- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстау облысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің көшпелі отырысы өтті
Бүгін, 14 қазан күні Маңғыстау облысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің «Маңғыстау облысының экологиялық, энергетикалық проблемалары мен сумен жабдықтау мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбында алғашқы көшпелі отырысы өтті.
Жиынға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, қала және аудан әкімдері, барлық деңгейдегі жергілікті мәслихат төрағалары мен өңірдегі ірі өндіріс мекемелерінің басшылары қатысты.
Мәжіліс депутаттары Маңғыстау облысындағы экология, энергетика, сумен жабдықтау тақырыбында мәселе көтеріп, баяндама жасады.
Отырыста облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов өңірдегі қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Оның айтуынша облыс бойынша қатты тұрмыстық қалдықтар маселесін шешу мақсатында инвестициялық жоба дайындалуда.
- «Жасыл Даму» АҚ арқылы қайтарымды қаражат шеңберінде бүгінгі күні 1 кезеңнен 3 жоба оң қорытындысын алды.
Аталған жобалардың жүзеге асуы, облыс бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға, қайта өңдеуге, өнім жасауға септігін тигізеді деп жоспарланып отыр.
Аталған жобалар 2025 жылы жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, өңірде қоқыс өртеу зауытын құру тетіктері қарастырылуда. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі қоқыс шығарындыларды есептеу әдістемесін жасақтау үшін білікті сарапшылар мен талдаушыларды тарта отырып, сапалы талдау жүргізу қажет,- деп ұсыныс жасады Ербол Ізбергенов.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Маңғыстау облысындағы экологиялық жағдай туралы мәлімет берді. Ал, Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар, сумен жабдықтау мәселесі бойынша баяндама жасаған Ерболат Ибрайханов климаттық өзгерістер мен суға деген сұраныстың артуы жағдайында су ресурстарын тиімді басқарудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты өңірде бірқатар шаралар қабылданғанын мәлімдеді.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өз сөзінде облыстағы экологиялық мәселелерді шешу бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты.
- Орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы осындай тығыз байланыс орнағаны көңіл қуантады. Бұл бізге өңірдің өзекті экологиялық мәселелерін жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді. Маңғыстауда экологиялық мәселелер бар. Біз экологияға зиян келтіретін факторлардың азаюына ерекше мән беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтеміз. Мұнай-газ өндірісі, қалдықтарды басқару, ауаның ластануы, сумен жабдықтау секілді мәселелер біздің алдымызда тұрған басты сын-тегеуріндер болып отыр. Мәселе шешуде бірлесе жұмыс жасайтынымызға сенемін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде қатысушылар өзекті мәселелерді қызу талқылады.
Комитет төрағасы, депутат Еділ Жаңбыршин жиында айтылған барлық ұсыныстардың жүйелі түрде шешілу үшін үкіметке жолданатынын жеткізді.
Айта кетейік, көшпелі отырыс аясында Мәжіліс депутаттары Маңғыстау облысындағы «Қошқар-Ата» қалдық қоймасы, су тұщыту зауыттары және басқа да бірқатар табиғи және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 15.10.2024
- 24