- Блогтар
- Балаева А.Ғ.
Балаева А.Ғ.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі
2022 жылдың II жартыжылдығында мемлекеттік органдардың халықпен 170-тен астам кездесуін өткізу жоспарланған
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында орталық және жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының 2022 жылдың І жартыжылдығындағы халықпен кездесулерінің қорытындылары қаралды. Мәселе бойынша ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады.
Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың азаматтармен диалогын күшейту үшін жыл сайын халықпен тұрақты кездесулер өткізуді тапсырды. Бұл Жаңа Қазақстанды құру жолындағы басты қадамдардың бірі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың сөзінше, биылдан бастап орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының өңірлерге барып, халықпен жүзбе-жүз кездесу өткізудің жаңа тәртібі жүзеге асып жатыр.
Президенттің «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулер өткізу туралы» жарлығы қабылданды. Мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде 2022 жылға арналған орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулер кестесі жасалды. Ол барлық орталық атқарушы органдармен келісіліп, Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілді. Сонымен қатар ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Халықпен кездесулер өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі, оларды бұйрықпен бекітіп, мемлекеттік органдардың назарына жеткізді.
ҚР АҚДМ мен орталық атқарушы органдар өзара жедел іс-әрекет жасау үшін WhatsApp мессенджерінде арнайы топ құрылды. Сонымен бірге Жарлық талаптарын ескере отырып, мемлекеттік органдардың халықпен өткізген кездесулері бойынша ақпарат ұсынудың бірыңғай формасы әзірленді.
«Орталық атқарушы органдар басшыларының жарты жыл ішінде халықпен кездесулерін талдағаннан кейін мынадай қорытындыға келдік. Орталық атқарушы органдар өңірлердегі кездесулерді ұйымдастырудың алдында осы аймақ азаматтарынан келіп түсетін өтініштерге талдау жүргізеді. Танымал әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланған, азаматтарды толғандыратын мәселелер мен посттар есепке алынады. Кездесуге орташа алғанда 500-ге дейін адам қатысқан, кездесулер 3 сағатқа дейін созылып, оның 75% уақыты сұрақ-жауап сессиясына арналған», — деді министр.
2022 жылға барлығы 227 кездесу өткізу жоспарланған, оның 55-і бірінші, 172-і екінші жартыжылдықта өтеді. Жыл басынан маусым айына дейін 45 кездесу өткізілген. Министрлер көбіне Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарына барған. Ал Алматы, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында кездесулер аз болған.
Министрдің айтуынша, кездесулерді өткізу мерзімін сақтамау фактілері болған. Бірнеше министрліктің бір уақытта бір өңірге жол тартуы кестені бұзып, жергілікті атқарушы органдардың кездесулерді ұйымдастыру сапасына әсер етуі мүмкін.
Тағы бір маңызды мәселе – кездесулерді кеңінен ақпараттандыру. Ақпараттық мониторинг кездесулердің республикалық және өңірлік телеарналар мен баспасөзде, әлеуметтік желілерде кең жарияланғанын көрсетті. Мемлекеттік органдар өткелі отырған кездесулер туралы аңдатпаларды ресми интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарда жариялап отырды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрінің айтуынша, ведомствоның барлық қажетті ресурстары бар және министрлік әрбір кездесуді жариялауға дайын. Бірақ бұл жұмыс ұжымдық сипатқа ие болуы тиіс және жариялауға арналған материалдарға тікелей тәуелді болып келеді.
Үшінші маңызды мәселе – Жарлық талаптарын сақтау. Олар: халықтан сұрақтарды алдын ала жинау, онлайн трансляция, БАҚ-қа арналған брифинг өткізу, азаматтарды жеке қабылдау, коммерциялық емес ұйымдармен кездесу, проблемалық мәселелер бойынша іс-әрекет жоспарын дайындау.
«Талдау көрсеткендей, мемлекеттік органдар жалпы Жарлық талаптарын орындаған. Алайда мемлекеттік органдар кездесулердің әлеуметтік желілердегі онлайн-трансляцияларын және журналистерге арналған брифингтерді әрдайым өткізбейді. Кездесулердің қорытындылары бойынша Проблемалық мәселелер тізбесі бар іс-әрекет жоспарлары жасалмаған не ашық қолжетімді жерде орналастырылмаған», — деді А. Омаров.
