- Блогтар
- Султанов Р.С.
Султанов Р.С.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ 30 ЖЫЛДЫҚ ЭКОНОМИКАСЫ ТУРАЛЫ 30 ФАКТ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ 30 ЖЫЛДЫҚ ЭКОНОМИКАСЫ ТУРАЛЫ 30 ФАКТ
2021 жыл - бәріміз үшін ерекше жыл. Тарихи маңызды жыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Еліміздің мемлекеттік тәуелсіздік алғанынан бері ғасырдың үштен біріне жуық уақыт өтті дегенге сену қиын! Өйткені теңгені айналымға енгізіп, жаңа «Қашаған» суперкенішінің ашылғанына қуанғанымыз кеше ғана сияқты еді. Күні кеше ғана жаңа кәсіпорындарда ленталар қиылған болатын, қазір Қазақстан Еуропа елдеріне 14,7 миллиард доллардың тауарын экспорттауда, бұл сома өсімінің үштен бір бөлігі дәл 2021 жылға дөп келіп тұр.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасы бір емес, бірнеше дағдарысты еңсерді: біз КСРО-ның ыдырауынан кейінгі орасан зор проблемалардан бастадық, жоспарлы экономика жай ғана уақыт сынына төтеп бере алмады, елді асырауға және лайықты жұмыс пен жалақыны қамтамасыз етуге оның күші жетпеді. Бұл дағдарыс еңсеріле бергенде, көкжиекте 1997-1998 жылдардағы Азия дағдарысы, одан кейін 1998 жылғы Ресейдегі дефолт, 2008 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыстар, 2014-2015 және 2020 жылдардағы мұнай бағасының құлдырауы және мүнай бағасына теріс әсер еткен, бұрын-соңды болмаған пандемия пайда болды.
Осынау дағдарыстар тізбегіне қарамастан, бүгінгі таңда Қазақстан – экономикасы қуатты, даму бағдарламасы тұрақты, мақсаты мен амбициясы айқын, басқаларға қарағанда, деноминациясыз және артық нөлдерсіз барлық сын-қатерлерге төтеп бере алатын валютасы бар тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекетке айналды. Біз - Ұлттық қорымыз бен қауіпсіздік жастығымыз қамтамасыз етілген, елдің бүгіні мен ертеңі, одан арғы келешегі үшін қаражаты бар мемлекетпіз. Біздегі әлеуметтік қамсыздандыру көрсеткіштері, жалақының өсуі және дамыған экономиканың тұтынушылық дағдылары жоғары деңгейде.
Бүгінгі Қазақстанның күш-жігері мен жетістіктерін саралай отырып, республика стратегиялық тұрғыдан дұрыс жолды таңдады деп сеніммен айта аламыз. Тәуелсіздіктің 30 жылында халқымыздың саны 2,6 миллионға өсті, яғни 1991 жылғы адам саны 16,5 миллион болса, биылғы жылғы санақ бойынша 19,1 миллионға көбейген. Сонымен қатар өмір сүру сапасы да артып келеді – қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 65-тен 73 жасқа дейін өскен. 2000 жылдардан бері еліміздегі қала халқы 33 пайызға, яғни 8,4 миллионнан 11,2 миллионға артқан.
Тәуелсіздік жылдарында халықтың табысы 9 есе өсті. 1993 жылдан бастап сатып алу қабілеті 4,6 есе жоғарылады. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 1995 жылғы 34,6%-дан 2020 жылдың аяғында 5,3%-ға дейін төмендеді. Жылдық индексацияны есепке алғанда, ең төменгі жалақы мөлшері 1993 жылғы 13 теңгеден қазіргі 60 000 теңгеге дейін өсті. Тәуелсіздік жылдары жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) доллармен есептегенде 13 есе, ұлттық валютада 720 есе өсті. Нақты мәнде ЖІӨ 2,4 есеге ұлғайды. Салыстырмалы түрде алсақ. осы кезеңде ЖІӨ-нің нақты өсімі Ресейде - 1,2 есе, Беларусьте - 2 есе, Еуропалық Одақта - 1,5 есе, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде - 1,7 есе болды.
