- Блогтар
- Әлімбай Н.
Әлімбай Н.
ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры
Әлімбай Н.
ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры
НҰРСАН ӘЛІМБАЙ
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің директоры, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Баян-Өлгей аймағының Құрметті азаматы (Моңғолия, 2015).
1954 жылдың 5 қыркүйегінде Талдықорған облысында дүниеге келген. 1976 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетін ойдағыдай бітіргеннен кейін еңбек жолын Талдықорған қаласының І. Жансүгіров атындағы педагогика институтының оқытушысы болып бастады. 1979 жылы ҚазССР Ғылым академиясының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография Институтының аспирантурасына түсті. Сол жылы СССР Ғылым академиясының Ленинградтағы бөліміне ғылыми іссапар бойынша оқуын жалғастырды.
1982-1999 жж. – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының кіші ғылыми қызметкері, ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, жетекші ғылыми қызметкері, антропология және этнологиялның бөлімінде ғылыми-зерттеу тобының жетекшісі болып қызмет атқарды. 1990-1991 жж. аталмыш институттағы ғылыми-зерттеу ісінен қол үзбей Қазақстан Компартиясының ОК секретариатының ғылым және мәдениет жөніндегі кеңесшісі болып қызмет атқарды. 1991 жылы ҚР Президент Әкімшілігінің мәдениет секторының жетекшісі болды.
1999 жылдың наурыз айынан қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ҚР Орталық мемлекеттік музейі директоры болып қызмет атқарып келеді. Осыған қоса, 2000 жылдың ақпан айынан бастап 2001 жылдың желтоқсанына дейін Астана қаласында өзінің тікелей басшылығымен жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік музейінің директоры қызметін де қоса атқарды.
Нұрсан Әлімбайдың өзі жасаған жаңа музейдің ғылыми концепциясы ғылыми жұртшылық арасында жоғарғы бағаланды және аталмыш жаңа музейдің экспозициялық кешенін құру кезінде жүзеге асты. Кейін бұл музей Қазақстан Республикасы Президентінің мәдениет орталығы болып қайта құрылды.
Нұрсан Әлімбай Республикадағы музей құрылысының тарихындағы ғылыми-қолданбалы жобалардың бастамашысы және авторы: а) өзі жасаған концепциясы бойынша және тікелей басшылығымен Алматы қаласындағы Орталық музейдің этнография залының экспозициялық қайтадан жасақталынды (2000), ә) 2014 ж. Астана қаласында жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің концепциясының негізгі авторларының бірі. Сонымен бірге ол аталмыш музейдегі археология, тарих залдарының экспозициясын құруға тікелей қатысты. Ал, осы музейге қарасты этнография залын концепциясынан бастап экспозициясын да өзі толық жасақтап шықты.
Бұрын Қазақстан музейлерінде Алматы қаласы маңынан 1969 жылы табылған әйгілі «Алтын Адамның» реконструкциясы ғана болған еді. Нұрсан Әлімбайдың тікелей ұйымдастыруымен Қазақстан территориясындағы қола, темір дәуірі, орта ғасыр кезеңдеріндегі тіршілік құрған әртүрлі этносаяси бірлестіктер өкілдерінің ғылыми негізделген мәдени-археологиялық реконструкциялар серияларын жасау отандық музейлер тарихында тұңғыш жүзеге асырылды (Қола дәуіріндегі андроповтік әйел», «Қаңлы мемлекеті әйелі, б.з.д. І ғ. – б.з. IV ғ. », «Қыпшақ жауынгері б.з.д. ІХ-ХІ ғғ.», «Сюнну (ғұн) бекзадасы б.з.д. ІІ-ІІІ ғғ.», «Ғұн жауынгері, б.з.д. V-Ш ғ.). Сонымен қатар Нұрсан Әлімбайдың ұйымдастыруымен Ресей Ғылым академиясы этнология және антропология Институты жанындағы антропологиялық реконструкция зертханасында Қазақстан территориясында өмір сүрген палеолит, неолит, энеолит, қола, ерте темір дәуірі, ортағасырлық адамдардың пошымының антропологиялық реконструкциялары жасалды. Аталмыш жайттарды Нұрсан Әлімбайдың отандық музей ісіне сіңірген тағы бір үлкен үлесі ретінде бағамдауға болады. Сондай-ақ, ғалымның жетекшілігімен Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық музейінде отандық музей тарихында тұңғыш рет «Ашық қор» (2003) және «Антропология музейі» (2006), «Хлудов залы» сынды бірегей жобаларды және ЮНЕСКО-ның қолдауымен музей қор коллекцияларының электронды каталогтау «Музеолог» бағдарламасын жүзеге асырылды (2006).