Министрлер өңірлердегі кездесулер кезінде азаматтардың бірқатар өзекті мәселесінің бар екенін біліп, оларды тіркеп отырды. Халықты неғұрлым көп толғандыратын мәселелер:
- қалалар мен ауылдық елді мекендердегі ұялы байланыс пен Интернеттің сапасы;
- өңірлерді электрлендіру және газдандыру;
- сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету;
- міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру;
- өнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысын көтеру;
- мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері (сурдо реабилитологтардың тапшылығы, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектер сатып алатын техникалық құрылғылар мен оңалту құралдарының сапасының төмендігі);
- білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау, бала асырап алу, қашықтан оқыту форматы, оқу бағдарламаларын жаңарту;
- спорт секциялары мен шығарма үйірмелерін жан басына қаржыландыру.
«Министрлер мен әкімдердің кездесулерінде халық көтерген проблемаларды салыстырмалы талдау ведомствоаралық деңгейде шешуді талап ететін екі мәселенің шығу төркіні ұқсас екенін көрсетті. Олар қандай мәселелер? Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру мәселелері», — деді ақпарат және қоғамдық даму министрі.
ҚР АҚДМ кездесулері бойынша азаматтар тарапынан басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын сұрақтар келіп түскен. Бұл орайда министр ведомствоның өз тарапынан оларды шешуде мүмкіндігінше жәрдем беруге тырысатынын айтты.
«Біз өңірге өз мемлекеттік органымыздың ғана емес, бүкіл Үкіметтің атынан баратынымызды айтқымыз келеді. Сондықтан азаматтардың мәселелерін қай мемлекеттік органның құзыретіне жататына қарамастан, тіркеу қажет. Кездесулер нақты адамдарға, нақты көмекке мұқтаж жандарға бағытталуы керек», — деді Асқар Омаров.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік органдар мен халық арасында тиімді кері байланыс орнап, сол байланыс халықты шешім қабылдау процесіне белсенді тартқан жағдайда ғана Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған Мемлекет басшысының реформаларын іске асыруға болатынан айтты.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, ақпарат және қоғамдық даму министрі мынадай ұсыныстар айтты:
Біріншіден, мемлекеттік органдар кездесу өткізу кезінде Жарлықтың барлық талаптарын сақтап, Кестеде көзделген мерзімдерді ұстанып және Әдістемелік ұсынымдарды орындауы керек.
Екіншіден, облыс орталықтарына шығумен шектелмей, аудандарға, ауылдар мен кенттерге баруды да ұмытпау керек. Министрліктер облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі мәселелерді байқап, шешуге мүдделі екенін халыққа түсіндіруі маңызды.
Үшіншіден, мемлекеттік органдардың халықпен кездесулерін ақпараттандыруды күшейту. Мәселелерді шешуде мемлекеттік органнан нақты көмек алған азаматтардың жеке оқиғаларына баса назар аудару ұсынылады. ҚР АҚДМ, өз кезегінде, оларды республикалық БАҚ-та жариялау жағынан көмектеседі.
Төртіншіден, талдау және мониторинг жүргізу, сондай-ақ, Жарлықтың орындалуы барысы туралы Үкімет пен Президент Әкімшілігін жүйелі түрде хабардар ету мақсатында өткізілген кездесулердің нәтижелері туралы ақпаратты ҚР АҚДМ-ға жолдап отыру керек.
Әрі қарай ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Оның айтуынша, әкімдіктер мәслихаттармен келісе отырып, 2022 жылға арналған кездесулердің икемді күнтізбелерін бекітті, онда барлық деңгейдегі әкімдер I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 594 мың адамның қатысуымен 8,5 мыңға жуық кездесу өткізді.
Тұрғындар тарапынан инфрақұрылым, абаттандыру, реконструкциялау, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу мен тұрғын үй мәселелері және т.б. бойынша 29,2 мыңнан астам ұсыныс айтылып, сұрақ көтерілді.
«Жергілікті атқарушы органдармен кездесулердің қорытындысы бойынша 12,6 мың мәселе шешілді (43%), әкімдіктердің бақылауында қалған сұрақтарды шешу үшін 515 млрд теңге қажет. Өңірлер бюджеттерді түзету аясында 149,2 млрд теңге немесе қажеттіліктің 29%-ын қарастырған», — деді ұлттық экономика министрі.
Өңірлер бойынша 6 өңірде жергілікті бюджет қаражатымен қамтамасыз ету деңгейі орта республикалық деңгейден аз, ең төмен көрсеткіш Павлодар (7,7%), Солтүстік Қазақстан (8%) және Алматы облыстарында (11,8%) тіркелген.
Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар деңгейінде шешуді қажет ететін проблемалық мәселелердің тізбесі қалыптастырылды. Бұл тізім 140 мәселедентұрады.
