- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Облыс әкімдігінде Кендірлі курорттық аймағын дамыту мәселесі талқыланды
Бүгін, 17 ақпан күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында «Кендірлі» курорттық демалыс аймағын дамыту мәселесі қаралды. Жиында Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Оның айтуынша, Кендірлі ауылының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен біріктірілген бас жоспарды түзету жұмыстары 2025 жылдың ІІ тоқсанында аяқталады.
Кендірлінің туристік және экономикалық әлеуетін арттыру үшін көлік қатынасын жақсарту мақсатында «Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түркіменстан шекарасы» бағыты бойынша автожолды қайта жаңарту жұмыстары басталады. Жалпы ұзындығы 156 шақырымды құрайтын бұл жол IV техникалық санатқа жатады. Жөндеу жұмыстары аясында жол төсемін нығайту және жаңарту жоспарланған.
Аймаққа қолжетімділікті арттыру үшін Кендірліде жаңа әуежай құрылысы басталды. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, әуежай үшін 599 гектар жер телімі бөлінді. Қазіргі уақытта жоба әзірленуде. Болашақ әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 200 жолаушыны құрап, жылына 30 мыңнан 60 мың жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жобаның сәтті іске асуы өңірге туристер легін арттыруға ықпал етеді.
Кендірлідегі тағы бір маңызды жоба – тәулігіне 50 000 текшеметр су тұшытатын зауыт құрылысы. Кешенді іске қосу 2025 жылдың мамыр айына жоспарланған.
Сондай-ақ, Кендірліден аймақтың тарихи-мәдени орындарына баратын жаңа туристік маршрут әзірленуде.
Курорттық аймақты дамыту аймақ экономикасына да оң әсер етпек. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жылына 600 мыңнан астам отандық және шетелдік турист тарту жоспарланған. Сонымен қатар, бұл бастама 15 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Кендірлі курорттық аймағын дамытуда инфрақұрылымды жетілдірудің маңыздылығын атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстарды күн тәртібінен түсірмеуді тапсырды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кендірлі демалыс аймағын дамыту жұмыстарын жеделдетуді тапсырған болатын. Бүгінгі таңда басты мәселе – инфрақұрылым жүргізу. Одан кейінгі қадам – туристерді тарту. Осы мақсатта барлық шараларды уақтылы әрі сапалы орындаңыздар, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 18.02.2025
- 16