- Блогтар
- Сұлтанғазиев М.Е.
Сұлтанғазиев М.Е.
Алматы облысының әкімі
Алматы облысының әкімі Кеген ауданының халқымен кездесті
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауданына сапары барысында көрікті Көлсайда болды. Рас, Көлсайдай көлі, Шарындай өңірі, Қарқара мен Үш Меркідей жері көрік берген Кеген ауданының қайта қалпына келгеніне биыл 4 жылдан асты. Осы ауданның бір перзенті Талғат Байедилов өңір тізгінін бекем ұстап келеді. Шүкір, жағдайлары жаман емес. Отыз мыңға тарта халқы, 12 ауылдық округі бар аудан жап-жақсы түлей түсті.
Ауылдарының шырайы кіріп, жағдайлары жақсара түсті.Табиғаты тамашасына толы өлке туризмнің бір Отаны іспетті. Соңғы жылдар аумағында Көлсайға дейінгі жол жасалды, асфальтталды. Соның арқасында Көлсай көлдерін тамашалаушылардың қатары екі есеге артты. 2020 жылы «Көлсай көлдері» Ұлттық табиғи паркінің аумағына келіп демалушылар 83153 адамды құраса, 2021 жылы 160520 адамға жетті. Көлсайды көрем деушілерге 7 туристік бағыт бойынша қызмет көрсетіліп келеді. Биыл Қайыңды көлге дейінгі жол жасалуда. Сонымен қатар Қайыңды көліне дейінгі электр желісін тарту мәселесі Үкіметтің жоспарында бар.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Көлсай өңіріндегі «Атырау Рент» ЖШС-нің туризм саласы бойынша инвестициялық жобаларымен танысты. Оны серіктестіктің директоры Бауыржан Махметов таныстырды. 5 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба бойынша Көлсай өңірінен 17 гектар жер беріліпті. Көлсайға келетін қонақтарды, алыс-жақын шетелдерден келетін туристерді күтуге арналған құрылыс нысанында визит-орталықтар, эко қонақ үйлері, глэмпингтер, сауда-жәрмеңкелік дүңгіршектер, кемпингтер және қазақы ауылдар қызмет көрсетеді. Екі жүздей жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Жалпы, бұл демалыс орны 80 қонақты қарсы алып, жайлы демалып қайтуына мүмкіндік жасайтын болады. Туристік орталықтың құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталып, пайдалануға берілетін болады.
Бұдан соң облыс әкімі Жалаңаш ауылындағы Ж. Ермегияев атындағы орта мектептің жайын көрді. 1971 жылы салынған мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталған. Бір сөзбен айтқанда, білім ордасы жаңа оқу жылына дайын. Күрделі жөндеу жұмыстарын «Құрылысшы ТБС» ЖШС-нің құрылысшылары мен мамандары сапалы аяқтап шықты. 940 балаға арналған мектепте 245 оқушы білім алады.
Аудан әкімі Талғат Байедилов осыған орай білім шаңырағының бос сынып бөлмелерінің негізінде физика-математика бағытындағы лицей ашу қажеттігін, Кеген өнер мектебінің және аудандық балалар мен жасөсіпірімдер спорт мектебінің филиалдарын көбейту керектігін алға тартып, осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартты. Мұны облыс әкімі қолдады. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Н. Теңізбаев алдағы уақытта қысқы және жазғы спорт түрлері бойынша арнайы штат қарастырып жатқанын сөз етті. Облыс әкімі мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына ризашылығын білдірді. Бұдан кейін облыс әкімі М. Сұлтанғазиев көптен бері Райымбек пен Кеген аудандары тұрғындарының орынды ренішін туғызып келе жатқан республикалық маңызы бар «Көкпек – Кеген – Түп» тас жолының жайын көзімен көрді. Жол бойында «ҚазАвтоЖол» АҚ директорының орынбасары Ө. Ерембаев жолды жасауға қатысты жоспарларын ортаға салды. «Көкпек-Кеген-Түп» автомобиль жолының 41 және 53 шақырымы аралығындағы 12 шақырым жол мен Кеген асуындағы жалпы ұзындағы 15 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстарын мердігер «Искер Т» ЖШС белгіленген мерзімнен кешіктіріп, келісім шарт бұзылған екен. Қазір басқа мердігерді анықтау жұмысы қолға алыныпты. 20 тамызда жаңа мердігер белгілі болып, содан соң жол жұмысы қауырт жүргізіледі. Аталған жерлерді биыл бітіру көзделіп отыр. Жалпы, жол келесі жылдың қазан айына дейін толығымен аяқталады. Кеген мен Нарынқолдың арасындағы жолдың да жоба-жоспарлары жасалуы қажет.
Облыс әкімі Кеген аудандық мәдениет үйінде әр ауылдық округтен келген ақсақалдармен, қазыналы қарттармен жүздесуін өткізіп, қабылдауына келген адамдарға жеке қабылдау жасады.
