- Блогтар
- Төреғалиев Н.
Төреғалиев Н.
Батыс Қазақстан облысының әкімі
БҚО әкімі: «Суды үнемсіз пайдаланатындарға шара қолданылатын болады»
БҚО әкімдігі ғимаратында Орал қаласын ауыз сумен қамту мәселесі талқыланған жиын өтті. Осы жиында облыс әкімі Ғали Есқалиев «Батыс су арнасы» ЖШС шенеуніктерінің су үнемдеу саясатына көңлі толмайтынын айтты.
Қала әкімі Абат Шыныбековтің баяндауынша, шаһар жұрты Жайық өзені мен Бәйтерек ауданына қарасты Трекин ауылы аумағындағы жер асты су қоры арқылы тәулігіне 52 мың текше метр сумен қамтылуда. Бірақ жазғы уақытта қалалықтарға су жетіспейтіні өзекті мәселеге айналуда. Оның бір себебі – өзен суы деңгейінің айтарлықтай төмендеуі, соның салдарынан жер асты суының да тартылуы. Былтыр Трекиндегі бір ұңғыма пайдалануға беріліп, одан бері бес ұңғыманың күрделі жөнделуі тұрғындарды тәулігіне 2 мың текше метр сумен қамтуға мүмкіндік берді. Жөндеу жұмысына қаражат тұрақты бөлінсе, мердігер компания тағы алты ұңғыманы жөндеп, су өндіру қуатын тәулігіне 7 мың текше метрге жеткізбек. Қазіргі уақытта Зашаған және Деркөл кенттерін және үйлер құрылысын жүргізу жоспарланған «Ақжайық» шағын ауданын ауыз сумен қамту түйткілді мәселеге айналуда. Қала әкімі Абат Шыныбеков бұл мәселенің алдын алу үшін Камен топтық су құбыры желісін толық қуатында пайдалануды ұсынды. Бұл жердегі су асты қорынан тәулігіне 6,5 мың текше метр су өндірілуде. Бірақ қосымша 17,5 мың текше метр су алуға болады. Ол үшін екі ұңғымаға жөндеу жүргізіп, қосымша жаңа ұңғымаларды да орнатып, сол жердегі құбыр желісін күрделі жөндеу қажет.
Абат Шыныбеков Неусыпов көшесіндегі апатты жағдайда деп танылған коллектордың ала жаздай әбігерге салғанын айтты. Сарайшық көшесінен бастап, КСС-2-ге дейін орналасқан 420 метр темір бетон құбырды толық жаңғырту қажет. Қала әкімі жоспар бойынша 2019-2021 жылдары 34 шақырым су айдау құбырын жаңалау толық жүзеге асса, магистральды желілерде апаттың орын алуы тыйылатынын мәлімдеді.
Жиында «Батыс су арнасы» ЖШС директорының орынбасары Ақылбек Аманғалиев кәсіпорын 442,2 км су құбыры желісін, 363,2 кәріз желісін пайдаланады. Екі құбыр желісінің тозуы 60 пайыз шамасына жеткен. Серіктестік 109 221 абонентке қызмет етеді. Оның 105 453-і – қала тұрғындары. 2019 жылы екі су көзінен 16 миллион текше метр астам су өндірілді. Оның ішінде қаладағы ЖЭО стансасы арқылы 8,9 миллион текше метр су жиналды. Тұтынушылар 11,4 млн. текше метр, яғни қала мұқтажына пайдаланылған судың 71 пайызының ғана құнын төлеген. Нақты жоғалту көрсеткіші бір жылда 4,6 млн. текше метр деп есептелініп отыр. Сонда желідегі жоғары нормативті жоғалту шығынының бір жылдық есебі 142 млн. теңгені құрады. «Суды тұтынудың ең жоғарғы көрсеткіші – қала тұрғындары үлесінде (82 пайыз). Тұрғындардың көбі суды шаруашылық мақсатта пайдаланады. Көпқабатты үйлердегі кей абоненттің суды есепсіз жұмсайтынын анық байқауға болады. Суды үнемдеудің төте жолы – су тұтыну бағасын қайта саралау», – деген Ақылбек Аманғалиев 2021-2025 жылдарға арналған тариф жобасын назарға ұсынды. 2020 жылдың 9 айлық есебі бойынша кәсіпорынның бережағы 580 млн., алажағы 339 млн. теңгені құрады. Тұрғындар кәсіпорынға 244,5 млн. теңге қарыз.
