- Блогтар
- Дарбаев А.К.
Дарбаев А.К.
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы
Тариф және инвестиция: тығырықтан шығар жол
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтты. Соның есебінен желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажеттігін де тапсырды. Президенттің осы бір тапсырмасы қалай орындалып жатыр? Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан БОЛАТБАЕВТАН сұрап білдік.
– Нұрлан Нұрмұхамбетұлы, былтыр табиғи монополиялар туралы заңнаманы жетілдіру бойынша қандай жұмыс жүргізілді?
– Президент өткен жылдың соңында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған заң шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында «Табиғи монополиялар туралы» заңға бірқатар түзету енгізілді.
– Ол қандай түзетулер?
– Түзетулерге сәйкес реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде технологиялық циклде пайдаланылатын желілер мен нысандарды теңгерімге немесе сенімгерлік басқаруға алған жағдайда тарифті оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өзгертуге болады. Электр энергетикасын мысалға алайық. Аталған саладағы маңызды әлеуметтік проблеманың бірі – бюджет қаражаты есебінен салынған электр және басқа да желілерді ұстау және пайдалану мәселесі. Бұл фактор тұтынушыларды сапалы және сенімді электрмен жабдықтауға теріс әсер етеді және иесіз электр желілерінің көбеюіне жол ашады. Заңға енгізілетін өзгерістер табиғи монополиялар субъектілерінің шеккен шығындарын өтеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар цифрландыру арқылы тариф белгілеу үдерісінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік бар. Тариф қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламаларды орындау және түзету бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің есептерін, бекітілген тарифтік сметаны және инвестициялық бағдарламаны өзгерту туралы өтініштерді «Монополист» базасы арқылы электронды форматта жіберуге жол ашылады. Сондай-ақ субъектілердің тарифтерін бекіту кезінде әлеуметтік желілерде қоғамдық тыңдаулардың бейнесін сақтау, онлайн режімде сұрақ қою мүмкіндігімен онлайн трансляциялау тәжірибесін енгізу көзделіп отыр.
Бұған қоса табиғи монополиялар субъектілерінің өтініміне қоса берілетін құжаттар тізбесін инвестициялық бағдарламалар шеңберінде нысаналы көрсеткіштері бар жөндеу картасымен толықтыруға мүмкіндік бар. Тиісті салада басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы органмен бірлесіп инвестициялық бағдарламаны бекітуден бас тарту туралы шешімді қабылдауға болады. Сонымен қатар табиғи монополиялар субъектілерінің халықаралық қаржы ұйымдарының, Қазақстанның Даму банкінің және екінші деңгейлі банктердің қарыздарын тарту жөніндегі кредиттік келісімдерді уәкілетті органмен келісу міндетін белгілеуге болады. Уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыруға байланысты бекітілген инвестициялық бағдарлама өзгерген жағдайда тарифті өзгертуге мүмкіндік бар.
Сондай-ақ бір қызметкердің жылдық статистика деректері негізінде қалыптасқан экономикалық қызмет түрлері бойынша орташа айлық жалақыны өзгеруге жол ашылады. Жалпы, табиғи монополиялар саласында 300 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Осылайша, бұл жаңашылдық саладағы көп жұмысшыны қамтымақ. Өз кезегінде, кәсіпорындар қызметінің тиімділігі құзыретті және білікті қызметкерлерге байланысты болмақ. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес тариф белгілеу саясаты және шығындарды тікелей есепке алу республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен көрсеткіштерін (инфляция) ескере отырып жүргізіледі. Шекті тариф 5 және одан да көп жылға бекітіледі. Осылайша, жалақының төмендігі кадрлардың жиі ауысуына әкеледі. Бұл өз кезегінде ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын төмендетеді.
– Биыл қандай жұмыстар қолға алынбақ?
– Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тариф саясатына көшуді қамтамасыз ету көзделген. Тиісінше, осы саясатты жүзеге асыру бойынша «Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр. «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу кезінде біршама жұмыс тындырылуға тиіс. Атап айтқанда, инфрақұрылымға инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салу бөлігінде монополистердің қарсы міндеттемелері енгізіледі. Өндіруші қуаттардың, электрмен жабдықтау, жылу коммуникациялары желілерінің және су құбыры желілерінің тозу көрсеткішін біртіндеп кемінде 15 пайызға төмендету жоспарланып отыр. Кәсіпорындарда инновациялық шешімдерді енгізу және жабдықтарды жаңғырту үшін пәрменді ынталандыру көзделмек. Табыстың белгілі бір үлесін монополистің иелігінде қалдыру жоспарланған. Шығындардың бір бөлігі өндірістік персоналдың еңбекақысын арттыруға, жедел жөндеу жұмыстарын жүргізуге және тағы да басқа бағыттарға жұмсалған жағдайда монополистің оларды тарифтік сметаның әртүрлі баптары арасында өз бетінше қайта бөлу мүмкіндігі қарастырылмақ.
– Қалай десек те, биыл табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтері көтеріледі. Бұл ел тұрғындарының қаржылық жағдайына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Алдымен тарифтердің динамикасына тоқталған дұрыс. Егер 2023 жылғы қаңтарды 2022 жылғы қаңтармен салыстыратын болсақ, онда коммуналдық қызметтердің тарифтері орта есеппен инфляция деңгейінде өсті. Яғни жалпы өсім шамалы болды. Өйткені 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында халыққа арналған тарифтердің өсуіне мораторий жарияланды. Тиісінше, жүзден астам монополия субъектісінің тарифтері түзетілді. Бұл халық үшін 3,2 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Биыл күтілетін өсімге келетін болсақ, тарифтердің өсуіне әсер ететін екі факторды атап өту керек. Біріншісі – электр энергиясын өндіру бағасының өсуі. Бұл стансаларда жаңа қуаттар өндіруге және қолда бар тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді. Екінші фактор заңға сәйкес енгізілетін инновацияларға байланысты. Бұл бірінші кезекте инженерлік инфрақұрылымның тозуын азайтуға, табиғи монополиялар саласындағы қызметкерлердің жалақысын арттыруға, иесіз желілерге жұмсалатын шығыстарды өтеуге қатысты. Қазір біз желілердің тозу деңгейінің артқанын байқап отырмыз. Бұл ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігіне әсер етеді.
Жыл енді басталды. Әзірге тарифтердің белгілі бір өсуі туралы айту ертерек. Өйткені әрбір жағдай инженерлік инфрақұрылымның техникалық жағдайына және өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты жеке қаралатын болады. Сондай-ақ бұл табиғи монополиялар субъектілерінің өтінімдерін беруге байланысты және біз олардың деңгейінен шығатын боламыз. Өтінімдер біртіндеп келіп түседі және тарифтердің өсуі «Табиғи монополиялар туралы» заң аясында қабылданған жаңалықтарға байланысты болады. Тарифтердің қашан көтерілетіні өтініш беруге байланысты. Десе де біздің болжам бойынша, тарифтердің өсуі энергия өндіруші ұйымдардағы бағаның өсуіне, желілердің тозу деңгейіне, өңірдің қажеттілігіне және табиғи монополиялар субъектілерінің өтінімдеріне байланысты орташа есеппен 10-20 пайызды құрауы мүмкін. Олардың барлығы әлі қарауға түскен жоқ. Бұл ретте бірден 2-3 есе арттыруға жол бермеу үшін тарифтердің өсуі 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі. Біз тұтынушылардың әлеуметтік және экономикалық жағдайына назар аударамыз.
Әңгімелескен
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
- 22.02.2023
- 190