Сұрақтардың басым бөлігі (86 сұрақ немесе 61%-ы), республикалық бюджеттен қаржы бөлу қажеттілігіне байланысты болды, оның ішінде:
- өңірлерде 18 сұрақ бойынша қажетті құжаттама жоқ (ТЭН, ЖСҚ);
- бірнеше кезеңде қаржыландыруды қажет ететін 22 ірі жоба мен жүйелі мәселеге республикалық бюджеттен биыл 102,9 млрд теңге қарастырылған.
Мысалы, «Донское-Бадамша-Ақтөбе-Орск» (45-60 км және 60-75 км учаскелері) автомобиль жолын қайта жаңарту жобасының жалпы құны 5,9 млрд теңге болса, биыл жергілікті бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді немесе Зайсан ауданының халқын газбен жабдықтау ушін 2022 жылы 2 жаңа жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 570 млн теңге бәөлінді, ал 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру аясында осы 2 жобаны іске асыру үшін 730,5 млн теңге сомасына бюджеттік өтінім берілді;
- 16 жоба бойынша – 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру аясында 17,7 млрд теңгені бөлу мүмкіндігі қарастырылады;
- 14 мәселені қаржыландыру әлі де мемлекеттік органдардың қарауында жатыр.
«Аталған сұрақтар құжаттаманың болуы, министрліктердің құзыреті және т.б. негізінде РБК қорытындысын ескере отырып, заңнамада белгіленген тәртіппен шешілетін болады», — деді ұлттық экономика министрі.
Қаржыландыруды талап етпейтін 54 мәселенің 42-сін мемлекеттік органдар жұмысқа алды.
Мысалы, кейбір нормативтік-құқықтық актілерге, оның ішінде 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемдерін есептеу әдістемесіне, мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды іске асыру тетігіне және т.б. сұрақтарға қатысты өзгерістер енгізу бойынша салалық министрліктер тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Әлібек Қуантыровтың айтуынша, әкімдіктердің өз құзыретіне кіретін сұрақтарды орталық денгейдегі шешілетін проблемалық мәселелер тізбесіне енгізу фактілері бар. Осыған байланысты 140 сұрақтың ішінен мемлекеттік органдар 28 мәселені қолдамады.
Жоғарыда көрсетілген талдау негізінде орталық мемлекеттік органдардың Үкімет отырысына енгізуі үшін Үкімет деңгейінде шешім қабылдауды талап ететін 14 мәселе таңдалды, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі 5, Экология, геология және табиғи ресурстар, Оқу-ағарту, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне 2-ден, Мәдениет және спорт, Сыртқы істер, Қорғаныс министрліктеріне 1 мәселеден бекітілген.
«Жалпы әкімдердің коммуникациясының жаңа форматын азаматтар оң қабылдады және халықтың сұранысына жауап беру үшін жоғары өзектілікке ие», — деді Ә. Қуантыров.
Министрдің айтуынша, кейбір әкімдіктер әлі де кездесулер өткізудің жаңа форматына толық көшкен жоқ. Мәселен, кездесуге азаматтарды белгілі тізіммен жіберу, кездесу орнын әкімдікке қатысты мекеме қызметкерлерімен толтыру немесе алдын ала жоспарланған сұрақтарды көтеру сынды кемшіліктерге жол беріліп жатыр.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде төмен денгейде ақпараттандыруға қатысты шағымдар бар, көптеген азаматтар әкімдердің жоспарланған кездесулері туралы бейхабар екенін айтып жатыр. Осыған байланысты министр өңірлер әкімдерін халықпен кездесулерді Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өткізуге шақырды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндамасын қорытындылай келе, жүргізіліп отырған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын одан әрі қалыптастыру мақсатында, сондай-ақ халық көтеретін мәселелерді шешу үшін орталық мемлекеттік органдарға, Қаржы министрлігіне және әкімдіктерге бұдан әрі республикалық және жергілікті бюджет жобаларын қарау кезінде әкімдердің кездесулерінде халық көтеретін мәселелерді ескеруді тапсыруды сұрады. Оның айтуынша, әкімдіктер қажеттілігіне қарай тиісті құжаттаманы (ТЭН, ЖСҚ) әзірлеуді жеделдетіп, орталық мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс атқаруы қажет.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің мәлімдеуінше, жалпы биыл өңірде 2 128 кездесу жоспарланған.
«Ұсынымға сәйкес халықпен кездесулер сахнасыз, трибунасыз және панельдік пікірталастар қағидаты бойынша өтіп жатыр. Бұл формат әкімдерге тұрғындармен ашық және қолжетімді түрде байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Халық жалпы бұндай өзгерістерді оң әсермен қабылдап отыр», — деді әкім.
