- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған іс-шаралар: Маңғыстауда биыл 360 шаруашылық 776,7 миллион теңге субсидия алды
Маңғыстау облысында 2023 жылы 360 шаруашылыққа асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағыттары бойынша 776,7 млн теңге берілді. Оның ішінде, 719,7 миллион теңге жем-шөпке төленді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлім басшысының міндетін атқарушы Асхат Шайхиевтің айтуынша, өтінімдер Plem.kz сайты арқылы қабылданып, басты назар жануардың аналық басының азығына аударылған.
-Былтыр 330 шаруашылыққа 702,6 млн теңге қаржы берілді. Оның ішінде 329 шаруа қожалыққа 619,1 млн теңге мал азығына кеткен шығынды өтеуге төленді. Әр жыл сайын бөлінген қаржыны иемденген азаматтар ауыл шаруашылығын дамытып, төрт түлік малдың көбеюуіне үлесін қосып келеді. Әлі де бірнеше шаруа қожалықтарының өтініштерін қарау үстіндеміз. Өтінімдер қабылдау жүріп жатыр, - деді Асхат Шайхиев.
2023 жылы субсидия алғандардың бірі - Анар Дәулеткерей. Ол мемлекеттен 1 млн 474 мың теңге қаражат алып, жем-шөп сатып алу арқылы мал шаруасын дамытып келеді. Екінші жыл қатарынан субсидия алған Анар Дәулеткерей мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамыту үшін көп жағдай жасалғанын айтады.
-Бүгінде өзіммен бірге қарамағымдағы 4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Мемлекеттен берілетін субсидия жем-шөп сатып алып, кәсібімді әрі қарай дамытуға үлкен пайдасын тигізіп жатыр. Субсидия болмаса шаруашылықтарға өте қиын. Берілген қаражаттың арқасында түйе, жылқыларымыз қыстан аман-есен шығып, мал басын көбейтіп жатырмыз, - деді Анар Дәулеткерей.
Мемлекеттен субсидия алғандардың қатарында Арғын Болысов та бар. Ол 80 түйе мен 90 жылқысын жем-шөппен қамтамасыз ету үшін 1 миллион 300 мың теңге мемлекеттен қаражат алған. Өзімен қатар, 3 азаматты жұмыспен қамтып отыр.
-Мемлекеттен берілетін субсидияның пайдасы ауыл шаруашылығын дамыту үшін үлкен мүмкіндік. Үкіметтен осындай қолдау бар екенін екі жыл бұрын біліп, құжаттарды жинақтап өтінім бердік. Пайдасының көптігі сонша, сол қаражатқа алынған азықтар арқылы мал санын көбейтіп жатырмыз. Түйе мен жылқыларымызды семіртіп, алдағы уақытта шаруа қожалығымды кеңейту жоспарда бар, - деді Арғын Болысов.
Түпқараған ауданының тұрғыны Тахижан Ізтұрғанова 15 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Мемлекеттен 4 жыл қатарынан субсидия алған кәсіпкердің 200-ге жуық асыл тұқымды түйесі, 400 қойы, 600 жылқысы бар. Төрт түлік малды жем-шөппен асырау үшін Тахижан Ізтұрғанова мемлекттен 13 миллион теңге субсидия алған.
-Шаруа қожалықтарының иелері үшін электронды құжаттар тізімін тапсыру ең тиімді жолдардың бірі болды. Бір жерге барып жүрмей-ақ, үйден өтінім тастап отырмыз. Оның үстіне, 10 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Мал басын көбейтіп, ауыл шаруашылығына да үлесімді қосып келемін, - деді Тахижан Ізтұрғанова.
Айта кетейік, биыл ауыл шаруашылығын дамыту үшін 3 кәсіпкер 15 миллион қаржы грантқа ие болды. Олардың бірі ешкі сүтінен өнімдер өндіру арқылы халыққа пайдасын тигізсе, енді бірі қой-түйе жүнін пайдаға асырып, кәдесый дайындап жүр.
- 05.07.2023
- 172