- Блогтар
- Шахаров А.Б.
Шахаров А.Б.
Ақтөбе облысының әкімі
Әкімдікте өткен жиында бірқатар өзекті мәселелер талқыланды
Ақтөбе облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен отырыста қаралды.
Ақтөбе өңірінде тау-кен өндіру саласында жұмыс істейтін 37 кәсіпорын тіркелген. Оның төртеуінде жұмыс шахталарда жүзеге асырылады.
Жалпы, соңғы үш жылда өндірістік жарақаттану деңгейінің төмендеуі байқалады, деп хабарлады еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Абдухат Мырзалин.
Қазіргі уақытта басқарма «Халықтық бақылау», «Тікелей бақылау» және «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасы сияқты өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі жобаларды енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жобалар өңірдегі көптеген кәсіпорында енгізілген.
«Адам өмірі мен денсаулығы – мемлекет үшін ең басты құндылық. Жақында орын алған қайғылы оқиға өндірістегі қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдары екенін көрсетті. Өңірде жұмыс істейтін тау-кен және мұнай өндіру салаларының барлық кәсіпорнында бұған дейін көтерілген сұрақтарды, күн тәртібіндегі мәселелерді қайта қарау қажет. Анықталған кемшіліктер болса, жою шарт. Еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылау күшейтілуі тиіс», - деп Асхат Шахаров жауапты мемлекеттік орган басшыларына тапсырма берді.
Сондай-ақ, отырыс барысында халықтың шамадан тыс несие алуын азайту бойынша шараларды іске асыру барысы, шағын және орта бизнес пен туризмді дамыту мәселелері қаралды.
Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Асылбек Қалменов өңірде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заңының нормаларын жүзеге асыру туралы айтты. Биылғы қаңтар айында облыс әкімдігімен бірлесіп бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда облыста соттан тыс банкроттықты қолдану туралы жеке тұлғалар 2600-ден астам өтініш берген. 190 борышкер банкрот деп танылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы іске асырылуда. Ақтөбе облысы бойынша жоба жетекшісі Гүлнар Сейітжаппарова биыл мамыр айында басталған жоба Ақтөбе 7,3 мыңнан астам тұрғынды қамтығанын мәлімдеді. Көбісі қаржылық сауаттылық курстарынан өтіп қана қоймай, өз несиелері бойынша проблемалық мәселелерді шешуде заңгерлік, консультациялық көмек алды.
Отырыс барысында облыс әкімі шағын және орта бизнес пен туризмді дамытуға қатысты нақты міндеттер қойды.
Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қонақ үй, хостел, кемпинг сияқты орналастыру орындарына келушілер саны 7%-ға артып, 85 мың адамды құрады. Туризм саласындағы инвестициялар көлемі қазан айының басында 15,5 млрд теңгеге жеткен. Қазіргі уақытта бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасуда, оның ішінде Қарғалы ауданында тау шаңғысы базасын, санаторий, ипподром және т.б. қамтитын экостильдегі қонақ үй салу жоспарлануда. Былтырдан туризм саласында мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері жұмыс істей бастады. Кәсіпкерлік субъектілеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және консультациялар ұйымдастырылды.
Ақтөбе облысы – бүгінде шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жетекші өңірлердің қатарында. Жыл басынан бері 1277 жоба мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. 2023 жылы іске қосылған Хромтау моноқаласының ШОБ дамыту жөніндегі өңірлік бағдарламасы аясында 33 жоба қолдау тапты. Сондай-ақ, облыста әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға қатысты бірқатар шаралар жүргізілуде.
Нәтижесінде жыл басынан бері тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,9%-ға, жұмыс істеп тұрғаны 13,1%-ға өсті.
ҚР жоғары аудиторлық палатасының бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингісіне сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы республикада көшбасшылардың бестігіне кіреді.
Сонымен қатар, аппараттық жиында Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев жылыту маусымының өтуі туралы баяндама жасады. Қазіргі уақытта өңірде жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Халықтың қажеттіліктері үшін көмір жеткізу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде қажетті көлемнің шамамен 70%-ы жеткізілді. Сонымен қатар, елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Жарық, Еңбекші және Әлімбет ауылдарын газдандыру – қатаң бақылауда.
- 01.11.2023
- 116