- Блогтар
- Байбазаров Н.С.
Байбазаров Н.С.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі
Ұлттық экономика министрлігі ҚР елді мекендеріне арналған өңірлік стандарттар жүйесін ұсынды
Президент Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке халықтың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру арқасында қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету міндетін қойды.
Мемлекет басшысы әрбір өңір мен ірі қала өз бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, дамуы тиіс екендігін атап өтті.
Осы ретте Ұлттық экономика министрлігі әртүрлі елді мекендер үшін Өңірлік стандарттар жүйесін (ӨСЖ) әзірледі.
Жүйе халыққа қажетті нысандар мен көрсетілетін қызметтердің нақты тізбесін қамтиды.
Аталған жүйе әрбір елді мекеннің минималды тұрмыс стандарттарын айқындайды.
Мемлекеттік органдар бұл жүйені өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлау кезінде пайдаланады.
Бұл ретте Министрлік өңірлердің минималды стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан жыл сайын мониторинг жүргізіп, бақылайды.
Өңірлік стандарттар жүйесі сәйкес саладағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі құжаттарымен интеграцияланған.
Мәселен, 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарында және Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында еліміздің кеңістікте дамуы мен ауылдық аумақтарына қатысты ӨСЖ тәсілдері көзделген.
Сонымен қатар, әзірленіп жатқан жаңа Бюджет кодексі шеңберінде ӨСЖ ережелерін жалпы сипаттағы трансферттерді (ЖСТ), мемлекеттік органдар мен облыстардың инвестициялық жоспарларын қалыптастыру бөлігінде бюджеттік жоспарлаумен байланыстыру көзделеді.
Бұл ретте республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде ӨСЖ параметрлерін қолданып жүргенімізді атап өткім келеді.
Бұл слайдта Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына қосымшамен бекітілген ӨСЖ-нің алдыңғы нұсқасына сәйкес 2019-2021 жылдар кезеңінде ауылдарды қамтамасыз етудің сандық деректері көрсетілген.
Мәселен, 2021 жылғы жағдай бойынша өңірлер бөлінісінде барлық елді мекендер бойынша нысандармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда 9,3 пайыздық тармаққа ұлғайып, 64,1%-ды құрады.
Сонымен бірге өңірлер әкімдіктерінің, мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың ұсыныстарын, сондай-ақ өткен жылғы парламенттік тыңдаулардың қорытындылары бойынша сіздердің ұсынымдарыңызды ескере отырып, Министрлік 2022 жылы Өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс атқарды.
Нәтижесінде ағымдағы жылғы қаңтарда ӨСЖ-ге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ӨСЖ көрсеткіштерін есептеуді бағалаудың жаңа Әдістемесінің жобасы әзірленді.
ӨСЖ-нің жаңа редакциясы шеңберінде нысандар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі айтарлықтай кеңейтілді, сондай-ақ елді мекендердің қосымша сыныптамасы жүргізілді.
Бұдан басқа, ӨСЖ көрсеткіштерін есептеудің жаңа әдістемесіне нысандар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын сипаттайтын көрсеткіштер қосылды.
Яғни енді нысанның техникалық сипаттамалары және материалдық-техникалық базамен жарақтандырылу деңгейі де ескеріледі.
Мәселен, бұрын қолданылған ӨСЖ әдістемесінде жұмыс істеп тұрған нысанның бар-жоғы ғана бағаланды. Мысалы, Ақмола облысының Зеренді ауылында үш мектеп бар, ӨСЖ бойынша қамтамасыз етілуі 100% деп есептелді.
Қазіргі уақытта Зеренді ауылында 3 мектептің 2-і күрделі жөндеуді қажет етеді, сондай-ақ тағы 1 мектептің құрылысы қажет.
Тиісінше, сапалық көрсеткіштерді ескере отырып, жаңа ӨСЖ әдістемесі бойынша Зеренді ауылының қамтамасыз етілу деңгейі 81%-ға дейін төмендеді.
Жаңа ӨСЖ тыныс-тіршіліктің әлеуметтік, инженерлік-көліктік, экологиялық және тұрмыстық салаларында 12 бағыт бойынша құрылымдалғанын слайдтан көруге болады.
Елді мекендер республикалық және облыстық, сонымен қатар аудандық маңызы бар қалалар және аудан орталықтары, ауылдық округтердің орталықтары, тірек ауылдық елді мекендер және басқа да ауылдық елді мекендер сияқты 5 санат бойынша топтастырылған.
