- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстауда өңірлік кадр резерві құрылады
Маңғыстауда алғаш рет 20 адамнан тұратын өңірлік кадр резерві құрылады. Бұл облыстың дарынды жастары үшін әлеуметтік лифт тетігін жолға қоюға мүмкіндік береді. Іріктеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдау 2024 жылдың 1 наурызынан 31 наурызға дейін жүргізіледі. Бұл туралы өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен өңірлік кадр комиссиясының отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде үш жыл еңбек өтілі бар ҚР азаматтары қатыса алады. Өтінімді https://onir.pkrezerv.gov.kz ресми сайтында беруге болады.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұловтың хабарлауынша, іріктеу кандидаттардың құжаттарын қабылдау, заңнаманы білу бойынша тестілеу, жеке қасиеттерін бағалау, уәкілетті органның құзыреттерін бағалау, өңірлік резервке енгізу үшін комиссия отырысында сұхбат және кандидатураларды қарау сияқты кезеңдерді қамтиды.
Осы рәсімдерден кейін конкурстық іріктеуден өткен 20 адам өңірлік резервке алынады.
Өңірлік резервке іріктеудің жеті негізгі салалық бағыты:
▪️индустрия және өнеркәсіп;
▪️экономика және қаржы;
▪️әлеуметтік сала;
▪️тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым;
▪️агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары;
▪️цифрландыру;
▪️экология.
«2022 жылдың қыркүйегінде Президент аймақтық кадрлар резервін құруды тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін өткен жылы тиісті жарлық бекітілді. Бұл жоба өңірлердегі жастарды қолдауға бағытталған. Бұдан басқа, мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы өзгерістерді ескере отырып, өңірлік кадр резервіне енетін жастар үшін конкурс өткізбей жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының әкімшілік лауазымдарын атқару мүмкіндігі көзделген. Бұл жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетудің тамаша тәсілі. Сондықтан өз күшін сынап көремін деген жастардың барлығына сәттілік тілейміз, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
- 06.02.2024
- 183