Аудандық мәдениет үйінің кіреберісінде өңірді дамытуға арналған инвестициялық жобалармен танысты. Бұл орайда «Слава Мұнай Сервис» ЖШС-н айта кетуге болады. Аталған құрылым сонау өткен ғасырдағы Текелі кен байыту комбинатының филиалы болған Тұйық кен орнын қайта игеру жұмыстарын қолына алған. 2040 жылдарға дейін Тұйық кен байыту зауытын іске қоспақ. Пайдалануға берілген кезде 600 адамға дейін жұмыс істейтін болады.
Аудандық мәдениет үйінің үлкен залында Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиевтың Кеген ауданы халқымен жүздесуі өрнектелді.
Алғашқы болып сөз алған Кеген ауданының әкімі Талғат Байедилов ауданның өткен 6 айы ішінде атқарға жұмыстары туралы әңгімеледі. Алты айдың ішінде 11 348 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімі, 9 348 миллион теңгенің ауыылшаруашылық өнімдері өндіріліпті. Өңірге 1 990 миллион теңгенің инвестициясы тартылыпты. Осы мерзімде 2 222 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылыпты. Қарқара ауылында спорт залымен біріктірілген мәдениет үйі салынуда. Бұл Бөлексаз ауылына да тән құбылыс. Аталған ауылдан да жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Қарқара ауылында салынған ФАП ғимараты бітуге таяу. Мұның сыртында аудандық аурухана, Жалаңаш ауылындағы ауылдық аурухана, Алғабас ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілуде. Ауданда Ж. Ермегияев атындағы орта мектептен бөлек Қарабұлақ орта мектебі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Кеген ауылдық округі әкімдігінің жаңадан кеңсе ғимарты салынуда. Мұның бәрі жақсы дүние.
Облыс әкімі М. Сұлтанғазиев облыстың 6 ай ішіндегі даму көрсеткіштерін ортаға салды. Кеген ауданында 27 мың бас аналық іріқара болса, тек бір ғана сауын фермасының жұмыс істейтінін айтты. Көбейту қажет. Ауданда 1,6 мың тонналық 2 көкөніс қоймасы бар. Бұл мүлде аздық етеді. Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жұмыстарды ширата түсу керек. Көлсайдағы демалыс орындарын өзеннің жағасына емес, тау етегіне қарай орналастыруды қолға алған абзал.
Аудан халқын таза ауыз сумен қамтуды одан әрі жалғастыру қажет. Облыс әкімі аудандағы ішкі жолдардың жайына ризашылығын айтты. Қайқы асуындағы халықты ашындырып отырған жол мәселесінің биялғы жылы толығымен бітетінін, ал, Кеген мен Нарынқол ауылдарының арасындағы республикалық маңызы бар жолды жасап, ретке келтірудің қажетті құжаттарын жасату қажет деді. Облыс әкімі Кеген ауданына жасалған сапар бойынша іс-шаралардың жоспары жасалып, бекітілетінін, нақты жұмыстар қолға алынатын жеткізді. Бұл көпшілікті қуантып тастады.
Жиналыста алғашқы болып Кеген ауылының тұрғыны Маркия Мұқамедиев сөз алып, аудан орталығындағы Ө. Жаңабаев атындағы және К. Нұрпейсіов атындағы орта мектеп лицейінің ескі ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізіп беруге көмектесуін сұрады. Аталған екі мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге біріне миллиард теңгеден астам, екіншісіне 977 миллион теңге қаражат қажет екен. Облыс әкімі құжаттары дайын тұрған К. Нұрпейісов атындағы орта мектеп лицейін күрделі жөндеуден өткізуді облыстық мәслихаттың қарауына өткізіп, сол арқылы келесі жылдың жоспарына енгізуді тапсырды. Ал, Ө. Жаңабаев орта мектебі алдағы жылдың жоспарына енгізілмек. Шырғанақ ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Роза Батырханова қарамағына Көкпияз, Талды, Кіші Қарқара, Кеңсу секілді 6 ауыл қарайтын Шырғанақ ауылдық округінінің орталығынан бір мәдениет үйінің жаңа ғимаратын салуға көмектесуін сұрады. Облыс әкімі дәл қазіргі таңда ауданда Қарқара, Бөлексаз ауылдарында, оның сыртында Жалаңаш ауылында мәдениет үйлерінің салынып жатқанын айта келіп, Шырғанақ ауылынан жаңадан мәдениет үйін салу мәселесін қарастыратынын алға тартты.
