- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
Маңғыстауда көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары талқыланды
18 ақпанда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Маңғыстау облысының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Басқосуда 2025 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде елді мекендер мен автомобиль жолдарын қорғау шаралары, су өткізу құрылыстары мен дренаж жүйелерінің дайындығы пысықталды.
Отырыста облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев өңірдегі республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қорғалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, су тасқынына қарсы шараларға 65 техника жұмылдырылып, 80 тонна бензин мен дизель отынының қоры дайындалды. Сонымен қатар, көлік қызметіне 9 құралым, 200 автокөлік және 300-ге жуық жеке құрам тартылған. Төтенше жағдай қаупі туындаған жағдайда 4 000-нан астам адамды тасымалдауға мүмкіндік бар.
Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Александр Алексеевтың айтуы бойынша өңірдің климаттық ерекшеліктеріне байланысты су тасқыны қаупі төмен. Дегенмен, алдын алу шаралары қазірден басталып кеткенін атап өтті.
- 2025 жылға су тасқынының алдын алу және зардаптарын жою мақсатында 1 800 тоннадан астам инертті материал, 4 200 қап және 150 тоннадан астам жанар-жағармай қоры дайындалды. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде зардап шеккен азаматтарды тамақтандыру үшін 50 келісім жасалды. Қажет болған жағдайда оларды жатын орындармен және жеткілікті көлемде төсек орын жабдықтарымен қамтамасыз етеміз, — деді Александр Алексеев.
Жиын барысында Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов Жармыш ауылынан батысқа қарай 1 шақырым жерде орналасқан «Сарықабақ» гидротехникалық құрылысына күрделі жөндеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл бөгет ауылға жақын таулардан ағатын жауын-шашын, жер асты және бұлақ суларын жинақтауға арналған.
- Жармыш ауылы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бөгетті жаңарту жұмыстары қолға алынды. Қазіргі таңда 17,6 гектар аумақты қамтитын құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарын биыл толықтай бітіруді жоспарлап отырмыз, — деді Ғалымжан Ниязов.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты органдарға көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
- Көктемгі су тасқынының алдын алу – өңіріміз үшін маңызды міндеттердің бірі. Барлық жауапты мекемелер дайындық жұмыстарын күшейтіп, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын қатаң бақылауда ұстауы тиіс, — деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 19.02.2025
- 17