- Блогтар
- Байбазаров Н.С.
Байбазаров Н.С.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі
Ауылдық жерлерде тұрмыс деңгейі жақсарады: Үкімет Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын бекітті
Мемлекет басшысының жарлығын іске асыру үшін Үкімет Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.
Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында ҚР Президенті лауазымына кіріскеннен кейін осы Тұжырымдаманы әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойды.
Құжатта «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90%-ы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Мұндай елді мекендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.
Негізгі мақсаттардың бірі – ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады.
Тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін жаңа жер учаскелеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары жалғасады. Бұл ретте ауылдық елді мекендерде өз қызметкерлеріне үй салып берген жұмыс берушілердің шығындары жалпы алаңы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидияланатын болады.
Ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын белгілеу, шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындар құру бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Оған қоса шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңарту мен негізгі қызметтерді қамтамасыз етудің арқасында халықтың елді мекендерден көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру жоспарланып отыр. Ал еңбек тапшылығы бар өңірлердің шекаралас ауылдық округтер тұрғындарының жалақысына үстемеақы қосу мүмкіндігі қаралатын болады.
Сонымен қатар тұжырымдама аясында топырақ құнарын жақсарту, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, жаңа суармалы учаскелерді айналымға енгізу, су қоймаларын реконструкциялау және салу, өнімділікті арттыру, дақылдарды әртараптандыру және т.б. бойынша жүйелі шаралар көзделген.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесін агроөнеркәсіп өндірісін жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы шешу жоспарланып отыр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай материалдары, жем-шөп, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ делдалдарсыз тұрақты түрде тауар өткізіп отыруға мүмкіндік береді.
Жалпы мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарық, көлік және логистика инфрақұрылымын қалыптастыруға ықпал етпек. Сонымен қатар қызмет бағыттарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары ашылып, жас кадрлардың тұрақтап қалуына жағдай жасалады.
«Ауыл аманаты» жобасы осындай құралдардың бірі болмақ, оның аясында жеке қосалқы шаруашылықтарға жылдық 2,5% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен шағын несие беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, техника, жабдық лизингі және т.б. қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ ауылда азық-түліктің негізгі түрлері бойынша импортты алмастыратын инвестициялық жобаларды қолдау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша тәжірибесі қолданылмақ.
Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы басқа да бірқатар іс-шараны көздейді, оның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және т.б. бар. Бұл туралы толығырақ Тұжырымдаманың өзінен оқуға болады.
Оны іске асыру нәтижесінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8%-ға дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер сумен 100, интернетпен 97% қамтылады, сондай-ақ нормативтік жағдайы жақсы жергілікті жолдардың үлесі 95%-ға жеткізілмек. Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өткізіледі.
Анықтама: Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылдың басында республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда ел халқының 38,2%-ы немесе 7,5 млн адам тұрады.
- 10.04.2023
- 315