Қала бойынша су тұтыну көрсеткішін есептейтін 194 972 дербес құрылғы орнатылған. Оның ішінде 11 239 құрылғы бойынша қашықтан мәлімет алып отыруға болады. Жиында су көлемін есептеу құрылғылары жер үйлер ішіне ғана орнатылғаны сын садағына ілінді. Ал үйлер ауласындағы құдықтарда жиналатын судың есебін көрсететін құрылғылар жоқ. Облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаевтың осыған байланысты қазбалап қойған сауалдарына «Батыс су арнасының» өкілдері жарытымды жауап бере алмады. Оған қоса өңір жетекшісі Ғали Нәжімеденұлы кәсіпорын басшылығы суды көп тұтынатын нысандар мен автожуу орындары есебін жүргізу, су үнемдеу бағдарламасын жасақтауға қатысты тапсырмасын орындамағанын айтып, ескерту жасады.
– «Батыс су арнасының» шенеуніктері қазіргі жағдайды нақты сараптай алмай отыр. Сондықтан сала бойынша қалыптасқан ахуалды тәуелсіз тұрғыда сараптайтын кеңес мүшелерін тағайындаған дұрыс. Былтырғы жаз айында су тұтыну мөлшерін бақылау шараларын жетілдіруге байланысты айтқан сын-ескертпелерімді кәсіпорын басшылығы толық орындамады. Алдағы уақытта 2021 жылға арналған бюджет жоспары бекітіледі. Жазғы уақытта су тапшылығына байланысты тағы да қарбалас туындамас үшін кәсіпорын жұмысын бақылайтын қала әкімінің орынбасары он күн ішінде арнайы бағдарлама жобасын дайындауды ұйымдастырсын. Бағдарламада магистральды су құбыры мен коллектор желісінде ақау анықталған жағдайда бірден шешім қабылдауға мүмкіндік беретін іс-шаралар қамтылуы керек. Арнайы есептеу құрылғысын орнату, суды көп мөлшерде тұтынуға тосқауыл қою, нақты шығынды есепке алу жұмысына кәсіпорын жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмей келеді. Алдағы тариф бойынша ең жоғарғы бағаны суды жымқырып жатқандар өтейтіндей етіп бекіту керек. Қаладағы су тұтынуды есептейтін құрылғылар ескірген. Сондықтан автоматтандырылған жүйеге көшу керек. Мұндай технология су мөлшерін есептеп қана қоймай, берешегі көп тұтынушыны өздігінен бұғаттап тастай алады. Қоғамдық ұйымдар тұрғындарға су үнемдеу қажет екенін түсіндіру жұмысына белсенді атсалысуы керек. Кейбір пәтер иелерінің айына 37 текше метр су пайдаланатыны анықталып отыр. Ал кей отбасы жан басына шаққанда 2-3 текше метрден асырмайды. Тариф бағасын көтерместен, суды есепсіз ысырап ететіндерді анықтау керек, – деді Ғали Есқалиев.
Жиында облыс әкімінің қоғамдық өкілі Вениамин Мұқатаев «Батыс су арнасы» басшылығы құбырлардың тозғанын алға тартып, сыннан қорытынды шығаруда сылбыр қимылдайтынын айты. Ал «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Әлия Салиева эколог мамандармен бірлесіп жүргізген мониторинг қорытындысы жайында баяндады.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz
- 14.10.2020
- 367