- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Мемлекет басшысы Степногорск қаласындағы аулалардың бірінде болды
Президент Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Степногорск қаласындағы 6-шы шағынауданның ауласын аралады.
Қасым-Жомарт Тоқаев үй маңындағы аумақта жасалған жағдаймен танысып, жергілікті тұрғындармен әңгімелесті. Қала аулаларында балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынып, тренажерлер орнатылған, тротуарлар жасалған, көлік тұрағы орындарының саны көбейтіліп, жолдар асфальтталған.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Степногорск қаласының әкімдігі үшінші жыл қатарынан абаттандыру жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Іске асырылатын жобаларды тұрғындардың өздері дауыс беру арқылы таңдайды.
2023 жылы Ақмола облысында аулаларды жөндеуге өңірлік бюджеттен 900 миллион теңге бөлінді, оның жартысы Степногорск қаласына арналған.
Қала тұрғындарымен әңгімелесу барысында Президент Степногорск қаласының дамуына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Жергілікті ЖЭО мен жылу желілерінің жағдайы – Степногорск тұрғындарын алаңдататын маңызды мәселелердің бірі.
– Осы кәсіпорындағы жағдаймен танысқаннан кейін бұл мәселелерді мұқият саралауға шешім қабылдадым. Үкіметке әкімдікпен және кәсіпорын иелерімен бірлесе отырып, іс-әрекет алгоритмін әзірлеуге, шешімдер қабылдауға тапсырма бердім, – деді Мемлекет басшысы.
Қала тұрғындары экология мәселесін де көтерді. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Степногорск қаласында ПХД қалдықтарын сақтауға байланысты жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығына қатысты өз пікірін айтты.
– Мен бұл мәселеден хабардармын. Маған утилизация бойынша шағын кәсіпорын салу жөнінде шешім бар екенін баяндады. Мұндай шешімді қолдаймын, – деді Президент.
«Бестөбе» кенішіне қатысты жағдай да назардан тыс қалмады. Бұл мәселе Президенттің бақылауында, жергілікті органдарға аталған проблеманы шешу жөнінде тиісті тапсырма берілді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қала тұрғындарына зор денсаулық, табыс, бақ-береке тіледі.
- 16.02.2023
- 150