- Блогтар
- Дарбаев А.К.
Дарбаев А.К.
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы
Тағайындалған мемлекеттік тұрғын үй көмегі рекордтық деңгейге жетті
Тағайындалған мемлекеттік тұрғын үй көмегі рекордтық деңгейге жетті
Тұрғын үй көмегін алу үшін қайда жүгінуге болады?
Қазақстанда көптеген жылдар бойы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған тұрғын үй көмегі жүйесі жұмыс істеп жатыр. Қаржылық қолдаудың бұл шарасы аз қамтылған азаматтардың отбасылық бюджетіне ауыртпалықты азайтуға, тұрғын үйді күтіп ұстауға және коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге байланысты шығындардың бір бөлігін жабуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызмет қызмет алушының тұрақты тіркелген жері бойынша көрсетіледі. Тұрғын үй көмегін алуға өтінішті, егер тіркелген жері бойынша бұл қарастырылған болса, e-Gov порталы арқылы немесе «„Азаматтарға арналған үкімет“ мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-та офлайн беруге болады, бұл қызметтің ыңғайлылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Тұрғын үй көмегі деген не және оны кім ала алатыны туралы толығырақ айтып берейік. Тұрғын үй көмегі — бұл жергілікті бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін мемлекеттік қолдау. Тұрғын үй көмегіне қатысты барлық мәселе «Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрықпен реттеледі.
Мемлекеттік тұрғын үй көмегі өзінің жалғыз баспанасында тұратын және тұрақты тіркелген қазақстандықтарға қолжетімді.
Сондай-ақ көмекті:
• мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жалдаушылар;
• жеке сектордан жергілікті билік органдары берген тұрғынжайды жалдаушылар ала алады.
Тұрғын үй көмегі нені қамтиды? Оған мына өтемақылар кіреді:
• үйді күтіп ұстау шығындары (мысалы, көпқабатты үйдің ортақ бөліктерін басқару және жөндеу);
• коммуналдық қызметтерді төлеу (жылумен, газбен, электрмен, сумен жабдықтау) және телефон үшін абоненттік төлемнің өсуі;
• мемлекеттік немесе жалданатын тұрғын үйді жалдау ақысы.
Тұрғын үй көмегінің мөлшері қалай есептеледі? Көмектің сомасы осы қажеттіліктерге жұмсалатын нақты шығындар мен жергілікті билік белгілеген шекті мән арасындағы айырма ретінде анықталады (алайда, жоғарыда аталған заңға сай отбасы табысының 10%-нан аспайды). Яғни, егер шығындар осы шектен асып кетсе, мемлекет айырмасын өтейді. Сонымен қатар, жергілікті билік органдары жол берілген шығындардың неғұрлым төмен деңгейін белгілей алады. Бұл шешім қосымша қаржылық қиындықтарға тап болған отбасыларға өтемақы мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мына тұсы өте маңызды: бұрын шекті жол берілген шегі отбасының орташа айлық табысының 20%-нан аспайтын. Бұл деңгейді 10%-ға дейін төмендету тұрғын үй көмегінің көлемін ұлғайтуға және оның қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік берген маңызды қадам болды, бұл халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдауға оң әсерін тигізді. Біз мұны кейінірек цифрлармен көрсетеміз.
Тұрғын үй көмегінің тетігі іс жүзінде коммуналдық қызметтердің тарифтерінің өсуіне бейімделген. Шығындар өскен жағдайда тиісті өтемақылар көбейтіледі, бұл халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарынан шыққан отбасылар үшін шығындардың тұрақты деңгейін сақтауға мүмкіндік береді.
Нақтырақ көрсету үшін инфографикада Қазақстан халқы үшін тұрғын үй көмегін есептеуге мысал келтіреміз.
1 / 1
2023 жылы тағайындалған мемлекеттік тұрғын үй көмегінің орташа мөлшері рекордтық 16,3 мың теңгеге жетті — бұл өткен жылмен салыстырғанда бірден 4,6 есе көп. Бұл біз жоғарыда жазған шекті деңгейдің төмендеуіне байланысты. Осылайша, мұндай төмендеу мұқтаж отбасылардың түсімін арттырғаны анық.
Тұрғын үй көмегінің ең көп мөлшері Ұлытау (18,6 мың теңге), Түркістан (10,2 мың теңге) және Жетісу (9,5 мың теңге) облыстарында белгіленді. Тағайындалған мемлекеттік тұрғын үй көмегі сомасының ең елеулі жылдық өсімі Ұлытау (5,1 есе), Қостанай (3,5 есе), Жетісу (2,1 есе) және Түркістан (шамамен 2 есе) облыстарында тіркелді.
Дегенмен, тұрғын үй көмегі тағайындалған отбасылардың саны бірден 28,1%-ға, 20,3 мыңға дейін азайды. Ең елеулі қысқару (бір жылда 70%-80%-ға) Қостанай, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды. Тұрғын үй көмегін алатын отбасылар санының өсуі еліміздің 20 өңірінің 4-еуінде байқалды, ал ең көбі Шымкентте (28,5%-ға, 248 отбасына дейін) және Астанада (26,6%-ға, 672 отбасына дейін) болды.
Мұндай отбасылардың көпшілігі Жамбыл және Қызылорда облыстарында (3,1 мыңнан), сондай-ақ Қарағанды облысында (2,1 мың) тұрады. Мемлекеттік тұрғын үй көмегін алған 1 мыңнан астам отбасы Алматы, Жетісу, Павлодар және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында тұрады.
1 / 1
Соңында мемлекеттік тұрғын үй көмегін алу тетігін қысқаша түсіндіріп өтейік.
Қызметті онлайн алу үшін:
• авторлану және қызметтің парақшасына өту;
• «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу;
• өтінімді толтыру;
• растайтын құжатты қоса тіркеу;
• банктік шотты растау;
• өтінімге ЭЦҚ-мен (электрондық цифрлық қолтаңбамен) қол қою;
• жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде) көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін өтінімді өңдеу туралы хабарламамен танысу қажет.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-да қызмет алу үшін келесі құжаттарды жинау қажет:
• өтініш;
• жеке басты куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);
• отбасының табысын растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);
• жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын ақпаратты қоспағанда);
• балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;
• банктік шот;
• тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шоттар мен ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы мәліметтер;
• коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;
• телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған келісімшарттың көшірмесі;
• жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган ұсынған жалдау ақысының мөлшері туралы шот
- 09.12.2024
- 24