Кеген аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Халық Зықаев халықтың орынды өкпе, ренішін тудырып отырған жол мәселесін қайта қозғады. Кеген мен Қайқы асуындағы жолды Кравченко басқаратын «Искер Т» ЖШС-нің ұтып алғанының аудан халқына тиімсіз болғанын сөз етті. Өйткені, аталған серіктестік облыс бойынша ең көп тендерді ұтып алған. Жұмыс көлемі көп. Ал, оның бәрін бір мезгілде жүргізу, орындау мүмкін болмады деді. «Искер Т» ЖШС-нің асфальт зауытының шығарған өнімі сапасыз болды, зауыт жұмыс тоқтап қалды. Мұның бәрін «Қазавтожол» мекемесінің басшылығы мүлде тексермеді деп ренішін жеткізді. Сонымен қатар Бөлексаз ауылындағы ауыз су жұмыстарын толығымен бітірмей кетіп қалған мердігер «Дәнекер» ЖШС-нің басшылығына да орынды ренішін айтты. Бұлар да Қазақстан бойынша 60-қа тарта ауыз су жұмысын қайта жаңғыртуды ұтып алған. Бірақ, жұмыстары сапасыз, бітірмей кетті. Аудан әкімі аталған мердігердің басшылығын сотқа беріп жатқандарын сөз етті. Х. Зықаев өз тұсында «КазМЯСО» ЖШС-нің иелігіне өтіп кеткен Тасбұлақ, Шайтансай секілді өңірлердегі игерілмей жатқан шабындық алқаптарын жергілікті тұрғындарға қайтарып алып беруге көмек жасауын өтінді. Облыс әкімі аталған жерлер шын мәнінде игерілмей жатса, қайтарып алу үшін жұмыс жасалатынын сөз етті. Оның сыртында Қарабұлақ өңіріндегі бұрын балалар лагері болған жерді қайтарып алу бағытында жұмыстар жүргізілетінін, Кеген халық театрының штатын қайта қарау, еңбекақыларын көтеру мәселесі де назарда болатынын жеткізді. Бұл мәселелерді облыстық мәслихатта қарау қажеттігін алға тарты.
Жиналаста Жалаңаш ауылының тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Мұхтар Тоқтыманов сөз алып, аудан орталығындағы, ауыл-ауылдардағы ауыз су, жол жасау, көше шамдарын орнату бойынша көп жұмыс жасалып жатқанын айта келіп, аудан әкімінің атына жылы лебізін білдірді. Жылысай ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Болат Таубалдиев ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті одан әрі дамыту, мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын қолдау туралы жақсы ұсыныс, пікірін ортаға салып кетті. Кеген ауылының тұрғыны Талғат Өзекбаев аудан орталығында, туристер мен қонақтар ағылып барып жатқан Саты ауылында, Көлсай өңіріінде бір орталықтан кәріз жүйесін жүргізу, жүзеге асыру қажеттігін орнымен көтерді. Бұл мәселе де назарда болатын болды.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев түстен кейін күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан аудандық аурухананың ғимаратын көрді. Бұдан соң Қарқара ауылдық округіне қарасты Ислам Хуршудов басқаратын «Қарқара өнімдері» ЖШС-нің игілікті шаруаларымен танысты. Аталған серіктестіктің 1160 гектар жері бар. 380 гектар жерге сепкен күздік бидайлары жақсы деңгейде. Оның сыртында 350 гектар жерге эспарцет тұқымы, 250 гектар жерге берері көп супер элиталық көп жылдық шөп тұқымы өсірілген. Өсіріліген дүнелердің жағдайы жақсы. Облыс әкімі серіктестік жұмысына ризашылығын білдіріп, аттанды. Жолай Кеген ауылынның күн шығыс жағынан салынып, пайдалануға берілген 51 тұрғын үйді көрді. Биыл салынып жатқан 1 жобалы 3 бөлмелі 20 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Жаңадан салынып жатқан үйлердің керегесі қаланып бітіп, шатырлары жасалуда. Құрылыс жұмыстарын «Құрылысшы ТБС» ЖШС-нің құрылысшылары қарқынды жүргізуде. Бұдан соң Кеген ауылынан шыға берістегі «КегенМясПром» ет комбинатының құрылыс жұмыстарын көзімен көрді. Оның жұмысы, алдағы жоспарлары туралы серіктестіктің директоры Тоқтарбек Баймолдаев айтып берді. Әр маусымда 15 тонна ет өңдейтін, 1,5 мың килограмм шұжық, 1 мың банкі ет консервісін шығаратын ет комбинатының ғимараты салынуда екен.
Келешекте мал бордақылау жұмыстары қолға алынбақ. Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарының етке өткізетін төрт түлік малдарын өздері қабылдауды ойластыруда. Серіктестік директоры болашақта жайлымдық, шабындық мың гектарға дейін жердің қажеттігін алға тартты. Бұл жүзеге аса, өңір үшін игілікті шаруа болғалы тұр. Облыс әкімі олардың жұмыстарына сәттілік тілеп, аттанды.
- 08.08.2022
- 242