- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстауды көгалдандыру мәселесін шешу үшін ғалымдар жұмылды
Маңғыстау облысын абаттандырудағы түйіткілді мәселелер шешіліп жатыр. Ол үшін облысқа Ж.Жиембаев атындағы «Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының» мамандары шақырылды. Нұрлан Ноғаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестер аясындағы келісім бойынша Ақтау қаласындағы жасыл желектерді күтіп-баптау мен суаруға жауапты «GreenCityAktau» компаниясының басшылығымен және сарапшылармен кездесті. Олар көгалдандырудың бүгінгі жай-күйін талқылады. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында Маңғыстау облысындағы қалалар мен ауылдарды абаттандыру және көгалдандыру шаралары қаралды.
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев жасыл желектерді суару үшін тазартылған сарқынды суды қайта пайдалану жобасы дайындалып жатқанын хабарлады. Бұл қазіргі су тапшылығын жою мақсатында жасалып отыр.
• Көгалдандыруға қатысты тұрғындар тарапынан айтылған сынды көріп, біліп жүрміз. Олардың қатарында қарастыруды қажет ететін бірнеше факторларға байланысты пікірлер бар. Біріншіден, «GreenCityAktau» компаниясын бау-бақша қызметкерлерімен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, тамшылатып суаруды енгізу жұмыстарын жалғастыру керек. Үшіншіден, су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану механизмін зерделеп, енгізу маңызды. Биыл «Ақбота» саябағы қала балансына өткен, осыған орай ағаштарды суару «GreenCityAktau» компаниясына жүктелген. Суару маусымы басталғанда «Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының» мамандарын Ақтауға шақырдық. Олардан жасыл желектердің саулығын жақсарту, ағаштардың зиянкестері және ауруларымен күресу бойынша ұсыныстар күтеміз, – деді Ұлықбек Тналиев.
«Green City» компаниясы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының сарапшыларымен тығыз байланыста. Көгалдандыру саласындағы, оның ішінде ағаштарға қауіп төндіретін паразиттермен күресу бойынша абаттандырушы компания мен ғалымдар арасында бірігіп келісім жасау жоспарланып отыр.
• Келген сарапшылар – қаламыздағы жасыл желектерді сақтауға көмектесетін бірегей мамандар. Жақында олар бізге құнды ұсыныстар береді. Биыл ауа райы ерте жылынған соң суару маусымы сәуір айының ортасында басталды. Бізде 150-ден астам қызметкер жұмыс істейді, 35 су тасығыш бар, сонымен қатар арнайы техниканы жалға аламыз. Біз ПИК және МИБ компанияларымен келісім-шартқа отырдық, олар ықшам аудандардың ішінде орналасқан ағаштарды суаруға көмектеседі. Біз көгалдандырушылардың жалақысы мен пайдаланылған судың шығындарын өтейміз. Биылғы суару маусымы өнімді болады деген ойдамыз. Егер тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану мүмкін болса, абаттандыру үдерісіне оң әсер етеді деп күтеміз, - дейді «Green City» ЖШС директоры Айбек Ерболеков.
Жасыл желектің жай-күйін сырттай көзбен анықтау әрдайым мүмкін бола бермейді, дейді Ж. Жиембаев атындағы «Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» орман және жасыл желектерді қорғау бөлімінің меңгерушісі Нұржан Мұхамадиев. Сондықтан, бұл үшін арнайы құрылғы - ағаш жасын анықтауға арналған бұрғыны қолдану керек. Онымен ағаштың өзегін бұрғылап, шірік бар-жоғын анықтауға болады.
• Зақымдалған ағаштар да зиянкестердің көбеюіне әсер етеді. Шіріген құрғақ ағаш паразиттер мен жәндіктерді тартады. Мұның барлығы сау жасыл желектерге кері әсерін тигізуі мүмкін. Ағаштарға биологиялық және химиялық препараттарды қолдану арқылы зиянкестермен күрес шараларын жасау қажет. Біз жасыл желектерден әртүрлі зиянкестердің үлгілерін жинап алдық. Алматыға барып, зиянкестерге арнайы зертханада сараптама жүргіземіз. Талдау нәтижесіне сәйкес қала әкімдігіне алдағы уақытта ағаштарды сақтап қалу үшін қандай препараттарды қолдану керектігі туралы ұсыныс береміз. Себебі жасыл желектің маңызы өте зор. Біз келешекте ғылым мен өндіріс саласында бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, – деп атап өтті Ж.Жиембаев атындағы «Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» орман және жасыл желектерді қорғау бөлімінің меңгерушісі Нұржан Мұхамадиев.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жасыл желек мәселесіне облыс орталығында ғана емес, басқа аудандар да ғалымдар тарапынан назар аударуды талап ететінін атап өтті. Маңғыстау облысының әкімі абаттандыру жұмыстары кешенді тәсілді қажет ететінін, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың, жеке компаниялардың, сондай-ақ ПИК мен МИБ қатысуын талап ететінін баса айтты.
• Құрылыс компаниялары жаңа ықшам аудандарда үй салғанда жасыл желектерді отырғызуға мән беретінін байқап отырмыз. Дегенмен, барлық құрылыс компаниялары абаттандыру мәселесіне өз деңгейінде қарамайтынын мойындауымыз керек. Сондықтан түсіндіру жұмыстары жүргізілу керек. Бұған дейін «Таза Қазақстан» науқаны өткен болатын. Бұл науқан қай жерде, қалай өмір сүретінін ойлайтын адамдарды бір ортаға біріктірді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табу керек, – деп сөзін түйіндеді Нұрлан Ноғаев.
- 09.05.2024
- 175