- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстау тұрғындарына сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін сыйақы төленеді
2022 жылы 134 қазақстандық сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлағаны үшін сыйақы алды, оның төртеуі Маңғыстау облысының тұрғындары. Белсенді азаматтық ұстанымы үшін оларға 800 мыңнан астам теңге қаржы төленді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин, азаматтарды ынталандыру сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықты анықтауға, жолын кесуге және қылмысты ашуға, тергеуге, кінәлі адамға қатысты іске әсер еткен жағдайда ұсынылған ақпарат шындыққа сәйкес келсе жүзеге асырылатынын айтты.
Оның айтуынша, Маңғыстауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін 700-ден астам ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілген. Үш мемлекеттік орган қызметінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіліп, нәтижесінде мамандар 98 ұсыным әзірлеген. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы 13 мониторинг өткізілген. Соның негізінде 49 ұсыныс әзірленіп, олар мемлекеттік органдарға сәтті енгізілген.
Республика бойынша 7 983 нормативтік құқықтық актінің жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткен, нәтижесінде 17 170 тәуекел анықталған. Аяқталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша өтелген залалдың жалпы сомасы 108 миллиард теңгені құраған. Агенттік сондай-ақ жалпы сомасы 653 миллиард теңгеге мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтаруды қамтамасыз еткен.
-Мемлекет басшысының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасына қол қоюы сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі жұмыстарға жаңа серпін берді. Бұл стратегиялық құжат алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларға негіз болатын мақсаттар мен міндеттерді айқындайды. Қазір мемлекеттік органдардың шығындары мен іс-шараларын қадағалауға мүмкіндік беретін заманауи электрондық мониторинг жүйелері әзірленіп, енгізілді. Бұл процестерді ашық етеді әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады, - деп атап өтті өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.
Сонымен қатар, комиссия отырысында жолдардың сапасына тұрақты мониторинг жүргізу, ауыр жүк автомобильдерінің шамадан тыс жүк тиеуін болдырмау және уәкілетті органдардың тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар өткізу мәселелері талқыланды.
2023 жылғы 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдескен адамдарды ынталандыру қағидалары күшіне енді. Құжатқа сәйкес, бопсалау фактісі туралы хабарлама үшін берілетін ынталандыру қаржысының көлемі мемлекетке келтірілуі мүмкін болған залалдың жалпы сомасына байланысты анықталады. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы Әкімшілік іс жүргізілсе төлем сомасы 30 АЕК-ті құрайды. Егер қылмыстық іс ашылатын болса ынталандыру көлемі қылмыстың ауырлығына байланысты 40-тан 100 АЕК-ке дейін. Егер параның немесе келтірілген залалдың мөлшері 1000 АЕК-тен асса, онда біржолғы ақшалай сыйақы соманың 10%-ын құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды.
Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлауға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде кеңес алуға 1424 нөмірі бойынша хабарласуға болады.
- 03.10.2023
- 127