- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Түркиялық инвесторлар Маңғыстауда инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі
16 маусымда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев YDA түрік компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арслан бастаған Түрік делегациясымен кездесті. Жиында компания Маңғыстау облысының аумағында металлургия, денсаулық сақтау, сондай-ақ кеме жасау саласында бірқатар жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыратыны белгілі болды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуде жобаларды іске асырудың болжамды орындары ретінде Қарақия ауданы мен Ақтау қаласының аумақтарын қарастыра отырып, жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.
YDA - әуежай және көп бейінді аурухана кешендерін, жоғары технологиялық ғимараттарды, өнеркәсіптік құрылыстарды, инфрақұрылым нысандарын және т. б. салу және басқару саласында инвестициялық жобаларды іске асыру тәжірибесіне ие компания.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының инвестициялық жобаларды іске асыруда үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті.
- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, экономиканың өсуі мен әртараптануының негізгі факторларының бірі инвестицияларды тарта отырып, жаңа өндірістер құру болып табылады. Соңғы мәліметтер бойынша, Маңғыстау облысында түрік капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 86 кәсіпорын тіркелген. Екіжақты инвестициялық ынтымақтастық айтарлықтай өскен. Біздің бүгінгі кездесуіміз Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтады деген сенімдемін, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Айта кету керек, Маңғыстау облысының Түркия Республикасымен сыртқы сауда айналымы 2022 жылы 73,7 млн долларды құраған. Ал өңірдің Түркиямен сыртқы сауда айналымы 2023 жылғы қаңтар-сәуір айларында 8,6 млн долларды құраған. Оның ішінде экспорт – 3,1 млн доллар болса, импорт - 5,5 млн долларға жеткен.
Экспортқа шикі мұнай өнімдері, зергерлік бұйымдар, қара металдардың қалдықтары мен сынықтары, өңделмеген алюминий кірсе, импортқа көкөністер мен жемістер, минералдар, фтор, хлор, бром, бояулар мен лактар жатады.
- 19.06.2023
- 143