- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстау ақсақалдары Қазақстан халқына үндеу арнады
Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов ақсақалдар атынан қазақстандықтарға үндеу жолдады. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен басқа облыстардан келген өңірлік ақсақалдар кеңесінің өкілдері 13 наурыз күні алдымен Амал мерекесіне, кейін республикалық конференцияға қатыспақ, ақсақалдар үндеуді осы шаралардың қарсаңында жариялап отыр, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақсақалдар отбасылық құндылықтарды дәріптеп, еліміздегі бірлікті сақтауға шақырды.
"Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты айқын: еліміздің бірлігін сақтап, дәстүрлерді құрметтеп, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтайық. Жастар-ұлттың болашағы, оларға бағыт-бағдар беріп, тәрбие көрсету керек. Өз құндылықтарымызды жоғалтпай, бәсекеге қабілетті болуға, дамуға қарай ұмтыла отырып, осы жолда бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек", - деп жазылған ақсақалдардың үндеуінде.
2022 жылғы қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің қызметін жолға қоюды және жұмысын жүйелеуді, сондай-ақ олардың мәртебесі мен ықпалын арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау аясында ақсақалдар кеңесінің "Ақсақалдардың аталы сөзі" атты республикалық конференциясы ұйымдастырылды.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, КСРО-ның жеңіл атлетикадан еңбек сіңірген спорт шебері Әмин Тұяқов, сондай-ақ ақын және жазушы Камал Әлпейісова мен Мажарстандағы "Абай" мәдени орталығының төрағасы, Мажарстандағы танымал түркітанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің жесірі Оңайша Мандоки қатысты.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев өз сөзінде жастар арасында патриоттық құндылықтарды қалыптастырудағы ақсақалдардың айрықша өлін атап өтіп, ақсақалдар кеңесінің қоғамдағы маңыздылығын, осы институтты одан әрі дамыту қажеттігін алға тартты.
"Ақсақалдар – қоғамымыздың ажырамас бөлігі, біздің мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді сақтайтын адамдар. Олардың өмірлік тәжірибелері мен даналығы жаңа ұрпақты жақсылыққа бастайды. Олардың тарихқа деген құрметінің арқасында біз бүгін мәдени мұрамызды мақтан тұтамыз. Ақсақалдардың ақыл-кеңесінің арқасында біз ежелгі әдет-ғұрыптарымызды сақтап қана қоймай, оларды еселеп отырмыз. Осы ақсақалдардың арқасында біз тереңде жатқан тарихымыздың тамырын үзбей, балалардың бастауын ластамай, Амал мерекесі сияқты осынау мәні мен мағынасы зор мейрамды тойлап келе жатқанымызды мойындау керек. Сондықтан, дәл бүгін аса қадерлі ақсақалдарымызға ризашылық танытып қана қоймай, сонымен қатар, Амал мерекесін атап өтіп, ортақ тарихымызды, халқымыздың береке-бірлігі мен ұлылығын тағы да еске салатын күн", - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
- 13.03.2024
- 139