Сондай-ақ елді мекендердің әрбір типі бойынша ӨСЖ-нің нысандар мен көрсетілетін қызметтер тізбесі кеңейтілгенін алдында атап өткен болатынмын.
Мәселен, ӨСЖ-нің қайта бекітілген нысандар мен көрсетілетін қызметтер тізбесінде:
облыстық маңызы бар және республикалық маңызы бар қалалар үшін – 56 нысан/көрсетілетін қызмет,
аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалалар үшін – 49,
ауылдық округтердің орталықтары үшін – 40,
ауылдар үшін – 29 нысан/көрсетілетін қызмет көзделіп отыр.
Бұл ретте негізгі нысандар мен көрсетілетін қызметтерден басқа, ӨСЖ тізбесінде ұсынылатын нысандар мен көрсетілетін қызметтер де көзделген.
Келесі 3 слайдта әр типті елді мекендерге арналған нысандар мен қызметтердің нақты тізбелері көрсетілген.
Мәселен, ауылдық елді мекендер аудан орталықтарына, ауылдық округтердің орталықтарына, тірек АЕМ-ге және қалған ауылдарға бөлінген.
Слайдта аудан орталықтарына арналған нысандар мен көрсетілетін қызметтер ұсынылған.
Бұл ретте ескі ӨСЖ-мен салыстырғанда аталған елді мекендер үшін 12 жаңа нысан мен көрсетілетін қызмет қосылған.
Бұл слайдта ауылдық округ орталықтары, тірек АЕМ және қалған ауылдар үшін жаңа ӨСЖ-нің нысандары мен көрсетілетін қызметтердің тізбегі көрсетілген.
Аталған тізбеге облыс әкімдіктері мен Парламент депутаттарының ұсыныстары сәйкес мемлекеттік ветеринариялық станциялар мен пункттер, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер және т. б. сияқты жаңа нысандар қосылғанын көруге болады.
Қалаларды 10 мың адамдық шартты «жоспарлау секторларына» бөлуді ескере отырып, әр қаланың әлеуметтік нысандармен және қызметтермен «20 минуттық қадамдық қолжетімділік» қағидатына сәйкес қамтамасыз етілуіне баса назар аударылды.
Бұл слайдта жаңа ӨСЖ-ге сәйкес өңірлер бойынша орташа қамтамасыз етілу көрсеткіші келтірілген, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ол 55,7%-ға жетті.
Бұл ретте қосылған сапалық параметрлерді ескере отырып, жаңа ӨСЖ әдістемесі бойынша есептелген бұл көрсеткіш алдыңғысына қарағанда анағұрлым шындыққа жақынырақ.
Бұл ретте нысандармен және көрсетілетін қызметтермен барынша көп қамтамасыз етілу Алматы қаласында және Астана қаласында, сондай-ақ Павлодар облысында, Маңғыстау облысында және Алматы облысында байқалады.
Көрсеткіштің төмендеу деңгейі Шығыс Қазақстан облысында, Батыс Қазақстан облысында және Жетісу облысында байқалады.
Бұл слайдта 2022 жылғы мониторинг нәтижелері тек қала/ауыл бөлінісінде ғана көрсетілген.
Мәселен, қалалар бойынша қамтамасыз ету 87% құраса, ауылдар бойынша – 55,3% тең.
Бұл базалық қызметтер мен әлеуметтік игіліктерге қолжетімділік көрсеткіштері бөлігінде алшақтықтарды қысқарту, қала мен ауыл арасындағы диспропорцияларды барынша азайту қажеттігін тағы да дәлелдейді.
Біздің мақсат – қала мен ауылдың арасындағы айырмашылықты барынша азайту.
Келесі 5 слайдта 2022 жылғы Өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштерін мониторингтеудің негізгі салалары көрсетілген.
«Білім беру» саласында: мектептер бойынша елді мекендерді қамтамасыз ету деңгейі 83%, мектепке дейінгі білім беру мекемелері – 82%, Техникалық және кәсіби білім нысандары – 57% құрады.
«Денсаулық сақтау» саласындағы мекемелермен қамтамасыз ету деңгейі 75%, дәріханалармен – 32% құрады.
Мәдени-демалыс ұйымдары бойынша елді мекендердің қамтамасыз етілу деңгейі 72%, мұражайлар – 45%, дене шынықтыру-сауықтыру кешені – 54% және спорттық жаттығу залдары – 56% құрады.
«Инженерлік инфрақұрылым» саласында: орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша инженерлік инфрақұрылым саласындағы нысандармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі 89%, су бұру жүйесі бойынша – 51% құрады.
