- Блогтар
- Қилыбай Н.И.
Қилыбай Н.И.
Маңғыстау облысының әкімі
МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАР ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ КИІМІ КҮНІН АТАП ӨТТІ
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» мақаласында айтылған Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын әзірлеу және көктем мерекесінің мазмұнын байыту туралы тапсырмасына сәйкес, биылғы жылы Маңғыстау облысында Наурыз мерекесін атап өтудің бір айлық жоспары жасалып, тұжырымдамасы бекітілді.
Облыстық тұжырымдамаға сәйкес, наурыз айының әр күніне атау қойылып, тақырыпқа сай іс-шаралар ұйымдастырылуда.
1 наурыз - Алғыс айту күні
2 наурыз – Жастар күні
3 наурыз – Ұрпақ сабақтастығы күні аталып өтті.
Наурыздың 4-і - Қазақтың ұлттық киімі күні болып беліленді
Ата-бабаларымыздан мұра болып жеткен асыл қазыналарымыздың бірі - ою-өрнекті ұлттық киім кию – эстетикалық сән ғана емес, халқымыздың мол тағылымды ұлағатын, өнегелі тәлім-тәрбиесін, бай ұлттық болмысымызды насихаттау болып табылады.
Бұл идеяны облыс жұртшылығы жылы қабылдап, көпшіліктен қолдау тапты. Бүгін облыстағы барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, үкіметтік емес ұйымдар, этно-мәдени орталықтар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, жастар барлығы ұлттық киімдер киіп жүрді. Мұғалім, тәрбиеші, дәрігер, есепшісі бар, көпшілік түгел кестеленген, оюланған бешпет, қамзолдарымен жұмыста жүр. Осылайша бейресми мереке жүзеге асты. Бұл әрине дәстүрге деген құрмет.
Ата дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Маңғыстау өңірінің жұртшылығы үшін ұлттық киімді киіп жүру таңсық емес. Той-жиындарда әжелер, аналар, қыз-келіншектер қажекей, қамзолын тастамайды. Десек те салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды дәріптеу мақсатында ұлттық киім күні аталып өтті.
Бұл күні Ә.Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде және «Отпан» мекемесінде «Сән үлгісі – көркем мінез» ұлттық киімдер шеруі өтті.
Ұлтымыздың киімін танымал етуге өңірдегі дизайнерлер мен қолөнер шеберлері де үлес қосып келеді. Соңғы жылдары ұлттық киім тігетін тігін шеберханаларының саны артқан. Олар ұмыт бола бастаған ұлттық киімдерімізді қайта жаңғыртып, жаңаша үлгіде тігуде. Маңғыстаулық шеберлердің өніміне еліміздің өзге өңірлерінен де, шет мемлекеттерден де сұраныс артуда.
Азаматқа айбат, қызға көрік беретін ұлттық киімдерді барша халық кисе, жарасып-ақ кетер еді. Маңғыстаулықтардың бастамасы челлендж ретінде өзге өңірлерге жолданды.
- 05.03.2021
- 206