- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын іске асыру мәселелері талқыланды
27 ақпанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кеңеске «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Маулен Айманбетов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыс аудандарының әкімдері, құрылыс, білім беру, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармаларының басшылары және мердігер ұйымдар қатысты.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Маулен Айманбетовтың айтуынша, ұлттық жоба аясында елдегі апатты мектептерді, үш ауысымды оқытудың және оқушы орындарының тапшылығын болдырмау мақсатында 401 жайлы мектеп салынады.
Ал Маңғыстау облысында 45 800 (екі ауысымда) оқушыға арналған 24 мектеп салу жоспарланған. Нақтыласақ, 15 мектеп 2024 жылы пайдалануға беріледі, 9 мектептің есігі 2025 жылы ашылады.
Атап айтқанда, Ақтауда 8 мектеп, Жаңаөзенде 3 мектеп салынады. Бейнеу ауданында - 4, Маңғыстау ауданында - 2 және Мұнайлы ауданында 7 мектеп бой көтереді.
«Жайлы мектеп» жобаның жалпы білім беру мектептерінен басты айырмашылығы - ауыл мен қалада бірыңғай құрылыс стандартының сақталуы, балалардың қауіпсіздігін арттыру шаралары, пәндік кабинеттермен және зертханалармен толық жабдықталуы. Сондай-ақ, 1 - 4-сынып оқушылары мен 5 - 11-сынып оқушыларына арналған жеке оқу блоктары мен спорт залдарымен қамтылады, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қажетті жағдайлар жасалады. Бұл жаңашылдықтардың барлығы балалардың дағдыларын жан-жақты дамытуға бағытталған.
Айта кетейік, 24 мектептің құрылысына мемлекеттен 131 млрд теңгеден астас қаржы қарастырылған. Соның ішінде 2024 жылы ашылатын 15 мектептің құрылысына 76 млрд теңгеден астам, 2025 жылы қолданысқа берілетін 9 мектептің құрылысына 54 млрд теңгеден астам қаржы көзделген.
Сонымен қатар жиналысқа қатысушылар жер телімдерін бөлу және инженерлік коммуникацияларды жүргізу, мектептерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуді қарастырды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға жергілікті құрылыс материалдары мен жабдықтар өндірушілерінің қатысуы талқыланды.
Кеңес аясында ұлттық жобаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ететін мониторинг бойынша ақпараттық платформа көрсетілді. Аталған ақпараттық жүйені іске қосу 1 наурызға жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде балаларды оқушы орындарының қажетті санымен қамтамасыз етуге, қала мен ауылдық жердегі айырмашылықты қысқартуға мүмкіндік болады.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев білім алуға жағдай жасау – мемлекеттің ең маңызды міндеті екенін атап өтті.
- «Жайлы мектеп» мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынып отырған үлкен ауқымды жоба, бұрын соңды болмаған бағдарлама. Сондықтан жобаның орындалуына «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен мердігер мекемелер ғана емес, барлық жергілікті атқарушы орган атсалысуы керек. Ал мердігер мекемелер сенімге сай болып, сапалы құрал-жабдықтармен құрылыс жүргізуі тиіс. Бұл болашағымыз үшін маңызды жоба, сол себепті әрқайсы өз құзіреттілігі шеңберінде жауапкершілікпен, бірігіп жұмыс істеуі қажет, - деді Нұрлан Ноғаев.
- 01.03.2023
- 195