалпы ел бойынша 7637 мәдениет нысаны жұмыс істейді, ал әлі қосымша 300-ден астам мекеме қажет.
«Сонымен қатар, осы салада жұмыс істейтін ҮЕҰ көптеген мекемелердің азаматтардың пікірлері мен тілектерін ескермей жобаланып, салынатынын көрсеткен. Осыған байланысты олар көбінесе бос қаңырап тұрады. Сондықтан да жоспарлау барысында жергілікті тұрғындардың сұраныстарына назар аудару өте маңызды», - деді Д.Абаев.
Сондай-ақ, министр бірқатар мәдениет ұйымдары ғимараттарының қанағаттанарлықсыз жағдайын тілге тиек етіп, жауапты вице-министрге оларды жөндеу мәселесін бақылауға алуды тапсырды.
Жиын барысында отандық кинематографияны дамыту мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, министр конструктивті құндылықтарды танымал, кино өнімдері арқылы оң семантикалық ақпаратпен жылжыту қажеттігін нақтылады. Министр азаматтардан түсетін шағымдардың көпшілігі балаларға арналған қазақстандық жаңа фильмдердің болмауына байланысты екенін айтты. Балалар жылы бұл мәселе ерекше өзектілікке ие.
«Қазақфильм» АҚ президенті А.Сатаев киностудия өндірістен тыс, өз картиналарын сатудан ақша тауып, фильмдердің басым бөлігін тұтынушыларға бағдарлап түсіру керектігін тілге тиек етті.
Дәурен Абаев шығармашылық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен концертмейстерлерінің жалақы мөлшеріне де назар аударды. Бұл мәселе министрдің жеке бақылауына алынды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігін арттыруға қатысты 2022 жылы жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға 13,6 млрд.теңге бөлгені атап өтілді. Сонымен қатар, тағы да 12,8 млрд.теңгеге қосымша қаржыландыру қажеттілігі туып отыр.
«Бұл жұмысты іске асыру бөлігінде көптеген мәселелер бар. Олардың қатарына порталдың жұмысы, «шикі» ережелер мен критерийлер, заңсыз іс-әрекеттер болу қаупі мен тағы басқаларды жатқызуға болады. Жүйені қалпына келтіріп, жандандыру үшін бірнеше ай қажет», - деді Д.Абаев.
Алқа мәжілісінде реставрациялау қызметінің, Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Бозоқ қалашығы – «табиғи» музейін салу, архив ісін автоматтандыру және дамыту, т. б. өзекті мәселелері қаралды. Және де барлық бағыттар бойынша құрылымдық бөлімшелерге тиісті тапсырмалар берілді.
- 17.02.2022
- 321