- Блогтар
- Мырзабосынов Е.Қ.
Мырзабосынов Е.Қ.
ҚР Туризм және спорт министрі
Министрліктің туризм саласындағы қызметі туралы кеңейтілген алқа мәжілісі өтті
Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Парламентінің, ҚР Үкіметінің өкілдері, облыстық туристік сала басқармаларының басшылары, "Атамекен" ҰКП, ҚР МСМ бағынысты ұйымдарының басшылары, сондай-ақ туристік сала мен бизнес өкілдері қатысты.
Алқа отырысына қатысушылар алдында сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов:
«Сындарлы мемлекеттік саясаттың және туристік қауымдастықпен үйлесімді өзара іс-қимылдың арқасында саланың жүйелі дамуы қамтамасыз етілді. Нәтижесінде 2021 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 564,4 млрд. теңгені құрады».
Е.Тоғжановтың айтуынша, өткен жылы туризм саласында қабылданған заңнамалық өзгерістер саланың ең маңызды аспектілерін қозғайтын жаңа теңдессіз мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
«Бізге теміржол және әуе қатынасы желілеріндегі жолаушылар ағынын ұлғайту қажет, бұл ішкі нарықтағы туристік ағынның өсуіне әкеледі. Осы тұрғыда халықаралық тәжірибені, әсіресе Австрия, Франция, Түркия сияқты алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін зерделеп, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, үздік тәжірибе үлгілерін өзімізде енгізу қажет», - деді Е.Тоғжанов.
Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары барлық әкімдіктерге басым туристік бағыттардағы инфрақұрылымды дамыту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Дәурен Абаев Министрліктің 2021 жылы атқарған жұмысы және алдағы кезеңдегі негізгі міндеттері туралы есеп берді.
Министр бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдайға және қабылданған карантиндік шараларға қарамастан, салада оң үрдістер бар екеніне тоқталды. Мәселен, 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,2 млн.адамды құрап, 2019 жылдың карантинге дейінгі көрсеткішінен 100 мың адамға артты.
Сонымен қатар Д.Абаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризм саласын мемлекеттік саясаттың перифериясынан шығарып, оны елдің экономикалық өсу драйверлерінің біріне айналдыру бағытында нақты міндет қойғанын атап өтті.
Сондай-ақ, Министрлік белсенді жұмыс жүргізетін 8 басым бағыт атап өтілді: туристік бизнесті қолдау; отбасылық демалыстың қолжетімділігіне бағытталған әлеуметтік бастамалар; мектеп туризмін дамыту; жаңа туристік бағыттарды әзірлеу және енгізу; келу туризмін ынталандыру; эко-және агротуризмді дамыту; туристік әлеуетті нығайту үшін креативті индустрияларды іске қосу бойынша шараларды әзірлеу.
Д.Абаев балалар демалысын дамытуға баса назар аударуды тапсырды.
«Өткен жылы біз балалар мен жасөспірімдер туризмі нысандарын араладық. Республика бойынша 202 балалар лагері бар екені анықталды. Алайда олардың үштен бірі 1952-1990 жылдар аралығында салынған. Көпшілігінде материалдық-техникалық база ескірген. Осыған байланысты туризм саласына жетекшілік ететін вице-министрге және Kazakh Tourism-ге балалар-жасөспірімдер және сауықтыру туризмін дамыту жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Егер қажет болса, біз тиісті бағдарламаны қабылдауға дайынбыз», - деді министр.
Талғат Аманбаев Kazakh Tourism ҰК АҚ қызметі туралы есеп берді. Ол туристік саланың сәтті цифрландырылуын, атап айтқанда, e-Qonaq, kazakhstan.travel, e-shagym, view project, tourism online және tourstat сияқты жобаларды қамтитын қалыптастырылған ақпараттық экожүйені ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Т.Аманбаев Кids Go Free бағдарламасының басталғандығы туралы айтты. 14 туроператор қатысқан осынау бағдарлама бойынша турлардың алғашқы сатылымы жасалынған.
Жиын барысында:
- «Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің» ректоры Майнұра Мырзамадиева («Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті» КЕАҚ қызметі туралы);
- «Rixos Aktau» операциялық менеджері Серік Исағалиев (Маңғыстауда туризмді дамыту туралы);
- «Таун Плюс» ЖШС басшысы Жәнібек Әлкеев (Ұлттық парктерде туризмді дамыту туралы);
- «Тамыр» мектебінің жетекшісі Әсел Исанова (Белсенді демалыс және туристердің қауіпсіздігі);
- Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығының президенті, «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрағасы Инна Рей («Туристік Қамқор» қорының қызметі туралы );
- «ML Tour» туроператорының директоры Елена Хван (Kids Go Free бағдарламасын іске асыру туралы);
- «Turan Asia» туроператорының директоры Гүлғайша Қасенханова (Келу туризмін дамыту мәселелері туралы);
- Саяхатшы, Jartogai глэмпингінің өкілі Амандық Әмірхамзин (Ауылдық жерлерде туризмді дамыту туралы) сөз сөйледі.
Ал SCIJ халықаралық журналистер клубының Қазақстандық бөлімшесінің Бас хатшысы Андрей Кукушкин маркетинг және MICE туризм бойынша ұсыныстар айтты.
- 23.02.2022
- 276