- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
Ақтөбеде бастау алған «Ауыл аманаты» ауқымды жобасы бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асырылады.
Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік проблемаларын жедел шешу мақсатында Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесіп, алғаш Ақтөбе облысында бастау алған «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асыруға кірісті.
Бұл туралы «AMANAT» партиясының төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, мемлекеттік органдардың басшылары, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер және «Ауыл аманаты» жобасының қатысушылары бас қосқан кеңейтілген жиын барысында белгілі болды.
Кеңесте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» бірінші Жарлығын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе облысында қабылданған шаралар қарастырылды.
Президент Жарлығы аясында жүзеге асырылатын басты жобалардың бірі - ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасы. Ақтөбе облысы оны жүзеге асыруға Қазақстанда бірінші болып іске кірісті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін және оның қосымша құнын ұлғайту, кооперативтерді дамыту стратегиялық міндет болып табылатынын атап көрсетті. Біздің облысымыз қазірдің өзінде Президенттің ауылдық аумақтарды дамыту туралы тапсырмасын орындауға әзір, соның нәтижесінде «Ауыл аманатына» дайындық барысында әрбір ауылдық округтің скринингі жүргізілді, жұмыссыздар мен өз-өзін жұмыспен қамтушылардың нақты саны, әрбір отбасының табысы, тұрғындарды сапалы және қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін дамытуға тиісті өндірістер анықталды», - деді жобаны жүзеге асырудың негізгі механизмдері туралы баяндаған Ералы Тоғжанов.
Бірінші кезеңде өңірдегі 24 ауылдық округте 2 700-ден астам жоба жүзеге асырылатын болады. Бұл мақсатқа 3 миллиард теңге бөлінді. Жобаның ерекшелігі - ақшалай несиемен қатар, тауарлық несиені ұсыну. Негізінен алғанда 27 ірі шаруа қожалығы есебінен ауыл тұрғындарына 6 мың бас мал беру жоспарлануда. Тауарлық несие алғандар малды алған төлмен қайтарады. Бүгінгі күні 42 жеке қосалқы шаруашылықтарға 650 бас мал берілді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында құс шаруашылығын дамытуға айырықша назар аударылады. 2 100-ден астам жоба ауыл шаруашылығы саласының осы түрімен байланысты.
Облыс әкімінің орынбасары Гүлқасима Сүйінтаева құс етін ішкі өндіріс есебінен небәрі 5,4%-ға ғана қамтамасыз етіп, өңірдің жыл сайын 90 пайыздан астамын шетелден және елдің басқа аймақтарынан сатып алып отырғанын айтты.
«Алдын-ала есептеулер бойынша, осы және басқа да шараларды қабылдау нәтижесінде 2023 жылдың өзінде өңірді ішкі өндірістегі құс етімен қамтамасыз ету 31%-ға жетеді, 2024 жылы - 64% болып, ал 2025 жылы 100%-ға дейін көтеріледі. Тұтастай алғанда, жоба импортты кезең-кезеңімен қысқартып, ішкі нарықты өз өндірісіміздің тауарларымен толықтыруға, сөйтіп азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Алдағы үш жылда өңірдегі барлық ауылдарды жобамен қамту үшін қосымша 58,6 миллиард теңге қажеттілігі туындап отыр».
Өздерінің жеке қосалқы шаруашылықтарын қазірдің өзінде жақсы табыс көзіне айналдырып үлгерген шаруалар «Ауыл аманаты» жобасының ауылдықтар үшін теңдессіз бағдарлама болып табылатындығына сенімдерін білдірді. Олардың қатарында жыл сайын ақтөбеліктерді 20 тонна құлпынаймен қамтамасыз ететін Мартөк ауданынан Рахат Көпжан мен құс шаруашылығымен айналысып, 10-нан 12 миллион теңгеге дейін табыс тауып жүрген алғалық Евгения Макаревич бар.
«Ауыл аманаты» — тамаша бағдарлама, өйткені 2,5%-дық қарызды бірінші жылы үзіліспен және ауылдағы жылжымайтын мүліктң кепілдігімен бірде-бір қаржы ұйымы бере алмайды. Біз бәріміз де бұл бастаманы қолдауға дайынбыз. Өйткені, жергілікті сапалы ауыл шаруашылығы өнімі — бұл ұлт денсаулығы!», - деп Евгения Макаревич өз ойымен бөлісті.
Үйінің ауласында көкөніс өсіруді тиімді іске айналдырған Ойыл ауданының тұрғыны Сапура Мырзағалиева жобаға қатысудан қорықпауға шақырды.
«2019 жылдан отбасылық бизнес ретінде екі жылыжайды іске қостық. Әуелі несие алдық, сосын грантқа ие болдық. Жылыжайлар қысқы уақытта да жұмыс істейді. «Ауыл аманаты» — бұл егіншілікпен шұғылдануға және өз отбасыңды қамтамасыз етуге берілген мүмкіндік. Ешқандай уайымдамай, жобаға қатысыңыздар. Еңбек етіңіздер, сонда міндетті түрде оның жемісін де көретін боласыздар», - деді Сапура Мырзағалиева.
Жеке қосалқы шаруашылықтарын игеруге енді ғана кірісетін болашақ кәсіпкерлер де бұл жобаға үлкен үміт артады. 26 жастағы Нұрсұлтан Қалдыбай — солардың бірі. Ол еліміздің Президенті бастамасымен іске асқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағдарламасы бойынша алған грантты пайдаланып, жылыжай кешенінің бір боксі құрылысын іске қосты. Енді «Ауыл аманаты» көмегімен екінші кешен құрылысын қолға алмақшы.
«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының өз сайлауалды бағдарламасында ауылдардағы тіршілік деңгейін көтеру мәселесіне ерекше назар аударғанын атап өтті. Алдағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын көтеруге 1 триллион теңге бөлу қарастырылған, бұл ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік проблемаларын жедел шешу мақсатында Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесіп, алғаш Ақтөбе облысында бастау алған «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асыруға кірісті. Ол үшін биылғы жылы 52 миллиард теңге бөлінді. Партия жанына Жобалық офис ашылды, ол әдістемелік қолдауды жүзеге асырады, азаматтар мен әкімдерді оқытып, өтініштерді қабылдау процесіне мониторинг жүргізеді, қаржы бөлуді бақылауда ұстайды.
«Бұл — ауылдарымызды көркейтуге мүмкіндік беретін нақты қадамдар. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінің елді мекендеріндегі орташа айлық табыс 1,7 есеге өсті, атаулы әлеуметтік көмекті алушылар қатары 3 есеге азайып, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. «AMANAT» партиясы мен Үкіметтің міндеті – бүкіл еліміз бойынша «Ауыл аманаты» жобасының ауқымын кеңейту. Сондай-ақ, жобаның барлық артықшылықтары туралы тұрғындарды дұрыс хабардар етіп отыру маңызды. Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру бойынша тиімді шаралар қабылдануда. Ералы Тоғжановтың басшылығымен облыстың жоғары нәтижелерге жететініне сенімдімін»,- деп атап көрсетті Ерлан Қошанов.
- 17.01.2023
- 243