- Блогтар
- Ахметжанов М.М.
Ахметжанов М.М.
Ақмола облысының әкiмi
Ақмола облысында ерлік көрсеткендер ұлықталды
Ақмола облысында Отан қорғаушылар күні мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 33 жыл толуына арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Бұл күні өңірдің әскери қызметшілері марапатталып, олардың еңбегі мен ерліктері ерекше атап өтілді.
Облыс орталығында және бірқатар аудандарда еліміздің басты әскери парады мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасының тікелей трансляциясы ұйымдастырылды.
Әскери қызметшілерге арналған құттықтау сөзінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов барша азаматты мерекемен құттықтап, әр Отан қорғаушысының еңбегінің маңызына айрықша тоқталды:
«Отан қорғаушылар күні – ерлік пен батылдықтың, отаншылдықтың нышаны. Ел тәуелсіздігін күзетіп, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін қызмет етіп жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз. Ақмола облысында әскери қызметшілер мен ардагерлерді қолдауға, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді. Батырларды қадірлеу – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді өңір басшысы.
Қызмет барысында ерекше көзге түскен әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жиырмадан астам азаматтың еңбегі еленді.
Марапатталғандардың қатарында – Степногорск қаласындағы «Мақсат» колледжінің студенті Иван Мизин де бар. Биыл сәуір айында ол өртке оранған бос ғимараттан екі баланы аман алып шығып, ерлік көрсетті. Бұл әрекеті үшін облыс әкімінің Алғыс хатына және естелік сыйлыққа ие болды.
«Менің орнымда кез келген адам солай істер еді деп ойлаймын. Сол сәтте қорқуға уақыт болмады, басты ойым балаларды аман алып қалу еді. Бір-бірімізге көмектесу – әр азаматтың парызы. Облыс әкімінің алғысын алу мен үшін үлкен мәртебе болды», – деп әсерімен бөлісті Иван Мизин.
Сондай-ақ, өрт сөндіру және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде кәсіби біліктілік пен батылдық танытқан Төтенше жағдайлар департаментінің 8 қызметкері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік бағдарлама «Ерлік – елге мұра» атты патриоттық рухтағы театрландырылған концертпен қорытындыланды.
Айта кетейік, бұл күні облыстың барлық ауданында мерекелік шаралар өтті. Көкшетау қаласында жеңіл атлетикалық жарыс ұйымдастырылып, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар ұжымдары Отан қорғаушылар күніне арналған эстафетаға белсенді қатысты.
- 07.05.2025
- 15