- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Бейнеу ауданында үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін екі білім нысаны салынуда
22 қыркүйек күні өңір басшысы Бейнеу ауданына жұмыс сапарының екінші күнінде Сам, Тұрыш, Ноғайты және Бейнеу ауылдарын аралады. Сондай-ақ, Сам ауылындағы 300 орындық жаңа мектеп құрылысының барысымен танысты. Сапар барысында аймақ басшысы аудандағы негізгі әлеуметтік нысандарды аралап, халықпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ең алдымен, Нұрлан Ноғаев іргетасы 1957 жылы қаланған Сам ауылындағы орта мектеппен танысты. 150 оқушыға арналған оқу ордасы бүгінде күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді және қазіргі таңда бұл ғимаратта оқушыларға орын жетіспеушілігі байқалады.
Бұл мәселені шешу үшін қазіргі таңда аталған ауылда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Оны 2024 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр. Бұл мектепте Сам ауылының ғана емес, Ноғайты және Тұрыш ауылдарының балалары да білім алатын болады.
Бүгінде аталған бағдарлама аясында Бейнеу ауылында 600 балаға арналған екінші мектеп құрылысы жүргізілуде. Нысан пайдалануға 2024 жылдың соңына дейін беріледі деп жоспарланған.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңір үшін маңызы бар білім беру нысандарының құрылысы уақытылы әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз ету үшін жоғары құрылыс барысын қатаң қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, ол жұмысты орындау мерзімі мен бюджеттік қаржыны дұрыс игеруге баса назар аудару керектігін атап өтті.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауына сәйкес, елімізде жалпы білім беру нысандарының жетіспеушілігі мен апатты мектептердің санын азайту сияқты мәселелерді шешуге бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатқанын айтты. Осы бағдарлама аясында 2025 жылға дейін өңірде 21 жаңа мектеп салу жоспарланған, оның ішінде екі білім нысаны Бейнеу ауданында бой көтеретін болады.
Облыс әкімінің сапары «Қарағайлы» ауыз су қоймасында жалғасты. Аталған нысан Сам және Ноғайты ауылдарын сумен қамтамасыз етеді. Жалпы көлемі 640 текше метр болатын бұл резервуарлардың тәуліктік қуаты 300 текше метрді құрайды және жер асты суымен қоректенеді, сондай-ақ, тазалауды қажет етпейді. Қазіргі уақытта ауылдарға дейін құбыр тарту жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар, әкім Сам, Ноғайты және Тұрыш ауылдарының тұрғындарымен кездесулер өткізді. Аталған ауылдарда тұрғындар Бейнеу бағытындағы жолдардың жай-күйі, жергілікті амбулаториялардағы медициналық кадрлардың жетіспеушілігі және темір жол аумағына көпір салу мәселелеріне назар аударуды сұрады.
Бұл ауылдардағы жалпы халқы саны 1400-ден асады. Жергілікті тұрғындардың негізгі табыс көзі мал шаруашылығы болып табылады. Сол себепті ауыл шаруаларына түрлі бағдарламалар аясында мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Мәселен, биыл Тұрыш ауылының бес шаруа қожалығына 10 миллион теңге көлемінде азық-түлікке субсидия берілді.
Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында әкім Тұрыш ауылындағы орталықтандырылған су құбырымен танысты.
Өңір басшысының сапары 70 мыңнан астам тұрғыны бар Бейнеу ауданының орталығында жалғасты. Жиын Бейнеу ауданы әкімінің м.а. Рахымжан Шалбаевтың сегіз ай ішінде атқарылған жұмыстар туралы баяндамасымен басталды.
Оның айтуынша, сегіз айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 37,6 млрд. теңгені құрап, 2,2 есеге өскен.
Кездесуде ауыл тұрғындары тұрғын үй сапасы, сұйытылған газдың жетіспеушілігі, жолдардың жай-күйі, сондай-ақ, көрсетілетін коммуналдық қызметтерге байланысты тұрғын үй көмегі туралы сұрады.
Халықпен кездесуден кейін әкім азаматтарды жеке қабылдады.
- 25.09.2023
- 112