Кездесулердің жыл аяғына дейінгі кестесі, сондай-ақ өткізілетін орындары туралы мағлұмат алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Бұл өз кезегінде халыққа да кездесуді алдын ала жоспарлауына ыңғайлы болып отыр.
Облыс әкімінің сөзінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыста 717 кездесу өткізілді, оған барлығы 21 мыңнан астам адам қатысты, 1 259 мәселе көтерілді. Әрбір кездесуге тиісті әкімдермен бірге құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады, сол жерде сұрақтар қаралып, мәселелердің көп бөлігі кездесу барысында шешімін тапқан.
Сонымен қатар кездесулерден кейін міндетті түрде тұрғындардың жеке сұрақтары бойынша қабылдаулар өткізіліп жатыр. Бүгінде 166 жеке қабылдауда 1 448 азаматтардың сұрақтары қаралды.
Осы өткізіліп жатқан кездесулердің нәтижесі келесі маңызды мәселелерді анықтауға мүмкіндік берді:
Біріншіден, азаматтық қоғам белсенділігінің біраз жоғарылауы байқалады. Бұл өз кезегінде жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге ықпал етіп, әлеуметтік шиеленістердің төмендеуіне мүмкіндік берді.
Екіншіден, өңірдегі аумақтардың, тіпті әрбір тұрғын үй алқаптарындағы маңызды проблемалық мәселелерді анықтауға жағдай жасалды.
Үшіншіден, тұрғындар арасынан пікір көшбасшыларын, белсенді азаматтарды іріктеуге мүмкіндік берді. Соларды кейіннен қоғамдық кеңеске, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына мүше ретінде, депутаттыққа белсенді тартуға мүмкіндік болады.
«Осы тұрғыда жинаған тәжірибеміздің арқасында тұрғындармен тиімді байланыс орнату мәселесіне қатысты бірнеше ұсыныстарымыз бар», — деді Ақтөбе облысының әкімі.
Біріншіден, кездесулерде қоғамға ортақ мәселелерді қарау қажет, ал жеке сұрақтар кейін қабылдау кезінде қаралады. Алайда сұрақтардың көптігіне байланысты кездесулерден бөлек, тұрақты түрде «азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнін» өткізу ұсынылды. Себебі қабылдау алдын ала жазылусыз өтіп, барлық тұрғындар қатыса алса, көптеген сұрақтар сол жерде оперативті түрде шешімін табады. Бүгінде облыс осындай форматта тұрғындармен қабылдауды өткізіп жатыр. Нәтижесінде әкімдікке түсетін арыз-шағымдардың азаюда.
Екіншіден, осы өтіп жатқан кездесулердің қорытындысы бойынша белсенді, жанашыр тұрғындар мен топтардың арасынан Аумақтық өзін-өзі басқару кеңестерін құруды ұсынылды. Бүгінде Ақтөбе қаласы 38 аумаққа бөлініп, проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін аталған белсенді тұрғындардың қатысуымен Кеңестер құрылды. Нәтижесінде бүгінде өтіп жатқан кездесулерде тұрғындардың көтеріп жатқан сұрақтарының сипаты өзгеріп, көбіне жалпы қалаға қатысты, қаланы көркейтуге қатысты ұсыныстарды көтеріліп жатыр. Осы Аумақтық өзін-өзі басқару кеңестерін қаржыландыруды заңға сәйкес жергілікті бюджеттен жоспарланып отыр.
«Жоғарыда аталған ұсыныстардың нәтижесінде халықпен кездесулерде жеке сұрақтар азайып, жалпы қоғамға ортақ мәселелердің қаралуына және тұрғындармен тиімді диалог орнатуға мүмкіндік береді», — деді Оңдасын Оразалин.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов 2022 жылдың 1 жартыжылдығы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесу қорытындылары туралы баяндама жасады.
«Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыста жыл аяғына дейін барлық деңгейдегі әкімдердің 1 226 кездесуі жоспарланып, кездесу кестелері мәслихат сессиясында келісілген. Бүгінгі таңда 579 кездесу өткізіліп, оған 25 мыңнан астам адам қатысты», — деді Жамбыл облысының әкімі.
Оның айтуынша, облыс әкімінің қатысуымен жыл соңына дейін жалпы 35 кездесу жоспарланып, оның 16-ы өткізілді. Кездесулер барысында тұрғындар тарапынан 2 мыңға жуық әртүрлі сұрақтар мен ұсыныстар көтерілген. Атап айтқанда, 73-і тұрғын үйге, 193-і жер қатынастарына, 276-сы жол салу және жөндеуге, 160-ы денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спортқа, 365-сы су және газбен қамтамасыз етуге, 121-і ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға қатысты болса, 690-өзге – мәселелер.
