- Блогтар
- Сұлтанғазиев М.Е.
Сұлтанғазиев М.Е.
Алматы облысының әкімі
Талдықорған индустриялық бағытта дамиды
Талдықорған қаласы маңындағы саяжайларда қордаланған мәселе көп. Соның ішінде ауыз су, газ, электр желісі, жол инфрақұрылымдарының болмауы, мектеп пен дәрігерлік амбулатория қажеттігі тұрғындарды жиі мазалайды. Осы және өзге де сұрақтар бүгін облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың облыс орталығы тұрғындарымен кездесуі барысында көтерілді.
Өз сөзінде Талдықорған өңірін және қаланы дамыту жоспарларына тоқталған Қанат Бозымбаев облыста 2025 жылға дейін 14 мың жұмыс орнын құратын 1,8 трлн. теңгеге 316 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылғанын атап өтті. Соның ішінде Талдықорған өңірінде 6,6 мың жұмыс орны болатын жалпы сомасы 1 трлн. теңгелік 186 жобаны іске асыру көзделген. Биыл қалада инвестиция сомасы 7,8 млрд. теңге, 281 жұмыс орны бар 5 жоба іске қосылады. Қанат Бозымбаев қала үшін бұл жеткіліксіз екенін айтты. Сол сияқты қалада шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер саны мен бюджетке салық түсімі азайған.
Облыс әкімі қала басшылығына инвесторларды тарту жұмысын жандандырып, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба мен Бизнестің жол картасы аясында кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмысын күшейтуді тапсырды.
- Әзірге «Талдықорған» индустриалды аймағының аумағында небары 6 кәсіпорын орналасқан. Онда 400-дей адам жұмыс істейді. Тағы 3 инвестициялық жоба қола алынып жатыр. Дегенмен пайдаланылмай жатқан жердерді игеру, электр жарығымен үздіксіз қамту, қоғамдық көлік жүргізу ісін қолға алу керек, - деді Қ.Бозымбаев.
Қалада сумен жабдықтау жүйесінің 62%, кәріз жүйелерінің 64% тозығы жеткен. Үшінші бөлімшеде өткен жылы сумен қамту жүйесі салынса, биыл «Ұлан» әскери қалашығына, Еркін аулдарына ауыз су тарту жұмыстарының ЖСҚ-сы дайындалуда. Бүгінгі күні газға қалада 30 мыңдай абонент қосылған. Сол сияқты коттедж қалашығын, басқа да бірнеше елді мекен мен саяжай массивтерін газдандыру ісі жалғасады.
Облыс әкімінің айтуынша, ерекше көңіл бөлінуге тиіс мәселенің бірі – қала маңындағы 20 мың адам тұратын 12 саяжайды инфрақұрылыммен қамтып, абаттандыру жұмыстарын жалғастыру. Бұл орайда «Ключи», «Алмалы», «Қаратал» саяжай бірлестіктеріне 29,7 шақырымдық ауыз су жүйесі тартылды. «Үйтаста» 4,4 км жол жөнделіп, «Шайқорған», «Агропромышленник», «Мерекелік» саяжайларының 39 көшесіне қиыршықтас төселді. «Үйтас» пен «Қызыл тастың» негізгі көшелері жарықтандырылды. «Ащыбұлақ» саяжайына ауыз су жүйесін тартуға 206,4 млн. теңге қаржы бөлінді. Енді «Қызыл тасқа» су құбырын жүргізу бастамасы қарастырылып жатыр. Бұдан басқа да қолға алынған шараларға облыс әкімі кеңінен тоқталып өтті.
Соған қарамастан тұрғындар саяжайларға қатысты көптеген сауалдар қойды. Мәселен, үйтастықтар электр жарығын тарту, жол жөндеу, мектеп салу қажеттігіне, суармалы судың жетіспеушілігіне, орнатылған камералардың жұмыс істемейтіндігіне шағымданса, Пригородный ауылының тұрғындары 2020 жылы тартылған газ құбыры әлі күнге іске қосылмағанын, ауылға жүретін № 16 автобустың қатынау жиілігін ұлғайту және үлкен автобус шығару керектігін айтты. «Қызыл тас», «Мерекелік» саяжайларының азаматтары да осы мазмұндағы мәселелерді көтерді.
- Облыс бойынша 215 мың адам саяжай бірлестіктерінде тұрады. Олардың бәріне ортақ мәселе – инфрақұрылым жасалмаған. Оны түбегейлі шешу үшін алдымен саяжайларға елді мекен мәртебесі берілуі тиіс. Бұл мәселелерді кезең-кезеңімен шешеміз. Ол үшін әкімдік қаланың бас жоспарын қайта әзірлейді. Егжей-тегжейлі жоспарын жасайды. Оған саяжайлар түгел енгізіледі. Сол кезде қажетті әлеуметтік нысандар салуға, инфрақұрылым жүргізуге, жол төсеуге заңды түрде қаржы бөліп, жасай аламыз, - деді Қанат Бозымбаев саяжай тұрғындарына берген жауабында.
Бірқатар азаматтың сауалы тұрғын үй кезегіне және тұрғын үйлерді құжаттандыруға қатысты болды. Бұл туралы облыс әкімі тұрғын үй кезегінің бірыңғай республикалық базасын қалыптастыру кезінде кезектен шығып қалған немесе кезек нөмірі өзгерген фактілер анықталғанын айтты. Сондай-ақ 2015 жылдан бері тұрғын үй беруде ретсіздіктер орын алып, соның салдарынан кейінгі жылдары салынған баспаналарды құжаттандыруда қиындық туындаған. Сондықтан үй берілген әрбір азаматтың бұрын кезекте тұрған-тұрмағаны, кезек реті анықталып, соған сәйкес заң аясында шешім қабылданатын болады. Бұл ретте әлеуметтік әлжуаз топтағылардың жағдайы ескеріледі. Мемлекеттік қызметшілердің үйі қызметтік үй ретінде рәсімделуі мүмкін. «Қалай болғанда да жылдар бойы қордаланып қалған түйінді мәселені шешуді қолға алуымыз керек», - деді Қ.Бозымбаев.
«Айналайын» балалар үйінің бітірушілері тұрғын үйлерін заңдастыру, жекешелендіру, жұмыспен қамту жөніндегі өтініштерін білдірді.
- Қазір біз оқуда да, жұмыста да жоқ жастарды қоғам ортасына тарту үшін колледждерде маусым айынан бастап қысқа мерзімді курстар оқытуды бастаймыз. Жастар дәнекерлеуші, механизатор, басқа да кәсіпті үйреніп шығады. Балалар үйінен шыққан жастарды да осы курстарға тартайық. Сізге жұмыс сұрап келген жастар болса, облыстық білім басқармасына жіберіңіз, ол жерде тиісті бағыт берілетін болады, - деді Қанат Бозымбаев жастарды жұмыспен қамту туралы сауал қойған Дәулет Тобажановқа қаратып.
Шамамен үш сағаттан артық уақытқа созылған жиында жалпы саны 40 азамат 61 сауал қойды. Онда көтерілген мәселелердің барлығы да назарға алынып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.
Кездесудің толық нұсқасын мына сілтемеден көре аласыздар:
https://www.instagram.com/tv/Cc2OPbtK_Gw/?igshid=YmMyMTA2M2Y=
- 28.04.2022
- 277