- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Жаңаөзенде оқушылардың шығармашылық үйі күрделі жөндеуден өтті
Жаңаөзен қаласында оқушылардың шығармашылық үйі күрделі жөндеуден өтіп, заманауи техникалармен жабдықталды. Қайта жөндеуден өткен мектеп құрылысымен облыс әкімінің орынбасарлары Бекбол Орынбасаров, Ұлықбек Тналиев, жеке кәсіпкерлер Бахаридин Аблазимов пен Дінмұхамед Идрисов және т.б депуттаттар мен тұрғындар танысты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Ауданы 2991,4 шаршы метрді құрайтын ғимарат 1979 жылы салынған. Аталған шығармашылық үйінің күрделі жөндеу жұмыстары Бахаридин Аблазимов пен Дінмұхамед Идрисовтың демеушілігімен жүзеге асырылды. Ал құрылысты жүргізген компания «СМК-Атамекен» ЖШС.
-Шығармашылық үйіне жұмсалған қаржы 1 445 898 000 теңге. 40 жылдық тарихы бар нысан заман талабына сай ғимараттың біріне айналғаны қатты қуантады. Бүгінде білім ошағына 32 бейнебақылау камерасы, 3 интерактивті тақта, 43 салқындатқыш, 40 аудиторияға жаңа жиһаз, 25 компьютер берілді,-деді «Оқушылар шығармашылық үйінің» директоры Жұмабике Джаманова.
Сондай-ақ, конференция залы, coworking, робототехника, шахмат, музыкалық студия, мобилография, жас аспаз кабинеттері толық жиһазбен қамтамасыз етіліп, өрт сөндіру құрылғылары, радио құрылғылары және wi-fi-мен толық қамтылған.
Бүгінде шығармашылық үйінде 27 үйірмеде 1651 оқушы және 10 аула клубында 79 үйірмеде барлығы 4800 оқушы білім алады. Үйірмеге келіп, бос уақытын тиімді өткізетіндердің бірі, Жаңаөзен білім инновация мектебінің 9-сынып оқушысы Қанат Жайылған. Ол роботтардың болашақта тау-кен саласында кеңінен қолданылатынын айтады.
- Қазірде біз топпен бірге су, жел энергиясының макетін құрастырдық. Біздің мақсатымыз Маңғыстау өңіріне пайдалы роботтарды ойлап табу. Бір ай бұрын аймақтық жарысқа мықты дайындықпен барып, 3-орынды иелендік. Алдағы уақытта жобамызды бірінші лего лигасында көрсететін боламыз,- деді Қанат Жайылған.
Шығармашылық үйінде инклюзивті сынып 2019 жылы ашылған. Бұл орталыққа балалар әртүрлі диагнозбен келеді. Мұнда дефектолог, логопед пен бір психолог маман қызмет көрсетеді. Ең бастысы ата-аналар балаларын тегін түрде әкеле алады.
-Мен 3 баланың анасымын. Кенже ұлым бір жыл бұрын тұтықпа диагнозына шалдықты. Баламды ақылы түрде Астана, Ақтау қаласына апарып жүрдім. Бүгінде ұлымды бір жыл бойы осы орталыққа ұдайы әкеліп жүргеннің арқасында жазылды. Жақсы нәтиже көргеніме қуаныштымын. Қаламызда әлеуметтік маңызы зор ғимараттардың көбейгенін қалаймыз. Ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз, - дейді Фируза Теміршиева.
- 20.01.2023
- 256