«Көлік инфрақұрылымы» саласында: елді мекендердің қалаішілік/кентішілік жолдармен қамтамасыз етілу деңгейі 76%, жолды жарықтандыру – 45%, автокөлік жуу орындары – 60%, теміржол вокзалдары бойынша 60% құрады.
Бүгінгі таңда Министрлік адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және Өңірлік стандарттар жүйесінің көрсеткіштерін жақсарту үшін түрлі бюджеттік бағдарламалар шеңберінде өңірлерді дамыту жұмысын жалғастыруда.
Мәселен, 2023 жылы өңірлердің инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 14 облыс орталығында 67 бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыруға 42,1 млрд. теңге бөлінді.
Осы қаражат шеңберінде қала ішіндегі 60 шақырымға жуық жолдарды және 140 шақырым инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан басқа, 29 моно- және шағын қалаларда 74 жобаны жүзеге асыруға 34,9 млрд. теңге бөлінді. Қалаішілік жолдардың 90 шақырымын және инженерлік желілердің 180 шақырымын жаңғырту жоспарлануда.
Сонымен қатар, ірі қалалардың шет аймақтарын инфрақұрылық тұрғыдан дамыту үшін 33 жобаны іске асыру жоспарлануда, оларды іске асыруға 41,5 млрд. теңге бөлінді. Көрсетілген қалаларда шамамен 60 шақырым жолдар және 160 шақырым инженерлік желілер жаңғыртылатын болады.
Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін Министрлік «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру жұмысы жүргізуде.
2023 жылы 1,8 мың жобаны іске асыруға шамамен 200 млрд.теңге бөлінді, олар даму әлеуеті бар 800 ауылда іске асырылуда.
Бұл қаражатқа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында 222 жоба, 421 әлеуметтік инфрақұрылым жобасы, сондай-ақ 1 168 көлік инфрақұрылымы жобасы іске асырылуда.
Бұл ретте осы бағдарлама бойынша облыстар бойынша бюджеттік инвестициялар тиімділігінің нақты мысалдары бар екенін атап өткен жөн.
Мәселен, Павлодар облысының Ертіс ауданында 2019-2022 жылдары 5 ауыл қамтылды, онда жалпы сомасы 1,4 млрд. теңгеге 25 жоба іске асырылды.
Нәтижесінде, осы кезеңде ауданның осы ауылдарына 7,6 млрд. теңге жеке инвестиция тартылды.
Осылайша, біз салынған бюджеттік инвестициялардың 1 теңгесіне тартылған жеке инвестициялардың 5,4 теңгесі келетінін көріп отырмыз.
Өз кезегінде Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен қамтылған 8 ауыл бойынша 4 жыл ішінде 9 жобаны іске асыруға 3,1 млрд. теңге бөлінген болатын.
Нәтижесінде, осы ауылдарға 97 жобаны іске асыруға 9,5 млрд. теңге жеке инвестиция тартылды.
Осылайша, осы ауданда салынған бюджеттік инвестициялардың 1 теңгесіне тартылған жеке инвестициялардың 3 теңгесі келеді.
Бұл жаман нәтиже емес.
Бұл мемлекеттік инвестициялар ауылдық елді мекендердің тартымдылығын арттырады және жеке бизнес те оларды дамытуға инвестиция сала бастайды.
Осыған байланысты, өздері тұратын өңірлерге, туған ауылдары мен шағын қалалардың инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат салатын жергілікті ұйымдар мен кәсіпорындардың белсенділігін атап өткім келеді.
Бұл слайдта «ERG» ЖШС, «Шуйское», «РАМИС» ШҚ, «Теңізшевройл» және басқа да ірі ұйымдардың жеке инвестицияларының сомалары келтірілген.
2022 жылғы осы ұйымдардан түскен инвестициялардың жалпы сомасы 6 млрд-тан астам теңгені құрады.
Өңірлік стандарттар жүйесі қазірдің өзінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудағы прогресті өлшеуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда, өздеріңіз білетіндей, 7,5 млн. тұрғыны бар 6,3 мың ауылдық елді мекен бар.
2022 жылғы Өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштерін мониторингтеу сол стандарттар жүйесіне сәйкес қамтамасыз етілу деңгейі жоғары ауылдар саны ұлғайып, 786 ауылдық елді мекенді құрағанын көрсетіп отыр. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 525 ауылдық елді мекенге артық. Сол ауылдарда барлығы 3,2 млн. адам немесе еліміздің ауыл тұрғындарының 43%-ы тұрады.
