- Блогтар
- Такиев М.Т.
Такиев М.Т.
ҚР Қаржы министрі
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң күшіне енетін болады.
Шартты түрде бұл құжатты 4 үлкен бөлімге бөліп қарастыруға болады: сатып алу рәсімдерін жеңілдету мен қысқарту, мемлекет есебінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, қызмет ұсынушылардың жауапкершілігін күшейту және бәсекелестікті дамыту.
Заңның бірінші бөліміндегі жаңашылдықтар сатып алу процедураларын жеңілдетіп, қысқартуға бағытталған. Мәселен, құжатта шағымдарды қарау тетігі жаңартылып, ҚР Қаржы министрлігінің бақылаушы орган ретіндегі рөлі қайта қаралды.
Сатып алуды жедел өткізу, тапсырыс берушілерге үлкен өкілеттіктер беру мен сатыпалым рәсімдерінің ұзаққа созылуының алдын алу үшін енді шағымдарды сатыпалымды ұйымдастырушының өзі тікелей қарайтын болады. Ал оның қорытындысына шағым түсіру веб-портал арқылы, сондай-ақ конкурстық комиссиямен анықталған жеңімпаздың сатып алуы бойынша ғана жүзеге асырылатынын айта кетейік.
Тиісті рәсімдерді өткізу мерзімдерін қысқарту мақсатында заңда тікелей белгіленген мерзімдер Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының деңгейіне ауыстырылды.
Аталған заңның екінші бөлімі мемлекет есебінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға арналған.
Реформада белгілі бір құрылыс жобасын іске асырудың барлық кезеңінде бір қызмет ұсынушының жауапкершілігін белгілеу арқылы кез келген нысанды салу бойынша кешенді жұмыстардың тетігі болып саналатын «кілтпен тапсыру» тәсілімен келісімшарт жасасу мүмкіндігі қарастырылған.
Заңның үшінші бөлімінде қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін күшейту көзделген. Айталық, мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық мониторингті жүргізу мүмкіндігі беріліп отыр. Бұған қоса осыған дейін сыбайлас жемқорлық жасаған әлеуетті өнім беруші (ұйымның басшысы немесе құрылтайшысының қатысы бар болса) мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды. Сол секілді жалақы бойынша берешегі бар әлеуетті өндірушілер де мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайтынын ескерген жөн.
Аталған құжаттың төртінші бөлімінде бәсекелестікті дамыту қамтылған. Мысалы, Бірыңғай сатып алу платформасының қызметі жолға қойылды. Бұл платформада мемлекеттік әрі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатыпалымдары қолжетімді. Бірінші кезеңде қазіргі сатып алу алаңдары сақталып, сатыпалым бойынша егжей-тегжейлі ақпаратты жинап көрсету үшін интеграция жүргізіледі.
Осы ретте «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң ақпарат ашықтығы мен қолжетімділігі, тапсырыс берушілер мен қызмет көрсетушілердің бәсекелестігін әрі кәсіби құзыретін қамтамасыз ету қағидаттарына негізделгенін айта кеткен орынды. Қысқаша айтсақ, жаңа заңның мәні – тапсырыс берушінің бюджет қаражатын дұрыс және тиімді пайдалану арқылы мемлекеттік қажеттіліктерді қамтамасыз етуде жатыр. Яғни, мемлекеттік сатып алу арқылы қажетті нәтижелер мен тиісті мақсаттардың қаншалықты толық орындалғаны сараланады.
Жоғарыда аталғандай, заңдағы негізгі өзгерістер мемлекет есебінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сонымен қатар сатып алу процесінің мерзімдерін жеңілдетіп, қысқартуды қарастырады. Бұл өңірлерде шағын және орта бизнестің дамуына ықпал ететін болады.
- 12.12.2024
- 18