- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Қадірлі маңғыстаулықтар, құрметті ағайын!
Баршаңызды бірлік пен ізгіліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесіне айналған Амал мейрамымен шын жүректен құттықтаймын.
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында тойланатын Амал мерекесінің халқымыз үшін орны бөлек.
Амал мерекесі қай кезеңде болмасын еңсесі биік елдіктің, іргесі берік бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болған. Қазақ халқы ақ дастарханын молынан жайып, адал ниетпен бұл күнді үлкен қуанышпен қарсы алған. Елдің тыныштығын, халықтың ынтымағын тілеген. Жаңа ай туып, құлпырған көктемнің арайлы таңы атып, жаңа жыл басы – Амал мерекесі елімізге молшылық пен құт береке ала келеді деп түсінген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрам – ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі»-деп атап өткендей, жыл өткен сайын Амал мерекесі елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, ерекше мәнге ие болуда. Игілікті істерге, бейбітшілікке, бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа шақыратын бұл мерекенің ұлтымыз үшін ұлағаты мол.
Көктемгі жаңарудың, мейірімділік пен татулықтың белгісіне айналған Амал мейрамында айтылған ақжарма тілектер қабыл болсын! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін!
Амалдан амалға аман-есен жетуге жазсын, ардақты ағайын!
Ізгі тілекпен,
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев
- 14.03.2024
- 174