- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстаулық жастар Шерқала, Ақмыш сайы аумақтарында сенбілік ұйымдастырды
Ш. Есенов университетінің студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Киелі мекен» аптасында Шерқала, Ақмыш сайы аумақтарында сенбілік ұйымдастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бес аптаға созылатын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының алғашқы аптасы облысымызда сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, қала бойынша санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Республикалық акцияның екінші аптасы «Киелі мекен» деп аталады. Осы орайда маңғыстаулық жастар Маңғыстаудың көрнекті орындары саналатын Шерқала тауы мен Ақмыш сайын ретке келтіріп, қоқыстарды жинастырды.
Маңғыстау ауданында орналасқан Шерқала тауы - ежелгі жер сілкіністері нәтижесінде пайда болған төрткүл ақ бор тау. Шерқала тауының биіктігі 308 м. Таудың солтүстік бөлігі үздіксіз соққан желдің әсерінен қажалып, өзгеріске ұшыраған. Таудың етегінде төбесіне апаратын үңгір бар. Ал Ақмыш сайы бүгінде қонақтар мен туристердің сүйікті демалыс орнына айналған. Осы орайда белсенділер демалушыларға қоқыстарды жинап кетуін сұрайды.
- Біз «Киелі мекен» апталығы аясында киелі Шерқала, Ақмыш сайы аймақтарына келдік. Маңғыстаудың киелі аймақтарына бару көптен ойымда жүр еді. Міне, осы шара аясында Шерқала тауын да өз көзіммен көрдім. Бұл киелі таудың тарихына қатысты көптеген аңыз әңгімелерді естіген едім. Аңыздардарда соғыстардың бірінде бұл тау түрікмендерге пана болғанын аңыз етіп айтады. Басқа бір аңызда қайбір халықтың батырлары осы жерді өздеріне қамал қылып, жауларымен жолбарысша алысқан дейді. Ең соңғы қалған жауынгерлер Шерқаланың астына жасырынып, мәңгілікке сол жерде қалып қойған дейді. Таудың «Шерқала» – «жолбарыстар қаласы» атануы осы себептен деседі. Бүгін біз осы тарихи орындарды тазалып, табиғатқа өз үлесімізді қостық. Студенттердің барлығы белсенді түрде атсалысты. Еліміздің осындай киелі аймақтарын көзіміздің қарашығындай қорғап, тазалық сақтасақ деген тілек-ниетіміз бар, - деді шараға қатысушы студент Айбек.
Сенбілікті ұйымдастырушылар тарихи орындарға демалып келуші туристер мен қонақтарға табиғатты қорғау мен оны сақтау жайлы ізгі ниетін жеткізді.
- Маңғыстау тарихи орындарға бай, аспан асты мұражай өлкесі. Бұл аймақтарға бұрын демалуға келіп тұратын едік. Өлкемізде туризм саласы жылдан жылға дамып келеді. Әйтсе де бізді демалып келушілердің киелі, тарихи орындарға өз қоқыстарын тастап кетуі алаңдатады. Сондықтан, осындай сенбілік шараларын жиі ұйымдастырып тұруды жөн санаймын, - деді олар.
Айта кетейік, акция аясы 5 аптаға жоспарланған. Алдымыздағы «Жасыл аймақ» аптасында қалада жасыл желектерді көбейту бойынша жұмыстар атқарылады. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасында жас ұрпақты көгалдандыру жұмыстарына баулуға арналады. Акцияның соңғы «Мөлдір бұлақ» аптасында теңіз жағасында тазалық жұмыстары жүргізіледі.
- 17.04.2024
- 166