- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Жұмыс орындарын ашу, жастарды жұмыспен қамту: Алтай Көлгінов Маңғыстау облысынына жұмыс сапарымен келді
Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында ауыл халқының табысын арттыру, жастарды жұмыспен қамту, тұрақты жұмыс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асыру барысымен танысты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңірде ауыл халқының табысын арттыру жобасын кеңейту мақсатында маңғыстаулықтарға жылына 2,5 пайызбен шағын несие беріледі. Биыл Маңғыстауда ауыл шаруашылығын дамытуға 800 миллион теңге бөлініп, 170 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Шағын несиені кәсіп бастауға немесе кәсіпті дамыту үшін Өмірзақ, Рахат, Кендірлі, Бейнеу, Боранқұл, Құрық, Сенек, Жетібай, Шетпе, Жыңғылды, Тұщықұдық, Батыр, Маңғыстау, Баянды, Қызылтөбе, Дәулет, Сайын Шапағатов, Ақшұқыр, Баутино ауылдарының тұрғындары ала алады.
«Өңірде, ауылдарда тұрақты жұмыс орнын ашу, жастарды жұмыспен қамту қажет. Басшылар «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасымен өз жобасын кеңейтуді ғана емес, тұрақты жұмыс орындарын ашуды, сапалы өнім шығаруды да ойлауы керек. Сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын құру үшін инвестиция тарту арқылы экономиканы одан әрі әртараптандыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Биыл барлық өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асады. Ауылдағы өмір деңгейі мен ауыл халқының табысы осыған байланысты болғандықтан әкімдіктер басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, жобаны сапалы жүзеге асыруы керек. Сонымен қатар «Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту», «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларының сапалы орындалуын тиісті деңгейде қамтамасыз ету қажет», – деді Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов.
Осы ретте Маңғыстау облысының әкімдігі 2022-2025 жылдарға арналған құны 1 триллион теңгеден асатын 84 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 4,3 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздеп отыр. Қазірдің өзінде құны 24,5 млрд теңгеге 15 жоба іске қосылды. 600-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Биыл экономиканың түрлі саласында 20-дан астам жоба орындалады.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларын орындауға, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы жүргізілуіне бар күш-жігерін салатынын атап өтті.
- 20.01.2023
- 233