Бүгінде олардың 582-cі оң шешімін тапса, 497-cіне кездесу барысында түсінік беріліп, 799-ы бақылауға алынды. Тұрғындарды жиі толғандыратын мәселелер – тұрғын үйге, ауыз су мен көгілдір отынға қол жеткізу.
Облыста 4 388 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Осы жылы 3 120 пәтер пайдалануға беріледі. 8,3 млрд теңгеге инженерлік-инфрақұрылымдық 32 жоба іске асырылып, жеке тұрғын үй құрылысына 3 198 жер телімі таратылады. 2025 жылға дейін 401 мың м2 көп пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. 52 млрд теңгеге 14,3 мың жер телімі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылады.
Облыс әкімінің айтуынша, тұрғын үй мәселесін шешуге өңірдегі «Асар» жобасы оң септігін тигізуде. Оның аясында 2020 жылдан бері 233 мұқтаж отбасы баспанамен қамтылса, 2022 жылы құрылысы жоспарланған 121 үйдің 18-і пайдалануға берілді.
Бүгінде ауылдық елді мекендердің 269-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 2022 жылы 19,8 млрд теңгеге 40 елді мекенде құрылыс жұмыстары іске асырылуда. Оның ішінде жыл қорытындысымен 30 елді мекендегі 30,4 мың халық сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Қалған 10 елді мекендегі құрылыс жұмыстары 2023 жылға ауысады. Нәтижесінде, ауыз сумен жабдықтау деңгейі 297 елді мекенге жеткізіліп, 652,4 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылады. Сол сияқты бүгінде елді мекендердің 259-ы табиғи газбен қамтылған.
«2022 жылы 11,9 млрд теңгеге 43 елді мекенде құрылыс жұмыстары іске асырылуда. Оның ішінде жыл қорытындысымен 17 елді мекендегі 8,8 мың халық газға қосылатын болады. Қалған 26 елді мекендегі құрылыс жұмыстары 2023 жылға ауысады. Нәтижесінде, газбен жабдықтау деңгейі 274 елді мекенге жетіп, 1 029,3 мың адам табиғи газбен қамтылатын болады. Өңірдің даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай облыс елді мекендері 100% ауыз сумен және табиғи газбен қамтылады», — деді Жамбыл облысының әкімі Н. Нұржігітов.
Сондай-ақ жол мәселесі де – тұрғындардың назарында. Облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ды құрап отырса, елді мекен көшелерінің үлесі 79,2% деңгейінде. 2022 жылы автожол саласын дамытуға 16,2 млрд теңге бөлінді. Оған 605,2 шақырым жолды орташа жөндеу, 9,4 шақырым жолды қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Нәтижесінде, облыста жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 97% болмақ.
2025 жылы осы көрсеткіштерді жақсарту мақсатында 6 млрд теңгеге 18 жол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары, 27,2 млрд теңгеге 104 облыстық, аудандық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жүргізіліп, жақсы, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 99,5%-ға жеткізу көзделіп отыр. Елді мекен көшелерінің үлесін 94,1%-ға дейін жақсартуға 25,9 млрд теңгеге 726 жоба іске асырылып, асфальт жабындысы төселеді. Аталған жұмыстар денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт және жер салаларында да жоспарлы жүруде.
Сондай-ақ әкімдер жалпы 579 жеке қабылдау өткізіп, 1 200-ден астам азамат сұрақтарына жауап алды. Кездесулер мен жеке қабылдаулар құқық қорғау органдары басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес пен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткізіліп жатыр.
Сонымен қатар жоспар бойынша кездесуге 7 жұмыс күн бұрын, алдын ала тиісті облыстық мемлекеттік органдармен бірлесіп, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді анықтау, халықпен пікір алмасулар, олардың өтініштерін қарау шаралары ұйымдастырылуда. Бұл ретте жүйелі проблемалардан бөлек, жекелеген азаматтардың мәселелеріне де мән берілуде.
«Аталған жүйе кездесу алдындағы тұрғындардың мәселелерін терең зерделеп, кездесу кезінде нәтижелі жұмыс жүргізуге септігін тигізеді. Әрбір кездесу қорытындылары бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, әкімдік сайттарында орналастырылып жатыр. Сондай-ақ орындалу барысы ресми сайттарда жариялануда. Халық тарапынан көтерілген мәселелердің орындалуы биылғы 2 тамызда өткен облыс әкімдігі мәжілісінде қаралды. Бұл бағытта жұмыстар жоспарлы түрде жалғасады», — деді Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.
- 16.08.2022
- 248