- Блогтар
- Бөлекпаев Е.Қ.
Бөлекпаев Е.Қ.
Қарағанды облысының әкімі
Биыл Теміртауда 29 шақырымға жуық жылу желілері жөнделеді
Теміртауда жұмыс сапарымен болдым. 7-ші қазандықтың құрылыс алаңына барып, 2-ЖЭО-да жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен таныстым. Қазіргі уақытта қазандықтың құрылысы бойынша жұмыстар 70% - ға орындалды. Алайда ағымдағы жұмыс қарқыны бізді қанағаттандырмайды. Осы орайда мердігерге жұмысшылар санын көбейтіп, жұмыс кестесін қатаң сақтауды тапсырдым.
Сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау» директорына тұрғындар алдындағы міндеттемелері туралы еске салып, қала әкіміне энергетикалық қадағалау департаментімен бірлесіп, жұмыс барысын мұқият бақылауды тапсырдым.
Жұмыс сапары барысында жылу магистральдарын қайта құрумен айналысатын мердігерлермен де кездестім. Биылғы жылы 29 шақырымға жуық жылу желілерін жөндеу жоспарда бар. Мердігерлерге барлық материалдар толық жеткізілмей жылу желісін бөлшектеуге рұқсат берілмейтіні жайлы ескертілді.
Сондай-ақ Ақтау кентінің тұрғындарымен кездесу өткіздім. Кездесуде абаттандыру мәселелері талқыланды. Тұрғындарға Теміртауда Жастар үйін салып жатқанымызды айттым. Онда түрлі демалыс орталықтары жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар жолдарды, нөсерлі кәріздерді және аулаларды жөндеу, жаңа ойын алаңдары мен футбол алаңдарын, сондай-ақ қосымша бейнебақылау камераларын орнату мәселелері талқыланды.
- 05.05.2023
- 210