- Блогтар
- Байханов А.
Байханов А.
Павлодар облысының әкімі
Мемлекет басшысы Павлодар облысы дамуының басым бағыттарын айқындады
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды. Ел алдындағы сіңірген еңбектері үшін өңірдің бірқатар азаматтары марапатқа ие болды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары жұртшылықпен кездесуден басталды. Мемлекет басшысы өз сөзінде Павлодар облысының Қазақстан дамуындағы ерекше рөлін атап өтті.
- Павлодар облысында «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты айқын көрініс тапқан. Бұл аймақты экономикамыздың энергетикалық жүрегі деуге болады. Соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 миллиард теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да салалар қарқынды дамып келе жатыр. Мұның бәрі жергілікті жұрттың тұрмысы жақсарып, әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді. Еліміз қазір жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңіне қадам басты. Біз алға қойып отырған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға Павлодар облысы зор үлес қосады деп сенемін, - деді Президент.
Мемлекет басшысы өңір дамуының басым бағыттарына ерекше назар аударды. Біріншісі – индустриалдық-инновациялық потенциалдың нығаюы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекеттің ілгерілемелі дамуы үшін электр энергиясының көлемі жеткілікті болуы шарт. Сондықтан Қазақстанның экономикалық прогрессінде Павлодар облысына ерекше міндет қойылып отыр.
- Бүгінде халықаралық компаниялардың көбі өз филиалдарын Қазақстанға көшіруде. Олар зор көлемдегі ақпаратпен жұмыс істейді және оны сақтау мен өңдеу үшін энергия қуаты қажет. Осы орайда Цифрлық даму министрлігіне жыл соңына дейін Екібастұзда Мәліметтерді өңдеудің жаңа орталығын салу бойынша ұсыныс жолдауды тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.
Павлодар облысы алдында қойылған екінші міндет ретінде Мемлекет басшысы экология мәселесін атады. Президент өндірістік шығындыларды қайтара өңдеу саласын дамытуды тапсырды.
- Экологиялық ахуал – азаматтар өмірінің ең маңызды көрсеткіші. Сондықтан өндірістік мүмкіншіліктерді күшейту мен экологияны қорғау арасындағы балансты сақтау аса маңызды. Өңірдің төрт кәсіпорны кешенді экологиялық шешімдер қабылдап, заманауи технологияларды пайдалануды қолға ала бастады. 2030 жылға қарай зиянды шығындылар көлемі 47 мың тоннаға дейін азаяды деп күтілуде. Үкімет пен облыс әкімдігі қалған кәсіпорындарды осындай технологияларға көшіруді тездетуі тиіс, - деп атады Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Президенті «EcoStudentKZ» экологиялық челленджін қолдаған Павлодар мен Екібастұз жастарының белсенділігін ерекше атады. Қасым-Жомарт Тоқаев сумен қамту мәселелеріне де ерекше көңіл бөлді.
- Үш жылда ауылдағы ағайынды таза сумен қамту көрсеткіші 55-тен 94 пайызға дейін өсті. Биыл аймақта осындай 19 жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік келесі жылы құны 14 миллиард теңге болатын тағы 39 жобаны қолға алуды ұсынып отыр. Осыған орай, Үкіметке қаржы бөлуді тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.
Өңір үшін маңызды приоритеттің бірі – өңір инфрақұрылымының дамуы. Президент Үкіметке келесі жылы облыс орталығын айналып өтетін жаңа көпір құрылысын бастауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев жолдардың қысқы уақытта күтіп-баптау мәселесіне тоқталып, Астана – Ерейментау – Шідерті тас жолында қар күрейтін техника санын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Одан бөлек, Үкіметке жыл соңына дейін «Павлодар – Астана» тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру тапсырылды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы креативті индустрия және туризмді дамытуды да міндеттеді.
- Жергілікті жағалаудың ерекшелігі – өзен жағасында «Қазқонақ» неоген жануарлары сүйектері жиналған әлемдегі ең ірі ескерткіш орналасқан. Әлемдік деңгейдегі бірегей палеонтологиялық ескерткішті сақтап қалу аса маңызды. Мұндай нысандар қаланың символикалық капиталын күшейтіп, туристерді тартады.
Президенттің пікірінше, Павлодардың трамвай жүйесін дамытуды жалғастыру керек. Ол үшін жылжымалы құрамды жаңартып, облыс орталығында көпфункционалды мұз сарайын салу мәселесін қарастыру қажет.
Кездесу соңында Павлодар облысының бірқатар тұрғындары ҚР Президенті қолынан мемлекеттік наградаларға ие болды. Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбек сіңіргені үшін «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» РМК директорының кеңесшісі Леонид Батталов «Парасат» орденімен, Жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушы-оқытушысы Азамат Мақажанов және Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың перинаталдық орталығының бас дәрігері Айман Оспанова «Құрмет» орденімен, «Қазақстан алюминийі» АҚ учаске бастығы Еркебұлан Құсайынов ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталса, «Қазақстан» РТРК меншікті тілшісі Болат Аманбаевқа «Ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді.
Әрі қарай Президенті дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 гимназиясына барды. Ондағы оқушылар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Рамазан Тоқтаров шығармашылығы аясындағы «Мектеп кітап оқиды» жобасы туралы әңгімелеп, жазушының «Ертіс мұхитқа құяды» атты кітабын сыйға тартты. Мемлекет басшысы сол жерде республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған оқушыларды тәрбиелеген Павлодар облысының үздік педагогтарымен кездесті. Президент оларды кәсіби мерекелерімен және гимназияның мерейтойымен құттықтады.
Жұмыс сапарының соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар алюминий зауытының жұмысымен танысты. «Қазақстан алюминийі» АҚ сегіз мың шамасындағы адамды тұрақты табыс көзі және әлеуметтік көмекпен қамтуда. Еуразиялық топтың Басқарма басшысы Серік Шахажанов Президентке экологиялық стратегияның жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат жеткізді. 2030 жылға дейін қатты заттардың шығындыларын 50 мың тоннаға дейін қысқарту жоспарлануда. Зауыттар мен ЖЭО-ларда фильтрлер ауыстырылып, күлтұтқыш салынады, декарбонизация бойынша жобалар жүзеге асырылады. Еуразиялық топ алдағы 3 жылда 420 ағаш отырғызуды көздеуде. Олардың жартысы Павлодар облысында егіледі.
ҚР Президенті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша.
- 11.10.2022
- 293