- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстауда құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті
7 сәуірде өңір басшысының төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Комиссия отырысына қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының, оның ішінде есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің өкілдері қатысты.
Алдымен Маңғыстау облысы ПД ЖПҚБ бастығы полиция подполковнигі Данияр Азимов баяндама оқыды. Оның айтуынша, жол қауіпсізідігін қамтамасыз етуге заманауи құрылғылардың көмегі зор. Мәселен, Маңғыстау облысында «Кибер-шериф» кешені жұмыс істейді.
Аталған жаңа құрылғылардың мүмкіндіктері жоғары. Нақтыласақ жолақтардың үш қатарын қадағалап, көліктерді 150 метрге дейінгі қашықтықта тіркей алады. Жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілердің мемлекеттік нөмірлерін тану арқылы инспекторға қосымша хабарлайды, объектілерді деректер базасына сәйкес автоматты түрде іздейді, оларды тіркеп, бейнеге түсіреді.
2022 жылдың қараша айынан бері «Кибер-шериф» құралы Маңғыстау облысындағы 5 813 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Сонымен қатар Маңғыстауда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Сергек» бейнебақылау жүйесін іске қосу жоспарлануда. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, өңірдегі өзекті мәселе - жол-көлік оқиғаларының көбеюімен қатар, жасөспірімдер арасындағы қылмыс.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың өсуіне ата-аналардың баланы қараусыз қалдыруы, компьютерлік ойындарға әуестену, құқықтық сауаттылықтың төмендігі және жасөспірімдер үшін бос уақытты ұйымдастырудың болмауы себеп болып тұр. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін рейд жүргізілді. Нәтижесінде, кәмелетке толмағандарға алкогольді ішімдіктерді, темекі өнімдерін өткізу, заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үй-жайлардан тыс жерде болу фактілері анықталды. Жасөспірімдердің ата-аналарымен тиісті жұмыстар жүргізілуде, заңға сәйкес, тұрмысы нашар отбасы балалары есепке алынады, - деді Маңғыстау облысы ПД ЖПҚБ бастығы полиция подполковнигі Данияр Азимов
Полиция жұмысының тағы бір басым бағыты – есірткі қылмысымен күрес.
2022 жылдың соңында есірткіні сату, аса ірі көлемде сақтау, есірткі заттарды заңсыз жарнамалау, притондар ұйымдастыру сияқты 390 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Заңсыз есірткі айналымынан 298 килограмм есірткі заты тәркіленді.
Нұрлан Ноғаев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары, сондай-ақ есірткі қылмысымен күрес мәселесі бірінші кезекте тұруы керектігін атап өтті.
- Жасөспірімдер ересектерге қарағанда, өз әрекеттерінің салдарын болжай алмайды. Кейбір жастар қоғамдағы азаматтық борышты, имандылықты, тату-тәтті өмір сүруді негізге алмайды. Көбінесе балалар мен жасөспірімдер қылмыстың ауырлығын түсінбей, заңсыз әрекеттерді қызықты ойын сияқты санайды. Құқық бұзушылықтың негізгі себебі де - осы. Сондықтан құқық қорғау қызметкерлері азаматтық қоғаммен, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша белсенді жұмыс істеуі керек. Ата-бабаларымыз балаларға үлкен көңіл бөлген. Қандай жағдай болса да мұны жоғалтып алмауымыз қажет, - деді Нұрлан Ноғаев.
Аймақ басшысы қала тұрғындарын мазалаған мәселеге - түнгі тыныштықты бұзатын кафелер мен басқа да ойын-сауық орындарына да тоқталды.
– Егер маңайдағы қоғамдық тамақтандыру мекемесі тәртіп бұзса, онда полицияға хабарласу керек, құқық қорғау органдары бұл мәселеге байыппен қарауы тиіс. Кәсіпкерлік бөлімі де өз ұсыныстарын беруі керек. Гигиеналық нормаларды, шу деңгейін сақтамағаны үшін кінәлі екендігі туралы дәлелдемелерді алған кезде кәсіп иесі заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылуы керек. Бұл - Telegram чатына жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Осыған байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
- 07.04.2023
- 215