- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өзекті мәселелер қаралды
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өзекті деп саналатын бірнеше мәселе қаралды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жол қозғалысындағы қауіпсіздік пен облыстың білім беру жүйесіндегі проблемаларды шешу жолдары талқыланды.
Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Құдайбергеновтің айтуынша, қазір өңір экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 40,5%-ды құрайды. Осы жылдың сегіз айында өңдеу өнеркәсібінің өндірісі 95,3%-ға немесе 652,3 млрд теңгеге жеткен.
Мұнай өнімдерін өңдеу саласын дамыту мақсатында облыс бойынша 2027 жылға дейін жалпы құны 2 трлн теңгені құрайтын 49 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Осы жобалар кезең-кезіңімен, уақытылы іске асырған соң, облыстағы өндіріс көлемі 1,5 есеге көбейіп, жалпы өңірлік өнімдері өнеркәсіп үлесі 60%-ға жетуі керек. Өңдеу өнеркәсібін дамыту – өңір басшысының бақылауында.
Аппараттық жиында жол қозғалысындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды.
Жыл басынан бері облыс бойынша 375 жол апаты тіркелген. Өкінішке қарай, осы жол апаттарынан 69 адам қаза тауып, 480-нен астам адам әртүрлі жарақат алған. Жол апаттарына, көбіне жүргізушілердің жылдамдықты сақтамауы, жаяу адамдардың жол ережесін бұзуы, көліктердің қарсы бағытқа шығып кетуі сияқты нақты факторлар себеп болған.
«Осы жол апаттарында қаза тапқандардың көбі, яғни, 46 адам республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда көз жұмды. Жол апаттары ең көп орын алатын бес участок анықталды, олар – «Самара-Шымкент» автожолының бойындағы Қобда, Өлке, Ақжар, Дон, Бөгетсай ауылдарының маңы», — деді аппараттық жиын барысында баяндама жасаған облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов.
Осыған байланысты облыс әкімдігіне (ұзындығы 262 шақырымды құрайтын) «Самара-Шымкент» автожолын бөлу жолағы бар 4 жолақты қозғалысы құрылысы туралы ұсыныстар енгізілген. Ол қолдау тауып, қазіргі уақытта жоба бекітіліп жатыр.
Ақтөбе облысында жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол апаттарының саны 26 пайызға артқан. Көрсеткішті азайту мақсатында балалар тасымалы алгоритмі жасалынып, барлық әкімдіктерге, білім беру ұйымдарына жіберілген.
Күн тәртібіндегі тағы бір өзекті тақырып – облыстың білім беру саласында кейбір мәселелерді жою бойынша атқарылған жұмыстар қаралды. Қазір аймақта 597 мектепке дейінгі ұйым, 429 мектеп, 40 колледж жұмыс істейді. Білім бөлімінің басшысы Жайық Сұлтан бұл саладағы басты проблеманың бірі – ескі және үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі екенін сөз етті. Оның мәліметіне сүйенсек, қазір облыстағы мектептердің 60%-дан астамы, яғни, 252 мектеп 1930-1990 жылдары пайдалануға берілген. Өңірде 4 – үш ауысымды, 5 – апатты мектеп жұмыс істейді.
«Үш ауысымды, апатты және орын тапшылығы қалыптасқан мектептердің мәселелерін шешу мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 24 мыңнан астам оқушы орнына арналған 44 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Биыл 5270 орынға арналған 22 мектеп құрылысы жүріп жатыр», - дейді ол.
Ал, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынатын 18 мектептің биыл 14-нің құрылысы басталды, келер жылы аяқталады. Қалған 3 500 орындық 4 мектеп 2025 жылға қарай пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдарды жабдықтау қажеттігі, шағын ауылдарда 60 орындық мектептер салу, бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін қаражат көлемін арттыру ұсынылды. Облыстық мәслихаттың сессиясында бұл мәселелер қаралады.
Жиынды қорытындылай келе, облыс басшысы Асхат Шахаров берілген тапсырмалардың уақытында, сапалы орындалуы керектігін баса айтты. Салалық бағдарламалардың орындалуы – маңызды міндет екенін еске салды.
- 03.10.2023
- 119