- Блогтар
- Игіман Ж.М.
Игіман Ж.М.
«Сарқан газеті» ЖШС бас редакторы
Игіман Ж.М.
«Сарқан газеті» ЖШС бас редакторы
Игіман Жомарт Мақатұлы, 1958 жылы туған. 1975 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ақтоғай стансасындағы №55 орта мектепті бітірген. Мектептен соң Талдықорған облысы Бөрлітөбе аудандық «Балқаш өңірі» газетіне қызметке қабылданған. Аудармашы, тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып, 1978- 1983 жылдары Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Бөрлітөбе аудандық «Балқаш өңірі» газетінің редакторы, Бөрлітөбе аудандық мәслихатының хатшысы, Сарқан ауданы әкімдігі ішкі саясат және әлеуметтік салалар бөлімінің меңгерушісі, 1998 жылдан Сарқан аудандық «Сарқан» газетінің бас редакторы қызметін атқаруда. Қазақстан Журналистер одағының Ұзақ Бағаев атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сарқан ауданының Құрметті азаматы, Сарқан аудандық мәслихатының депутаты.
1989-1991 жылдары Бөрлітөбе аудандық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарып, елді мекендердің тарихи атауларын қайтаруға бастамашы болды. Лепсідегі екі балабақшадағы балдырғандардың ұлт тілінде тәрбиеленуіне, Ушинский атындағы орыс мектебінде қазақ сыныптарының ашылуына игі ықпалын тигізді. Бұл өңірдегі елді мекендер, көше атаулары 1990 жылдардың алғашқы жартысында толық қазақшаланып, сол өңірге қатысты қоғам қайраткерлерінің есімдері жаңғыртылды.
1997 жылдан Сарқан ауданында руханият саласында еңбек сіңіріп келеді. 1997-1998 жылдары Бұғыбай батыр кесенесі салынғанда батыр жайында тарихи деректерді жинастырып, аудандық, облыстық газеттерде материалдар жариялап, Бұғыбай батыр есімінің аудан орталығындағы көшеге берілуіне ұйытқы болды. Елді мекендерге, көшелерге тарихи атауларды беруде бастамашыл топтың құрамында жүрді. Сарқан ауданының мақтан тұтар тұлғалары, әдебиет және өнер қайраткерлері Әділбек Абайділданов, Күнсайын Қуатбаев, Кәкімжан Қазыбаев, Мұхтар Арын туралы зерттеу еңбектерін жазып, осы айшықты есімдерді ұлықтауға үлес қосты. 2006 жылы «Саялы төрім - Сарқаным» («Үш қиян») атты тарихи-ғұмырнамалық кітабы, 2008 жылы Алаш қайраткері Мұхаметжан Тынышбаевтың өмір жолы өрнектелген «Қыран қия», 2013 жылы даңқты композитор Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына арналған «Қанатталды», аты аңызға айналған әулие Көтен Тәуіп Қоңырбайұлы хақында «Кие» кітаптары, «Жүздесу», «Шарайна», «Ғұмыршырақ», «Көкжиек», «Жайқоңыр», «Егіз лебіз», «Ақжелең», «Көшкеруен», «Ұлы дала сарыны» жыр жинақтары оқырмандар қолына тиді. 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ерлік ескірмейді: Сарқан соғыс жылдарында», 2016 жылы «Шарболаттай шыңдаған ширек ғасыр», 2018 жылы «Күретамыр» атты деректі кітаптары жарық көрді. Сарқан ауданының жазба ақындарының шығармашылығынан «Сарқаннан ескен жыр-самал» атты жинақ құрастырды.
«Жыланды – жәннат мекенім», «Бақалы – бақ мекенім» сынды ел-жер туралы және Сарқаннан түлеп ұшқан тұлғалар жайында ондаған тарихи-деректі жинақтары бар. Сарқан ауданының 90 жылдығы қарсаңында өңірдің қасиетті жерлерін арқау еткен «Кие қонған, қыдыр дарыған Сарқан» кітабы оқырмандар көңілінен шықты.
Жомарт Игіман Абайдың 150 жылдығына, Ілиястың 100 жылдығына арналған облыстық мүшәйралардың жүлдегері, Астананың 10-жылдығына арналған облыстық мүшәйраның бас жүлдегері. БТА Банкі ұйымдастырған Республикалық ІІ поэзия конкурсының «Шабыт» номинациясының иегері, Сәкен Сейфуллиннің 115 жылдығына арналған, Зылиха Тамшыбаеваның 90 жылдығына, «Жетісу» газетінің 100 жылдығына арналған республикалық мүшәйралардың жүлдегері.
1998 жылдан бері Сарқан аудандық «Сарқан» газетінің бас редакторы. «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы», «ҚР Мәслихатына -20 жыл» мерекелік медальдарының, «Қазақстанның Құрметті журналисі», «ҚР Ақпарат саласының үздігі», «Үздік өлкетанушы» төсбелгілерінің, Қазақстан Ауған соғысы ардагерлер қауымдастығының «Батыр шапағаты», «Сауап» медальдарының иегері. Сарқан ауданының Құрметті азаматы, Сарқан аудандық мәслихатының депутаты.