- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстауда «Гауһартас» музыкалық драмасының премьерасы өтті
Маңғыстауда Астана қаласы әкімдігіне қарасты Музыкалық жас көрермен театрының гастрольдік сапары басталды. Елордалық театр Ақтаудағы өнер сапарын «Гауһартас» қойылымынан бастады. Өнерпаздар гастрольдік сапарын Жетібай ауылы мен Жаңаөзен қаласында жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
9 мамырда Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында драматург Дулат Исабековтің повесі бойынша «Гаухартас» музыкалық-драмалық қойылымы сахналанды. Қойылымның қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Қойылым көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесінің сахналық нұсқасы. Шығарма жетпісінші жылдардағы қазақ даласында өмір сүрген қарапайым отбасының оқиғасына негізделген.
Әңгіменің басты кейіпкерлері – қарт шопанның екі ұлы Тастан мен Қайыркен, сондай-ақ Тастанның жары Салтанат деген атпен танымал жас қыз өзінің мейірімділігімен қазақ отбасының өміріне үлкен өзгерістер енгізеді.
«Гауһартас» қойылымында басты рөлдердің бірін қазақтың белгілі театр және кино актері Асылхан Төлепов сомдады. Спектакльдің басқа да жетістіктері көп. Атап айтқанда, «Гауһартас» музыкалық драмасы «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының «Театр өнері» аталымы бойынша «Үздік спектакль» деп танылды. Сондай-ақ, «Жыл актрисасы-2023» номинациясын басты рөлді сомдаушы Инабат Ризабекова жеңіп алды.
«Гаухартас» қойылымы үнемі аншлагпен өтеді. Жалпы қойылымды қазірдің өзінде 100 мыңға жуық көрермен тамашалады. Сондай-ақ қойылым Атырау, Орал, Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларындағы театрлардың сахналарында қойылады. «Абай-Тоғжан», «Гаухартас», «Қоштасқым келмейді», «Шәмші» спектакльдерін көрермен назарына ұсынып, гастрольдік сапарды Жетібай ауылы мен Жаңаөзен қаласында жалғастыруды жоспарлап отырмыз, - деді қойылымның қоюшы-режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының қойылымдары жоғары кәсібилігімен ерекшеленетінін атап өтті. Труппаның туындылары беделді театр фестивальдері мен байқауларына шақырту алуға лайық.
«Гауһартас» повесі ондаған жылдар бұрын жазылғанымен, оның қозғаған тақырыптары бүгін де өзекті болып қалып отыр. Шығарма отбасындағы кикілжіңдерді қозғап, отбасылық құндылықтардың мәнін ашады, сонымен қатар әйелді құрметтеудің маңыздылығын көрсетеді. Аталған қойылымды облыс орталығының тұрғындары ғана емес, Жетібай ауылы мен Жаңаөзен қаласының тұрғындары да тамашалайтынына қуаныштымын. Елімізде театр өнерін насихаттап жүрген бүкіл труппаға, әртістер мен авторларға шығармашылық табыс тілеймін, - деді Нұрлан Ноғаев.
- 10.05.2024
- 178