Бұл «Ауыл – Ел бесігі» және басқа бюджеттік бағдарламалар аясындағы жобалардың ауылдық аумақтарды дамытуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпалын көрсетеді.
Бұл ретте, 2022 жылғы Өңірлік стандарттар жүйесін мониторингтеудің нәтижелері бойынша елімізде Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес қамтамасыз етілу деңгейі жоғары және орташа 3,6 мың ауыл бар.
Министрлік 2027 жылға қарай қамтамасыз етілу деңгейі орташа барлық ауылдар «Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес қамтамасыз етілу деңгейі жоғары ауылдар» санатына жеткізіледі деп болжайды.
Жалпы, орталық деңгейде өңірлердің инфрақұрылымын дамыту шеңберінде жеткілікті қаржы қаражаты бөлінетінін атап өткім келеді.
Мәселен, біздің азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту үшін барлық орталық мемлекеттік органдар бойынша 2023-2025 жылдарға өңірлерді дамытуға 4,5 трлн. теңге мөлшерінде нысаналы трансферттер көзделген.
Бүгінгі таңда Өңірлік стандарттар жүйесі өңірлік диспропорциялардың себептерін анықтауға мүмкіндік беретін құжат болып табылады.
Өздеріңіз білетіндей, олар әртүрлі болуы мүмкін. Бұл әртүрлі табиғи ресурстар, климаттық жағдайлар, еңбек ресурстары, инвестициялар, сондай-ақ бюджетаралық қатынастардағы олқылықтар.
Осыған байланысты өңірдің бюджетін жоспарлау және орындау процесіне Өңірлік стандарттар жүйесін байланыстыру қажеттігі туындайды.
Сонымен қатар, Министрлік әзірлейтін жаңа Бюджет кодексі шеңберінде шекті нормативтерді бекіту көзделген, олар:
1) ең төменгі әлеуметтік стандарттарға;
2) инженерлік-коммуникациялық және көлікинфрақұрылымының ең төменгі стандарттарына;
3) елді мекендерге арналған Өңірлік стандарттар жүйесіне негізделетін болады.
Осыған байланысты, жаңа Бюджет кодексі шеңберінде Өңірлік стандарттар жүйесінің әдіснамасы өзектендіріледі, ол алдағы уақытта өңірлерде инфрақұрылыммен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейін мониторингтеу және бағалау үшін қолданылатын болады.
Жалпы, өңірлерді дамыту жоспарларын қоса алғанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу осы мониторингтің нәтижелерін міндетті түрде қолдана отырып қамтамасыз етілетін болады.
Біздің ойымызша, мұндай тәсіл өңірлер арасында да, олардың ішінде де мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен игіліктерге қол жеткізудегі бар алшақтықтарды теңестіруге мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, Өңірлік стандарттар жүйесін қолданудың негізгі мақсаты Мемлекетпен көрсетілетін базалық қызметтер мен әлеуметтік игіліктерге халықтың қол жеткізуіндегі өңірлік диспропорцияларды төмендету болып табылады.
Осыған байланысты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жергілікті инфрақұрылымды дамытуды жоспарлауы кезінде Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарын ескеруі маңызды.
Сонымен қатар, өңірлік стандарттарды одан әрі жетілдіру мақсатында мынадай жұмыстарды жүргізу қажет.
Біріншіден, Өңірлік стандарттар жүйесінің нысандары мен көрсеткіштерін жинау және оларды өңдеуді ҚР Ұлттық статистика бюросы деңгейінде жүзеге асыру қажет.
Бұл қорытынды деректерді ресми көздерден алу үшін қажет.
Екіншіден, өңірлер бөлінісінде Өңірлік стандарттар жүйесі шеңберіндегі нысандар мен көрсетілетін қызметтер бойынша ақпаратты, сондай-ақ қамтамасыз етуді есептеу кезінде қабылданатын көрсеткіштерді қамтитын электрондық базаны қалыптастыру қажет.
Үшіншіден, орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың жергілікті атқарушы органдары қалалар мен облыстардың стратегиялық және даму жоспарларын әзірлеу кезінде Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес қамтамасыз етілу мониторингін ескеруі қажет.
Сіздермен Өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу барысында жақсы жұмыс атқардық деп санаймын.
Стандарттар тұрақты негізде уақытқа сай өзгеріп отыруы керек екені түсінікті.
Осыған байланысты болашақта белгілі бір стандарттар әр өңірдің ерекшелігіне қарай қайта қаралуы, жетілдірілуі және іске асырылуы мүмкін.
- 09.06.2023
- 190