- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Бурабайдың жаңа келбеті: Шучье–Бурабай аймағы туризмнің тұрақты өсім аймағына айналуда
Шучье–Бурабай курорттық аймағы еліміздің ғана емес, бүкіл Ақмола өңірінің басты туристік орталығы ретінде өзінің позициясын нығайтып келеді. Өткен жылы бұл аймаққа келген туристер саны 1 миллион адамға дейін өсіп, көрсетілетін қызмет көлемі 30 пайызға артып, 21,5 миллиард теңгеге жетті. Бұл нәтижелердің негізгі үлесін дәстүрлі түрде Бурабай курорты қамтамасыз етуде.
Аймақтағы туризмнің қарқынды дамуына инвестициялық белсенділік те үлкен серпін беріп отыр. Соңғы жылдары бұл салаға құйылған инвестиция көлемі 29,5 миллиард теңгеге жетті. Бұл рекордтық көрсеткіштердің бірі.
Туризмге деген қызығушылықтың артуына байланысты Үкімет 2025–2029 жылдарға арналған Шучье–Бурабай аймағын дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Құжат 118 іс-шараны қамтып, 137 миллиард теңгеден астам инвестиция тартуды көздейді. Жоспардың негізгі бағыты жаңа туристік локацияларды дамыту. Соның ішінде Ақбура курорты, Қатаркөл және Жүкей көлдеріндегі демалыс аймақтары бар. Бұл нысандар Бурабайға түсетін жүктемені азайтып, бүкіл өңірдің туризм әлеуетін кеңейтпек.
Қазірдің өзінде аймақта ауқымды инфрақұрылым жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. 2025 жылы Шучье қаласында ондаған шақырым инженерлік желілер мен жолдар салынады. Бұған қоса, көп жылдардан бері алғаш рет дендрологиялық саябақты жаңғырту басталды. Бұл ерекше табиғи нысан толық абаттандырылған соң, өңірдің жаңа жасыл нысанына айналмақ. Сонымен қатар, сакралды нысандарға баратын туристік бағыттар әзірленуде, жағажайлар, скверлер, бақылау алаңдары салынуда. Мұның бәрі жаңа туристік форматтарға негіз қалайды.
Инфрақұрылыммен қатар, орналастыру орындарының саны да артып келеді.
2025 жылы Шучье көлінің жағасында бутик отель, Шучье қаласында кеңейтілген демалыс аймағы, жаңартылған Altay Resort қонақ үйі және Қатаркөл көлінің маңында жаңа коттедждер пайдалануға беріледі. Бұл жобаларға салынған инвестиция көлемі шамамен 3 миллиард теңге. Сонымен қатар, халықаралық Hilton және Wyndham брендтерімен ірі жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, аквапаркі мен виллалары бар Dolce by Wyndham кешенінің құны 11,8 миллиард теңге.
Цифрландыру мен қауіпсіздік мәселесіне де айрықша назар аударылған. Биыл курорттық аймақта 79 ақылды бейнебақылау камерасы орнатылады, ал жаз мезгілінде тікұшақ экскурсиялары іске қосылады. Көлік логистикасы да дамып келеді. Әуе рейстері субсидияланады, теміржол вокзалы жаңғыртылып, кірме жолдар салынуда. Бұдан бөлек, аймақта сегіз электромобильге арналған қуаттау станциясын орнату көзделіп отыр. Бұл экотуризмге бетбұрыстың бір көрінісі.
Экологиялық мәселелер де назардан тыс қалмаған. Бурабай ауданында биыл қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы басталады. Бұл тек қалдықтарды бөліп жинауға ғана емес, қайта өңдеу мен жасыл кәсіпкерлікті дамытуға жол ашады.
Жаңа туристік нысандар, ауқымды инвестициялар, заманауи инфрақұрылым және кәсіпкерлікті қолдау мұның бәрі Шучье–Бурабай аймағын еліміздегі тұрақты туризмнің тартымды орталығына айналдырып отыр. Бурабай жай ғана демалыс орны емес, бұл дамудың, жаңа идеялар мен ұзақ мерзімді табыстың аймағы.
- 06.05.2025
- 15