- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
Міндетін дұрыс атқармаған мердігер компанияға шара қолданылады
Т.Жүргенов ауылындағы тағы бір сақалды құрылыс – екі қабатты сегіз пәтерлі тұрғын үй. Көпбалалы және жалғызбасты аналар, қоғамның осал топ өкілдеріне арналған.
Қызылордалық «РБ-Строй» ЖШС 2021 жылы нысанның бірінші қабатын тұрғызып, құрылысты тоқтатады. Дегенмен, орындаған жұмысы үшін 62 млн теңгесі төленген. Қазір компания құрылысты жалғастыруға қауқарсыз, ісі сотқа берілген.
«Бұл құрылысты салуға ынталы болған компанияның бірнеше рет құрылтайшылары ауысты. Шоттары бұғалтталды. Өздері қауқарсыздығын көрсеткеннен кейін сотқа жүгіндік. Кепіл қою арқылы олар бірнеше рет мәселелерін шешті. Биыл қазан айында аяқтап беруге уәдесін берді. Бірақ, ешқандай жұмыс жасалмады. Енді біз тағы да сотқа жүгінуге мәжбүр болып отырмыз», - деді өңір басшысына жағдайды баяндаған аудан әкімінің орынбасары Арман Алдабергенов.
Сот шешімі шыққан соң, жобалау құжаттары қайта қаралады, сәйкесінше, қаржысы да өзгереді. Құрылыс басында Асхат Шахаровқа ауыл тұрғындары өз талап-тілектерін жеткізді. Олар көппәтерлі үйдің құрылысын толықтай аяқтауға қолдау көрсетуін сұрады.
«Ауруын жасырған өледі» дейді. Қандай мәселе болса да, бірге талқылап, бірге шешейік. Осы құрылысы тоқтап тұрған әлеуметтік маңызы бар жобалар туралы сіздер жақсы білесіздер. Бұл тұрғын үй аяқсыз қалмайды. Заңды түрде барлық жұмыстарын жасап, бітіреміз», - деген облыс әкімі нысан жеке бақылауында болатынын айтты.
Ол сондай-ақ, аудан басшылығына міндетін дұрыс атқармаған мердігер компанияға қатысты шара қолдануды міндеттеді.
Жалпы, аудан бойынша баспана кезегінде 248 адам тұр. Биыл тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 48 млн.теңге бөлінген. Бүгінгі күні Т.Жүргенов ауылында үш 2 пәтерлі, төрт 1 пәтерлі коммуналды тұрғын үй салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
- 13.10.2023
- 172