- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Нұрдәулет Қилыбай республикалық маңызы бар жол бойына кемпинг салуды тапсырды
Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай республикалық маңызы бар жолдардың бойына жолаушылар аялдап демалатын орындар салуды, өңірге қатынайтын әуе рейстерінің санын арттыруды тапсырды. Бұл туралы аймақ басшысы өңірдің көлік және логистика саласының дамуы талқыланған аппараттық отырыста айтты, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта Ақтау әуежайында 24 әуе бағыты бар. Оның ішінде халықаралық 16 рейс және 8 ішкі рейс тұрақты қатынап тұр. Дегенмен бұл туристік аймақтың қажеттілігін өтеуге толық жетпейді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтауға қатынайтын әуе рейстерінің санын арттыруды, теңіз жағажай туризмін дамытуды тапсырды. Осы орайда жауапты басқарма ҚР Көлік министрлігімен бірге жаңа әуе рейстерін іске қосуға жұмыстануы тиіс. Әуе қатынасын күшейту арқылы жолаушылар мен жүк тасымалын арттырып, өңірдің экономикалық дамуына жол ашамыз.
Қазір өңірдегі жол бойында жолаушылар аялдайтын бір де бір орын жоқ. Сондықтан да республикалық маңызы бар автожолдың бойына инвесторлардың көмегімен талапқа сай бірнеше кемпинг салуды қарастырыңыздар. Бұл аймаққа келген туристке де, көлік тізгіндеген жүргізушілер үшін де тиімді болады, - деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Сонымен қатар аймақ басшысы баяулап қалған автомобиль жолдарының құрылысын сынға алып, тездетіп аяқтауды тапсырды. Оған қоса теміржол вокзалын реконструкциялау жобасын әзірлеуді жеделдетуді жүктеді.
- 20.06.2024
- 133