- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
ӨҢІРДІ ӨРКЕНДЕТКЕН ҚАЙРАТКЕРДІҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ
Биыл Мемлекет және қоғам қайраткері Т.Әшімбаевтың туғанына
100 жыл толды. Маңғыстау облысы құрылған тұста алғашқы басшы болған Тұтқабай Әшімбаевтың мерейтойына орай барлық санитарлық талаптар сақтала отырып салтанатты жиын өтті.
Еске алу кешіне облыс әкімі С.Трұмов қоғам қайраткерлері, республикалық жоғарғы оқу орындар бірлестігінің төрағасы, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшановпен жұбайы Аэлита Оңдасынқызы, Тұтқабай Әшімбайұлы Әшімбаевтың ұлы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры Бақтияр Тұтқабайұлымен жұбайы Гүлжан Сабырқызы немересі Бауыржан Бақтиярұлы және Т.Әшімбайұлымен әр кезеңдерде қызметтес болған еңбек ардагерлері қатысты.
Т.Әшімбайұлы 1973 жылы жаңадан құрылып жатқан Маңғыстау облысына жетекшілік етуге арнайы тапсырмамен келеді. Аймақты басқарған жеті жыл ішінде қай саланы болмасын тиісті деңгейге көтеріп, ел экономикасы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға нәтижелі жұмыс жасады. Оның кезінде «Бозашының үш алыбы» атанған Қаламқас, Қаражанбас, Солтүстік Бозашы мұнай кенорындарын игеру басталды. 1970 жылдардың соңына қарай облыс республика бойынша өндірілген мұнайдың 81 пайызын, газдың 96 пайызын және минералды тыңайтқыштың жартысынан астамын өндірді. Қаламқас-Ақтау мұнай құбыры және Жетібай-Ақтау газ құбыры тартылды. Қазақ газ өңдеу зауытының бірінші кезегі, БН-350 атом реакторы іске қосылды. 1980 жылдың қаңтарында Ақтау портынан Қаламқас мұнайы тиелген алғашқы мұнай танкері теңіз жолымен жөнелтілді.
Салтанатты шараны ашып берген облыс басшысы С.Трұмов жиналғандарды бүгінгі айтулы мерекемен құттықтап Т.Әшімбайұлының басшылық еткен жылдары түбекте шашырап жатқан үлкенді-кішілі елді мекен тұрғындары бір мақсат жолында тілек пен білек біріктірген қабырғалы елге айналғаны жөнінде айтты.
«Т.Әшімбайұлы облысқа басшылық жасаған жылдары атқарылған істердің бәрін санап шығу мүмкін емес. Ауыл мен ауылдың, қала мен ауылдың арасындағы сүрлеулер сара жолдарға айналып, бір-біріне жақындады, бір-бірінен кәсіпке, мақсаткерлікке үйренді. Бұл жылдар - Маңғыстаудың жер асты байлығын игерудің бір арнаға түсіп, болашағында республика бюджетіне донор болып құйылуының бастауы еді! Бұл жылдар – «Аспан астындағы мұражай» атанған Маңғыстаудың мәдени-рухани мұраларының ұлттың рухани қазынасына қосылып, байыта түсуінің де бастауы еді!»- деді С.Трұмов.
Сондай-ақ, жиын барысында Қазақстанның Құрметті журналисі Карин Ғани Меңтайұлының құрастыруымен жарық көрген «Тұтқабай Әшімбаев» атты естеліктер жинағының салтанатты тұсаукесері өтті.
Маңғыстау облысының тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың өмір жолы таныстыра отырып, еңбегін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау жұмыстары аймақтағы білім ордалары мен кітапханаларда жалғасатын болады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- 02.03.2021
- 292