Нұрсан Әлімбайдың ұсынысымен және тікелей жетекшілігімен Қазақстан музейлері тарихында алғаш рет халықаралық музейлік акция «Музей түні» (2006) ұйымдастырылды және қоры жүз мыңға жуық кітаптан, соның ішінде орталық музейдің жанынан сирек кездесетін басылымдар мен қолжазбалардан тұратын ірі ғылыми кітапхана құрды (2008). Сонымен қатар ғалым – Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмеге арналған «Қазақ ауылы» тарихи-этнографиялық кешен жобасының авторы.
Нұрсан Әлімбайдың музейге басшы болып келуі музейде әр түрлі жаңа ғылыми бағдарламаларды жүзеге асырумен ерекшеленеді. Осындай қызметінің нәтижесінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жүргізген аттестацияның нәтижесінде орталық музей ғылыми-зерттеу мекемесі мәртебесін иеленді (2006).
Нұрсан Әлімбайдың ғылыми жетістіктерінің бірегейі «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» 5-томдық иллюстрацияланған энциклопедия (500 б.т.) жарық көрді. Аталмыш бірегей еңбекте көшпелі этномәдени ортадағы «Адам-Социум-Табиғат» атты Ұлы Триада арасындағы сан деңгейлі, сан салалы байланыстарды көрсететін 10000-нан астам тарихи-этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың мәдени семантикасы зерделенді. 2017 жылы мүлдем өңделіп және толықтырылып жарыққа шыққан аталмыш ғылыми энциклопедияның екінші басылымы да, бірінші басылымы сияқты республика деңгейінде ғана емес, халықаралық ғылыми ортаның жоғары бағасына ие болды.
Нұрсан Әлімбай елімізге және шет елдерге танымал этнолог-ғалым, оның ғылыми зерттеулерінің аясы – теориялық номадология, этнология, тарих, фольклористика және музеология. Екі жүзден астам ғылыми, ғылыми-көпшілік жұмыстардың, оның ішінде этнографияның түрлі саласы және қазақтардың дәстүрлі мәдениеті, фольклор, музеология саласындағы іргелі зерттеулердің авторы. Нұрсан Әлімбай 15 ғылым кандидатын дайындады. Ол көптеген республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларда іргелі ғылыми мәселелер бойынша баяндамалар жасады (Токио, Париж, Лондон, Нью-Йорк, Вашенгтон, Измир, Анталья, Анкара, Москва, Санкт-Петербург, Омск және т.б.). Бірнеше беделді ғылыми журналдардың редакциялақ алқасының мүшесі (Journal of Eurasian Studies, Journal of the Gabor Balint de Szentkatolna Society (Нидерланды); «Научный мир Казахстана», «Қазақтану», «Қазақ тарихы» республикалық ғылыми-методикалық журнал, «Отан тарихы» және т.б.
Нұрсан Әлімбай жоғарғы азаматтық және патриоттық ұстанымды ғалым. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қаһарман басшыларының бірі. 100 жылға жуық Ұлы Петр атындағы антропология және этнология музейінде (Кунсткамера, Санкт-Петербург) сақталған әйгілі Кейкі батырдың (Нұрмұхамед Көкембаев) бас сүйегін Қазақстанға өзі жеткізді. Нұрсан Әлімбай – батырдың сүйегін еліне жеткізіп қана қойған жоқ, оны жерлеуді ұйымдастырушылардың бірі.