Жалпы ішкі өнімнің өсуімен қатар Қазақстанда өндіріс әртараптандырылды. 2021 жылға қарай 700-ден астам жаңа өнім түрлері шығарылды. Тұтас өнеркәсіп салаларының, мысалы, теміржолдың жұмысы жолға қойылды. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін ешқашан локомотивтер мен вагондарды шығарған емес, дамыған темір жолдар үшін рельстер мен басқа да инфрақұрылымдар өндірісі болмаған еді.
Ұлттық экономиканың құрылымындағы өзгерістерді сипаттайтын маңызды факторлардың бірі - негізгі капиталға тартылған инвестициялар болып табылады. Олардың өсу қарқыны 2010 жылды және пандемия орын алған 2020 жылды қоспағанда, 1997 жылдан бастап жыл сайын өсті. 1991 жылдан бастап нақты мәнде ел экономикасына құйылған инвестиция көлемі 2,7 есеге, ал номиналды түрде 21 есеге , яғни 0,6 триллион теңгеден 12,3 триллион теңгеге дейін артты.
1998 жылы Қазақстанда зейнетақы реформасы жүргізілді. Кеңес өкіметі кезінде еңбек еткен адамдардың еңбегін дұрыс бағалап, оларға лайықты зейнетақы төлеу өте маңызды іс болды. 1998 жылдан бастап барлық қызметкерлер жинақтаушы зейнетақы қорына табысының 10 пайызын міндетті түрде аудара бастады. Мұндай реформасыз мемлекеттік бюджет пен салық төлеушілерге түсетін ауыртпалықтан арылу ұзақ мерзімді келешекте мүмкін болмас еді. Қазір Қазақстан ЕАЭО-дағы ең жоғары орташа зейнетақыны және бұрынғы КСРО бойынша ең жоғары зейнетақыны төлеуді қамтамасыз етіп отыр.
Экономиканың дамуында білім беру маңызды рөл атқарды. «Болашақ» стипендиясы 1993 жылдың қарашасында құрылған. Білімді де білікті кадрлар жаңа қызмет түрлерін, кәсіптер ашып, тұтас салаларды дамыта отырып, экономиканы түрлі бағытта өркендетуге шақырылды! Осы уақытқа дейін экономиканың барлық дерлік салаларында қоғам игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан 15 мыңға жуық қазақстандық студенттер шетелдік үздік университеттерде білім алды.
Соңғы 30 жылда Қазақстан елеулі табыстарға қол жеткізді, бірақ негізгі жұмыстар әлі алда. Әлем де бір орында тұрмайды және бізбен бірге, кейде бізден де жылдамырақ дамиды. Біздің басты мақсатымыз бен міндетіміз өзгеріссіз қалады, ол - Қазақстанның әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіруі. Ол үшін бүгінде нақты қадамдар жасалуда: мемлекеттік бағдарламаларды алмастырған неғұрлым икемді және нақты мемлекеттік жобалар, мұнай кірістерін стерилизациялау, бюджет тапшылығын азайту, шағын және орта бизнес секторына салық жүктемесін азайту, олардың бірі - бұрынғы КСРО-ның ең жұмсақ фискалдық жүйелері және тағы басқалар. ...
Біздің ел сияқты экономикамыз да тек өзімізге тәуелді, қайда және қалай өмір сүретінімізді Әрқайсымыз Өз еңбегімізбен, Ақылымызбен, Ортақ іске, Қазақстан атты ортақ үйімізге қосқан үлесімізбен айқындаймыз!
"Экономикалық зерттеулер институты" АҚ
Басқармасының төрағасы
Руслан Сұлтанов
- 17.02.2022
- 290